Жаңалықтар

Байыпты басқосу, байрақты бәсеке

18-19 сәуір күндері Қаржы министрлігі қазынашылық қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, өңіраралық семинар және спартакиада ұйымдастырылды. Шара Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде көрініс тапты.

Екі күнге созылған шара мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында ұжымдық тәжірибе алмасуды, өңірлер арасындағы қарым-қатынасты нығайту және саламатты өмір салтын насихаттау.

Семинарға Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының департамент өкілдері, оның ішінде, 14 құрылымдық бөлім басшылары мен 17 аумақтық басқарма басшылары арнайы келіп қатысты.

– Биыл қазынашылық қызметінің құрылғанына – 25 жыл. Бұл – қазынашылық жүйесін нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегімізді қорытындылайтын сәт. Осы уақыт аралығында Қазақстан қазынашылығы дамудың ұзақ әрі күрделі жолынан өтіп, еліміздің бюджеттік жүйесінің маңызды бір бөлігі ретінде қалыптасты. Қыруар жұмыстар атқарылып, қаржы жүйесін жақсарту мен нығайту барысында бірқатар реформалар жүргізілуде. Халықаралық валюта қорының әдістемесіне негізделген бюджеттік сыныптама әзірленді. Бірыңғай қазынашылық шоты ашылды. Осы ауқымды әрі экономикалық маңызы зор шараларға аймақтарда құрылған органдар жұмылып, белсене қатысып келеді, – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Мұхтар Төлегенұлы.

Сондай-ақ, «Қазынашылық: өткені, бүгіні мен келешегі» атты дөңгелек үстел аясында Қаржы министрлігінің жергілікті жерлердегі бухгалтерияларын орталықтандыру туралы, ҚР Қазынашылық жүйесін дамыту тетіктері сынды өзекті мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар, әр өңірден келген қаржыгерлер шағын футбол, үстел теннисі және волейбол сынды спорт түрлерінен өзара бақ сынады. Нәтижесінде, жалпы ұпаймен Шығыс Қазақстан облысы I-орын, Павлодар облысы II-орын, Қарағанды облысы III-орын еншіледі. Жеңімпаздарға грамоталар мен медальдар табысталды.

Шара соңында меймандар Долинка кентіндегі «ҚарЛаг» мұражайымен танысты.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button