Мәселе

Баға, қайда барасың?

Тамыз туса болды, ата-ана «баламды қалай киіндірем?» деп безек қағады. Ауылдағы ағайын қорадағы малын саудаласа, қаладағылар жиған-тергенін шығарады. Одан қала берді базардағылар да әккіленген. Оқу жылы таяған шақта, баға үстіне баға қосып, тауар құнын шарықтатады кеп. Онымен қоймай пандемия салдарынан болған елдегі қымбатшылық және бар. Білім және ғылым министрі мектеп формасын киюді міндеттемесе де, қарапайым классикалық киім бағасы аспандап тұр. Ал, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайын ойлап жатқан кім бар? Жаңа оқу жылы қарсаңында қара базардағы оқу құралдарының бағасына арнайы шолу жасаған едік…

Қыздар киетін классикалық ақ жейденің бағасы – 3500 теңгеден басталып, 15 мыңға дейін барады.

Ұлдардың костюм шалбары сапасына қарай 12 мыңнан 34 мыңның аралығы.

Оқуға қажетті канцелярлық құралдың барлығы – 10 мың теңге.

Ал, дүкендегі бағалар әрдайым қымбат екендігі белгілі. Қарапайым канцелярлық тауардың өзіне бағалар қосылып сатылады.

Қара базардағы 15 теңгелік дәптер, дүкенде – 50 теңге.

Оқуға қажетті канцелярлық құралдың бағасы – 10 мың теңгеден асып кетеді.

Барлығы: Қызыңызды оқу-құралдарымен қоса, бастан-аяқ киіндіру үшін – 50-70 мың теңге, ал, ұлыңды киіндіру үшін – 70-100 мың теңге аралығында қаражат жұмсайсыз.

Мадина ҚАСЫМОВА, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Менің үш балам бар. Екеуі бастауыш сыныпта оқиды. Бір баламды киіндіруге шамамен 50 мың теңге жұмсадым. Барлық заттарды алдық. Дүкендерге қарағанда базардағы бағалар әжептәуір төмен.

Салтанат ЖҰМАБЕКОВА, қала тұрғыны:

– Үш баламды киіндіруге 120 мың теңгемен келіп едім. Үшеуіне костюм, әрқайсына туфли, кроссовки алдым. Аяқ киімнің өзі – 15 мың. Канцелярлық тауар алуға қаражатым жетпей қалды. Бір баланы киіндіруге 100 мыңдай ақша кетеді. Қазір барлық нәрсе қымбаттап кетті.

Асылбек СҮЛЕЙМЕНОВ, мұғалім:

– Классикалық үлгідегі киімдердің психологиялық деңгейде кері әсер ететін тұстары да бар. Жастар танымал адамдарға еліктегіш келеді, сол себепті киім үлгісін де олар сияқты түрлендіріп киюге тырысады. Бұндай көріністер осы оқу жылында да қылаң беруі мүмкін. Бай баласы мен жарлы баласының арасында айырмашылық туындап, психологиялық санаға соққы беруі әбден мүмкін. Ал, мектеп формасы өз кезегінде еліктеуден сақтандырып, ата-аналардың қалтасына салмақ сала қоймайды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button