Жаңалықтар

Бағаны тұрақтандыру: жаңа механизм мәселені шеше ме?

Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтар табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсайды екен. Соңғы жылдары елде ЖІӨ бірнеше есе өскеніне қарамастан, қазақстандықтардың кем дегенде 40%-ы азық-түлік сатып алуға отбасы бюджетінің 59%-ын жұмсайды. Яғни, еңбекақының өсу деңгейі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне төтеп бере алмай тұр. Үкімет те әлеуметтік маңызы бар деген азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру туралы айтудай-ақ айтуда. Республикалық деңгейде де, өңірлерде де азық-түлік себетіне кіретін өнімдердің бағасын тұрақтандыру тетіктері қайта қаралып, жаңа түрлері енгізілуде. Облыстық Қоғамдық кеңес те халық көкейіндегі осы мәселені шешуге ат салысуда.

Қоғамдық кеңестің заңдылық, адам құқықтары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясы Қарағанды облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидаларын қайта қарады. Аталған комиссия төрағасы Данара Смайыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру Үкімет үшін де, жергілікті билік үшін де басты міндет екенін айтады.

– Бұрын заңдар 5-8 жылға дейін қабылдана беретін. Ал, қазіргі уақыт ағыны жылдам, өзгерістер көп, олар өз маңызын тез жоғалтуы мүмкін. Сондықтан, кез келген құқықтық-нормативтік актінің өзектілігі екі жыл сайын қаралуы керек. Аталған қағида 2019 жылы бекітілген. Мен басшылық ететін комиссия құжатқа қатысты ескертулер жасады, – дейді Данара Смайыл.

Данара Кенжеқызы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді сатып алу кезінде басымдық әуелі облыстың фермерлері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілеріне берілу қажеттігін көрсетті.

– Комиссия төрағасы ретінде сатып алу әуелі өз өңірімізден жасалып, кейін басқа аймақтардан әкелінуі туралы мәселе көтердім. Маған сараптамаға келген ережеде құр сатып алу деп қана көрсетілген. Бұл Қазақстанның кез келген жерінен сатып алуға болады деген сөз. Мұндай жағдайда біз басқа өңірде тапшылық тудыруымыз мүмкін. Ал, өз шаруаларымыздың өнімі қоймаларда шіріп жатуы ықтимал, – дейді ол.

Бұл ретте ол басқа мәселенің шетін шығарды. Данара Кенжеқызының айтуынша, бүгінде аймақтағы ауыл шаруашылғы өнімдерін өндірушілер түсім алып, оны өткізетін қыс, көктем кездерінде өнімдерін сақтайтын жер таппайды.

– Өнім сақтайтын орындар арнайы жабдықталған болуы керек. Барлық фермерлерде ондай мүмкіндіктер жоқ, – деді ол.

Барлық сатып алу шараларын арнайы мамандандырылған ұйым жүргізеді. Ол да Үкімет қаулысымен бектілген. Бізде бұл – «Сарыарқа» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ. Бюджет қаражаты «Сарыарқа» ӘКК беріледі, ұйым азық-түлікті сатып алып, кейін сауда үйлеріне, әлеуметтік павильондарға жіберіп отырады. Қандай да бір азық-түлік жетіспей жатса, оны да «Сарыарқа» ӘКК шешуі тиіс.

– Бюджет есебінен бөлініп отырған азық-түлік түрлерінің бағасы әр жерде әртүрлі екені рас. Соны реттеудің механизмі жоқ. Әлеуметтік павильондар мен келісім жасалған сауда үйлеріне жіберілетін өнім бағасы бірдей болуы керек. Сонымен қатар, сауда үйлеріне тауарға үстеме ақы қосу мөлшері де анықталмаған. Олардың үстеме қосатыны белгілі, ол – кәсіпкерлік әдіс. Дегенмен, ол 30%-дан не 20%- дан аспауы тиіс деп анықталуы керек, – деп санайды Данара Смайыл.

Мұның алдында комиссия мүшелері Қарағанды және Теміртау қалаларының сауда үйлері мен әлеуметтік павильондарын аралап шығыпты. Бағадағы айырмашылық туралы Қарағанды облысының сауда департаментіне жіберген.

– Иә, ұйымның порталында қазір біраз ақпарат бар. Дегенмен, облыс тұрғындарының әлеуметтік азықтүлік бағасының қай жерде қанша екенін айта алатын не телефон номері, не телеграмм бот жоқ. Мемлекет басшысы айтқандай, тыңдайтын мемлекет болудың орнына кері байланыс орнатудан қашады. Кері байланыс – жасалған жұмыстың нәтижесін, кемшілігі болса, жетілдіре түсуге негіз болатын ақпарат. Ақпаратты айтып, бірақ, оның діттеген адамға жеткенін, оның түсінген-түсінбегенін, оның нәтижесін білмейміз деген сөз, – дейді спикер.

Дегенмен, Данара Смайыл әуелі аймақтық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден сатып алу, бізде болмаса, не бағасы қымбат болса, өзге өңірлерден алу туралы ұсынысы ауыл шаруашылығы басқармасынан қолдау таппағанын айтты.

– Қазіргі уақытта бұрын болмаған механизм қолға алынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге ең төменгі мөлшерлемемен несие береді. Ол да мамандандырылған ұйым арқылы, яғни, «Сарыарқа» ӘКК арқылы жүзеге асады. Бұл бұрын-соңды болмаған механизм. Бұған дейін беріліп келген субсидия тегін, пайызсыз, қайтарымсыз берілген қаражат болса, несие, бірақ, мөлшерлемесі төмен. Жақсы бастама, дегенмен, мұнда да мәселе бар, – дейді Д.Смайыл.

Мысалы, қант өндірушіге несие береді, ол қант жеткізіп береді. Механизмнің қалай реттелетіні туралы ақпарат жоқ.

– Яғни, «Сарыарқа» ӘКК қаражат береді, бірақ онда бақылау жоқ, – деп түсіндірді Данара Кенжеқызы. – Ол корпорация берілген қаражатты қаншалықты орынды қолданды? Басқа бизнесіне салып жібермеді ме? Ешкім жауап бере алмайды. Міндеттемесін орындамаса не болады? Жарайды, сотқа жүгінерміз, бірақ, ол уақытта нарық қажетін кім толтырады? Тағы да тапшылық орнауы мүмкін ғой. Бізде жыл сайын сәуірде – пасхада, жазда консервілеу кезінде тапшылық болғаны аздай, бағасы да шарықтап кететіні белгілі.

Оның айтуынша, мамандандырылған ұйымда бақылау мүмкіндігі жоқ.

– Мәселен, екінші деңгейлі банктер несие бергенде, олар заңды тұлғаның кез келген сатып алуларын, аударымдарын, барлық операциясын көріп отырады. Өзінің барлық активтеріне Ұлттық банк алдында есеп беретін банктердің бергені қандай, ешқандай қадағалау мүмкіндігі жоқ «Сарыарқа» ӘКК бергені қандай? Бұл жерде әңгіме бірнеше миллионда емес. Жүздеген миллион теңге алатын кәсіпорындар бар. Комиссия қарастырды, бірқатар ескертулер енгізді. Оның біріншісі, бағдарламаға жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қатысуы. Иә, қант бізде өндірілмейді, оны басқа облыстан сатып аламыз. Бірақ, басқа өнім түрлері бар ғой. Одан бөлек, несие алуға өтініш беру кезіндегі максималды сома қалай анықталатыны туралы ақпарат жоқ. Неге біз біреуге 100 млн. теңге береміз де, басқасына 5 млн. теңге береміз? Жарайды, кепілге қоятын мүлкіне қарай делік, басқа критерийлер ше? Банк несие бергенде оның барлық қаржылық жағдайын тексереді ғой, басқа банктер алдындағы берешегі, айналымы, ал, «Сарыарқа» ӘККда ондай мәлімет жоқ. Бүгінде бұл шара бастау алды, бірақ, біз ескертулер жасадық, – деді комиссия төрағасы.

Бағдарламаға фермерлердің, ауыл шаруашылығы өнімдері мен тауарларын өндірушілер қатысуы үшін ақпараттандыруды күшейту керек.

Сонымен қатар, мұндай минималды қарыз сомасы әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлерін қайта өңдеушілерге де беріледі. Нан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер қатарына енеді. Сәйкесінше, ұн шығару компаниялары осы қарызды алуға өтініш бере алады.

– Өтініш демекші, арнайы комиссияның өтініштерді қарау, шешім қабылдау мерзімі айқындалмаған. Ал, шаруаға бұл қаражат қазір керек шығар. Бұл жағы да айқындалмаған. Жазда қоғамдық кеңес бұл мәселеге қайта айналып соғатын шығар. Көптеген басқармалармен сөйлескенде, «бұрын қоғамдық кеңес еш ескертусіз қорытынды беруші еді», «құқықтық сараптамамен мәселе болмаушы еді» дегенді естіп жүрмін. Бірақ, бұл – мен үшін көрсеткіш. Егер біз негізделген қорытынды берсек, келіспеушілер болса, пікір туындаса, біз дұрыс келе жатырмыз деген сөз, – дейді ол.

Жансая ОМАРБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button