Қарағанды

Балабақша кезегі азаяды

    Балабақша кезегіне тұру өзекті мәселеге айналғаны қашан?! Әсіресе, Қарағанды шаһарының тұрғындары осы мәселенің шешілуін асыға күткен-тін. Биыл балабақша кезегін «сарғайып» күтетіндердің қатары азаятын болды.

Бұл туралы қаладағы балабақшалар директорлары қатысқан жиында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары И.Любарская мәлімдеді.

Жалпы, Қарағандыда 104 балабақша болса, оның ішінде 42-сі – мемлекеттік, 19-ы – шағын орталық және 43-і – жекеменшік балабақша. Осы 43 балабақшаның 41-іне мемлекеттік тапсырыс ұйымдастырылған. Ел баласын балабақшаға орналастырғысы келеді. Бірақ, кезек мәселесі алдынан көлбеңдеп шығады. Осы мәселе енді толығымен шешіліп, қалалық әкімдік тарапынан бақылауға алынады. Ата-ананың «egov» электронды порталына кезекке тұруы арқылы балабақша кезегі толығымен шешілмек.

Әлия БАЗАРБАЙ,

қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі бас маманы:

Бүгінгі таңда облысымызда мектепке дейінгі балаларды балабақшаға орналастыру жөнінде жаңа мемлекеттік стандарт енгізіліп отыр. Бұл электронды жүйе арқылы балаларды балабақшаға тіркеу және жолдама алу бойынша жүреді. Ата-ана телефонның көмегімен электрондық жүйеге тіркеліп, кейін хабарлама келеді. Сол арқылы баланы балабақшаға тіркейді.

Сондай-ақ, жүйе бойынша әрбір ата-ана балабақшаны өзі таңдау мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда мемлекеттік және жекеменшік балабақшаның төлемақысы бірдей екенін ескерсек, жекеменшік және мемлекеттік шағын орталықтардың барлығы осы электрондық жүйеге енгізілген. Жүйеде балабақша жөнінде мәліметтер және суреттер көрсетіледі. Қажетті құжаттар он күн аралығында қабылданады.

Балабақшалар директорларының айтуынша, бұрын баласын тезірек балабақшаға беру үшін пара ұсынатын ата-аналардың бар екеніне шағымданатын. Енді электронды жүйеге көшу сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін жағдайларға тосқауыл қояды. Әрбір ата-ана үйде отырып-ақ, баласын кезекке тұрғызып, жолдама алады.

Айта кеткен жөн, балаларды топтағанда, алдымен, кезекте мүгедек болып табылатындардың балалары, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ, әскери қызметшілердің балалары кезекке алынады.

Алдағы уақытта жүйе бойынша облыстық білім басқармасының басшылығымен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жезқазған, Теміртау қалаларында жүйе жұмысын бастаса, қаламызда қаңтар айының соңында толығымен жүзеге асады.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button