Бағлан Жарылқасынұлы: «Біз – халыққа қызмет етуге міндеттіміз!»
Көлікпен тасымалдауды қамтамасыз етудің экономикалық және әлеуметтік, сондай-ақ, мемлекеттер арасында тікелей байланыс орнататын саяси орны ерекше. «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңына сәйкес көліктегі ішкі істер органдары – арнаулы әрі күрделі және көп функционалды жүйе. Оған жүктелетін міндет зор. Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғап, жүзеге асыру, құқық бұзушылықпен, қылмыспен күрес, көліктегі қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді жауапкершілік бұл салаға да тән. Қарағанды аумағы – республикамыздағы экономикасы өркенді, өндіріс ошақтары көп, күрделі аймақтың бірі. Осыған байланысты бұл өңірдегі әр сала өзіне айрықша назар аударуды қажет етеді. Соның бірі – көліктегі ішкі істер органдарының желілік полиция жүйесі. Біз Көліктегі полиция департаментіне қарасты Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бағлан Жарылқасынұлын әңгімеге тартқан едік.
– Еліміздегі ішкі істер органдарының келелі бір жүйесін құрайтын Қазақстан Республикасындағы көліктегі ішкі істер органдарының құқықтық жағдайы осы жылдарда толық жаңарды деуге негіз бар ма?
– Қазақстан Республикасы көліктегі ішкі істер органдарының жүйесі – айтарлықтай нақтыланған ұйымдық құрылым. Оның міндеттері, қызметтері, құзыреттері, соның ішінде, іс жүргізуі мен өкілеттіктері соңғы жылдары түбегейлі жаңарды. Сол арқылы қоғамдық қатынастарға толықтай сәйкес келеді.
Желілік полиция жүйесі тұрғысында сөз етер болсақ, бұл полицияға құқықты қамтамасыз етілуі тиіс 151 мың 44 шақырымнан астам қашықтыққа созылған теміржол желісі қарасты. Онда 300-ден астам бекет және теміржол вокзалдары орналасқан. Республика бойынша күніне 222 жүк, жолаушыларды тасымалдайтын 36 халықаралық дәрежедегі тасымалдаушы пойыз жүреді екен. Бұл болса, көліктің қалыпты қызмет жасауын қамтамасыз етуде көліктегі ішкі істер органдары міндетінің ауқымды және күрделі екенін көрсетеді. Теміржол бойында да ауыр және өзгенің мүлкін тонау қылмыстары, әкімшілік құқық бұзушылықтар орын алатынын жасырмауымыз қажет. Көлік нысандарындағы лаңкестік, экстремизм және есірткі трафиктері секілді қоғамға жат құбылыстардың алдын алу – міндет. Адамдар мен барлық технологиялық циклдің қауіпсіздігі, тасылмалдайтын жүктің сақталуында құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмау, ашу, жолын кесу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Мұндағы мақсат – көлік қызметін қолданатын адамдар мен азаматтардың конституциялық құқықтарын және еркіндіктерін сақтау. Жеке және мүліктік қол сұғылмаушылықтарды қамтамасыз ете отырып, көлік нысандарындағы өзгенің мүлкін қорғау. Сырттай қараған қарапайым адамдарға бұл қызмет оңай көрінері кәдік. Бірақ іс жүзінде ондай емес. Егер желілік полиция жүйесінде қылмыстар азайып жатса, онда біздің де үлесіміздің болғаны. Негізгі өлшем – құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмау.
– Бұл органның жұмысын шетелдегімен салыстырсақ, өзгешеліктер бар ма?
– Оларда қоғам басқа, өмір сүру қалыптары бізден өзгеше. Алдымен шетелде көліктік полицияның біздің елдегіге тән емес қызметтерді атқаратынын атап айтқан жөн. Мысалы, Ұлыбритания, ГФР теміржол полициясы қызметіне вокзалмен байланысты автомобиль жол қозғалысын реттеу жатады. АҚШ-та Нью-Йорк полиция департаментінің жағажай тұрағы сушаңғысы спортымен айналысу тәртібін реттейді. Грекияның кемежай полициясы теңіз туризмімен байланысты мәселелермен айналысады. Ұлыбританияның кемежай полициясы олар арқылы өтетін жүктердің, ең алдымен отқа қауіпті және жарылғыштардың тәртібі мен жылдам өтуін қадағалайды. Өзгешелік пен айырмашылықтар баршылық.
– Полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Десек те, полицейлер туралы жағымды сөз айтатындар әлеуметтік желіде кемде-кем. Неге олай? Сізше полицей кім?
– Әдетте, қым-қуыт тіршілікте табанының бүрі жоқ полицейді жолдан тайдыратын тосын жайттар көп кездеседі. Соларға бой алдырмас үшін оның бойында үлкен адамдық негіздердің болуын талап етеді. Адамдық негіздер дегеніміз – бойдағы құпия сақталып тұратын аса бір нәзік, аса бір жойқын, зияткерлік, этикалық, эстетикалық, тәжірибелік, тапқыр да талғампаз, албырт та асқаралы күш. Қызметкер осыны сезініп, түсініп, толғанып, ізденіп, алмағайып қызметінде өзінің төл әрекетіне пайдаланады. Әйтсе де мұндай ерекше қасиет, өзгеше өрелілік тек көпті көрген, көргенін көкейінде өріп-түйген, көп оқыған, оқығанын тоқыған, қол жеткізгеніне мақтанбаған, арамдық ойлап ластанбаған, байлық пен дүмше дәулетке белшесінен батпаған, кіршіксіз таза, өрен де өршіл ой иесінің ғана қолынан келмек. Олар, бейнелеп айтқанда, тіршіліктің тас диірменінде әбден тартылған, ысылған адамдар. Бұлар ішкі істер органдарында асып жығылады. Тек айтыла бермейді. Көп әрекеті көпшіліктен жабық. Тілшілердің көпшілігі олар туралы қалам тарта бермейді. Тергеу амалдардың құпиясын біле бермегендіктен, көптің жетегінде кетіп жататыны сол себепті.
– Қазір ішкі істер органдарына да реформаның жалыны тиді. Ең негізгілері деп нені айтар едіңіз?
– Елімізде қолға алынған полиция реформасының негізгі мақсаты – азаматтар құқығын, қоғам және мемлекет мүддесін шынайы құқықтық тұрғыдан қорғауға бағытталған жаңа полиция келбетін қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұртқа жақын полиция» қағидатының жүйелі іске асуына баса мән беруі тегін емес. Халықпен ашық диалог орнату арқылы баянды байланыс қалыптаспақ. Ел Президентінің: «Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет» деуі тегін емес. Жүргізіліп жатқан реформаның көздейтіні – халықтың сенімін тудыратындай полицияның имиджін, қызметкерінің жаңа бейнесін қалыптастыру.
– Сөз соңында не айтар едіңіз?
– Жалпы, құқықтық, демократиялық қоғамдағы заңды қорғаушы қызметкер моральдық һәм ұстанымдық жағынан өзге сала қызметшілерінен оқ бойы озық тұруы тиіс. Өйткені құқық бұзушылық орын алғанда, халықпен алдымен етене араласатын – полицейлер. Кәсіби маман болып қалыптасу үшін көптеген жылдар керек. Негізі, полиция қызметкерiнiң қоғамдағы жат, келеңсiз әрекеттерден биік тұрғанын, заңдық ұстанымы берік, мәдениетінің жоғарылығымен өзгеге өнеге көрсетiп, кәсібиліктің эталонына айналғанын қалайтынымыз жасырын емес.
Әдетте, желілік полиция қызметкерінің әрекеті үш арнадан тоғыс табады. Алғашқысы – құқық бұзушылықты анықтауда нені және қандай түрде, қандай тәртіппен жүргізетінін жүйелейтін – процессуалдық нормалар. Екіншісі – қылмыстың ізін суытпай ашу, кінәліні анықтау мақсатындағы тактикалық амал-тәсілдер жиынтығынан тұратын – тактикалық әдістер. Ал үшіншісі – әдептілік, ол әлеуметтік мораль талаптарынан туындайды. Желілік полицей бірінсіз-бірі жоқ осы үш тоқтамды негізге алып, өзінің тікелей атқарып отырған қызметін баянды етеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»