Жаңалықтар

Бабалар арманы орындалған күн

Тәуелсіздік – бостандық үшін күрескен боздақтардың ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке. Бабалардың сан ғасырлық арманына айналған азаттыққа қол жеткізгенімізге 27 жылдың жүзі болды. Тарих үшін тым қысқа уақыт. Әйтсе де, осы күнге дейін толайым табыстарға жетіп, әлем таныған елге айналдық. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында Мәңгілік Ел болудың бірегей қадамы жасалды. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» сынды бағдарламалық мақалаларының аясында ұлт руханиятын жаңғырту жолындағы ауқымды жұмыстар қолға алынды. Бұл – Тәуелсіздік жемісі.

Тарихқа зер салсаңыз, осы күнге дейін әлемнің саяси картасы сан алуан өзгеріске түскенін көреміз. Ежелгі Тұран империясының мұрагеріне айналған Қазақ елі жаугершілік кезеңді
бастан өткеріп, торға қамалған құстай азаттығынан айырылып қалған еді. Десек те, бостандық жолындағы күрес толастамады. Кешегі Алашорда арыстарының сара жолын жалғастырған қазақ жастары 1986 жылдың желтоқсан айында іштегі жалынды сыртқа шығарып, алып империяның шынайы бет-бейнесін ашып берді. Арқаны қарыған аязға, қарулы жасақтың қатыгездігіне қарсы тұра білген жастардың тегеуріні қызыл империяның шаңырағын шайқалтып, іргетасына сына болып қағылды. Көп кешікпей, 1991 жылы КСРО ыдырап, қираған жұрттың орнында 15 мемлекет жауқазындай бүр жарды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін жариялаған тұста әлем бізге үрейлі көзбен қарады. Олар қолында ядролық қаруы бар, сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілі тұратын мемлекет өз алдына дербес отау құруы келешекте геосаяси тұрақсыздық алаңына айналуынан қорықты. Жұрт қазақ даласында азамат соғысы өріс алып, бейберекетсіздік орнайды деп күтті. Бірақ, Елбасымыздың сындарлы саясаты өз жемісін беріп, әлемге ұлтаралық татулық пен достық салтанат құрған, тұрақты дамудың жолына түскен, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде танылдық. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемде баламасы жоқ институт ретінде тарихқа енді.
Біз дәл қазір аңыз-әңгімелерде айтылатын «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Лайым солай болғай!
Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын, ағайын!

Жанар КЕНЖЕҒАЛИЕВА,
Қарағанды облысы Қазақстан xалқы Ассамблеясы
Аналар кеңесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button