Бақұл болыңыз, аға!

Бақтыбай Аманжолов тұлпар талант иесі еді.

Арқалы ақын еді.

Алдымыздағы ақылшы ағамыз еді.

Тағдыр теперішін молынан тартып, ноқтаға басы сыймай өтті.

Біз жазиралы Жаңаарқа ауданының қатар жатқан екі ауылынан едік.

Мен Атасу теміржол стансасынан, ол Өркендеу ауылынан болатын.

Ауылдың мектебінде оқып жүргенімде облыстық «Жезқазған туы» мен аудандық «Жаңаарқа» газеттерінде Бақтыбай Аманжоловтың отты жырлары жиі жарияланып тұратын.

Жүрген аз ба аспанды аласа үй деп,
Жарты бақыт – жар құшу, бала сүймек.
Қалдырмайтын қайраңда қанатым-ау,
Безбүйректер барады табасы илеп, – деп келетін Бақтыбай ақынның отты да шоқты жырларын газет бетінен құмарта оқитын е дік.

Ағаның осындай өміршең өлеңдерін бала кезімнен қызыға оқып, атына сырттай жақсы таныс болып өстім. Ал өзімен студент кезімде таныстым. Бірден жанына жақын тартып, туған інісіндей көріп кетті.

Оның Қызмет, Ізтілеу деген інілерімен көңіліміз жарасқан дос болдық. Ал Қымбат пен Қарақат Əбілдина қарындастарын қазақ халқы жақсы біледі.

Бақтыбай аға бүгін өзінің атақонысы – Жаңаарқаның Бесмаршал жайлауындағы бабалар қорымында Жер бесігіне жатады.

Топырағыңыз торқа болсын, Аға!

Өзіңіз өмірден өтсеңіз де, артыңызда сөзіңіз қалды.

Жасын жырларыңыз қалды.

Бақұл болыңыз, Аға!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.