Жаңалықтар

Арқа баспасөзінің ақберені

Таланттың мәңгілік ғұмыры – насихатталуы мен дәріптелуіне тәуелді. Әйт­песе, Алматыда оқығаны болмаса, бар ғұмыры орталықтан шалғайда өтіп, Кеңес дәуіріндегі көркемдік кеңес талқысынан бірнеше кітабы сүрінбей жарық көрген ауыл қаламгері Бұқпа Әшімовтің ұмытылатын жөні жоқ еді. Бұл не деген самарқаулық?!

Жасыратыны жоқ, осы жолы да қажырлы қаламгердің ғасырлық мерейтойы ойымызға келмепті. Ұрпақтары есімізге салмаса, тағы елеусіз қалар ма еді?..

Сонымен, Бұқпа Әшімов кім?

Ол – осы төңіректе үш бірдей басылымға бас редактор болған көсемсөз шебері. Өндіріс тақырыбын, еңбек адамының қажыр-қайратын көркем туындыға өзек еткен қабырғалы қаламгер. КСРО Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сан қырлы талант иесі. Әдебиетке өлеңмен келген. Тырнақалды туындысы 1939 жылы небары 15 жасында біздің «Орталық Қазақстан» (ол кезде «Советтік Қарағанды») газетінде жарияланған екен. Домбыра, мандолин аспаптарында шебер ойнаған өнерпаз. Ақындар айтысына да түскен.

Суреттер жазушының отбасылық мұрағатынан

Парткомның батасы

…Кейіпкеріміздің шығармашылық шеберлігі мен қаламгерлік қуатына тоқталмас бұрын, оқырман үшін оның ресми өмір-дерегі қызықты боларын ескерейік.

Бұқпа Әшімов 1924 жылы Ақмола уезі, Асанқайғы ауданының (қазіргі Жаңаарқа ауданы) 5-ауылында дүниеге келген. 1941 жылы аудан орталығындағы қазақ орта мектебінің (бүгінгі Оразалы Жұмабеков атындағы тірек мектебі) сегізінші сыныбын үздік бітірсе де, оқуын жалғас­тыруға мүмкіндік болмайды. Батыстан соғыс өрті тұтанған сұрапыл сәт. Болашақ қаламгер де ел қатарлы буынып-түйініп, ФЗО-ға аттанады.

Ер азамат атаулы – майданда. Ауылдың малын қарасирақ бала мен шал-кемпір бағып, қаладағы зауыт-шахталарда қыз-келіншектер жұмыс істеп жүр. ФЗО-ның курсанттары да Қарағанды шахталарына жіберіледі. Бұқпа әкеміз де еңбек жолын Қарағанды көмір шахтасында бастаған.

Шахтада жүріп жазу-сызуын тастамайды. Өндіріс көрсеткіштері туралы жедел хабарлары «Қарағандыкөмір» тресінің көптиражды «Шахтер» басылымында тұрақты жарияланып жүр. Бір күні ауысымнан жер бетіне шығып, күндік норма тақтасынан газетке жолдайтын кезекті хабарына ақпарат жазып алып тұрған жерінен шахтаның парторгы шақырып жатыр деген хабар алады. Учаске бастығы егде тартқан орыс ұлтының азаматы еді. Мұның жанына жетіп келіп:

– Ашимов, тебя парторг зовет, – деді. Орыс тілін толық меңгеріп үлгермеген ауыл баласы ғой, әйтеуір, «парторг» дегенін түсініп қалды. Трес партия ұйымының хатшысына газетке дайындалып жатқан материалдары бойынша жиі барып тұратын. Бозбала кеншінің шығармашылық әлеуетін жоғары бағалайтын зиялы кісі еді. Тағы да кезекті тапсырма бойынша шақырған болар деп, хатшы кабинетіне қарай құстай ұшқан.

Мүлде басқа ұсыныспен шақырыпты.

– О, тілші бала, кел. Жоғары отыр, – деп, хатшы үстеліне жақын тұрған орындықты нұсқады. Жағдайын сұрап, бүгінгі кен өндіру нормаларының қалай орындалғанына қызығушылық танытып жатыр.

– Біздің әр күнгі орындалған жоспарымыз – жауға атылған оқпен тең. Жоспар орындалмаса, забойдан жер бетіне шық­қым келмейді, – деді бозбала кенші.

– Жарайсың, Әшімов! Осы біздің кеншілердің жанқиярлық еңбегі лайықты насихатталып жатқан жоқ. Жедел хабарды сен ғана белсенді жазып жүрсің. «Шахтер» газетінің редакциясы сен секілді жас тілшілердің ақпаратын ғана жариялаумен шектелуде. Сол жердің жұмысын жүйелі үйлестіруге біз сені лайықты көріп отыр­мыз. Қалай ойлайсың? Редактор болғың келмей ме? – деп, мәселені төтесінен қойды. Мұның жауабы:

– Жаспын ғой әлі. Осылай жаза берейін де, – дегеннен аспады. Бірақ, Отан үшін отқа түсуге дайын болу керек деген талап деңгейінде мұндай ұсыныс талқылауға жатпайтынын да жақсы біледі. Үнсіздік ұзаққа созылған жоқ. Партком хатшысы:

– Сен болашақта үлкен жазушы боласың! Қаламыңның желі бар. Сенен үлкен үміт күтеміз. Ал, сәттілік серігің болсын! – деп, бала тілшінің келісімін күтпестен, шешім қабылдап жіберген сыңай танытты.

Сөйтіп, 16 жасар бала кенші, бала тілші «Шахтер» газетінің жауапты редакторы болып шыға келген.

Кезекті номерді талқылау

Тәйкімановтың тәрбиесі

1945 жыл. Кеңес Әскері жауды тықсыра қуып, ел аумағын түгелдей фашизм шеңгелінен азат еткен. Еуропа құрлығындағы одақтас елдерде кескілескен ұрыс жүріп жатыр. Жау әскерінің соңғы жанталасы. Қорқау Гитлердің өз апанында талқандалар күні де жақын қалған. Он сегіз жасқа толған күні Бұқпа да майданға сұранған. Алайда, рұқсат бермеді. Тылдағы еңбек майданының тынысына айналған газет жұмысы тоқтауға тиіс емес. Идеологияға қатты мән берген жүйенің талабы – осы. Тіпті, бұл майдан даласында әскери тілші болуға сұранған. Ол өтініші де қанағаттандырылмады. Арнау­лы білімі жоқтығын айтып, газетте қызмет етуге мүмкіндігі шектеулі екенін алға тартты. Болмады.

Осы жылы облыстық «Советтік Қарағанды» газетіне шақырылды. Басылымның жауапты редакторы (ол кезде бас редакторлық лауазым осылай аталатын) Бейсенғали Тәйкімановтың қарамағында әдеби қызметкер болып, талабын да, қаламын да шыңдады.

Осы мақаланы дайындау барысында газеттің қырқыншы жылдардағы тігіндісін ақтардым. Бұқпа Әшімов өндірте жазған екен. Бір аңғарғаным, жиырмадан енді асқан жас тілші сол заманның қасаң стиліне жата қоймапты. 30-40 жолдық қысқа хабарының өзінен шұрайлы тіл, көркем тіркес менмұндалап тұр.

«Бесжылдық екпіндісі» айдарымен берілген «Жылқышы Смағұл» атты қысқа ғана суреттемесін оқып шыққанда, мақала емес, өлең оқығандай әсерге бөлендім.

«Сары өзеннің жағасы ну, суы бал екенін алалы жылқыны аралағанда аңғардық. Анық апта жайылған мал шәйлап қалады десем, артық болмас» деп, желдірте бастаған суреттемесі «Осы бір тамылжыған табиғат аясында еркін көсіле шыққан әдемі ән әлем астын тыңдатқандай әсерге бөледі» деп түйінделеді. Арасында «Жылқыны қыстың қытымыр аязында бұқпай, ақ түтек боранда ықпай, қараңғыда адаспай жол табатын адам ғана бағады. Ал, жазда, әсіресе, көк шығып, көкек шақырғанда шыбын-шіркей көбейеді де, шідерлі жылқыдан көз жазып қаласың» деп, бір қайырады. Кейіпкері – Жаңаарқа ауданы, Ленин колхозының қарт жылқышысы Смағұл. Фамилиясы да айтылмайды. Кейіпкердің тегін атамау автордың кемшілігі ме, әлде, «Пәленше Түгеншеев» деп қайталай беру жазған дүниемді ресмилендіріп жібереді деген өзіндік мәнері ме? Оны Бұқпа атамыздың өзі ғана біледі.

Соғыс жылдарында да өткір сын, өтімді фельетон жазыпты. Тылдағы еңбек майдан даласындағы жанталастан кем болған жоқ. Осылайша жалпылама ұрандатқанымызбен, Отан тағдыры талқыға түскен сындарлы сәтте шаруаға қырсыздық танытқандар болғанын қалай бүркемелеп қалуға болады? Бірақ, сол заманда Сталиннің қаһарынан қаймыққандар мұндай кемшіліктерге көзжұмбайлықпен қарап, олқылықтарды газет бетінде жариялауға шектеу қойған деседі аға буын өкілдері. Неге? Соғыс жүріп жатқанда солқылдақтық танытқандарға Сталин кешіріммен қарай алмаған. Мұндай кәсіпорынның басшысы атылып, қосшысы айдалғаны туралы мысал аз емес. Бұқпа Әшімов соған қарамай, сынды ашық жазып, мәселені өткір көтерген екен. Сталиндік жүйенің қаһарынан қаймықпай, тілші жазған өткір сынды тайсалмай жариялап жіберген Тәйкімановтың ерлігін айтыңыз. Бейсенғали ұстазынан алғаны болар, кейін өзі де аудандық газет редакторы болған тұста газеттің өткірлігіне көп мән берді.

Мәселен, газеттің 1945 жылғы 25 нау­рыздағы санында қаламгердің «Жалқаулық па, әлде, жауапсыздық па?» деген сын мақаласы жарияланыпты. Автор «Сталин­уголь» тресіне қарасты №1 шахтаның бірнеше ай қатарынан жоспар орындамаған жосықсыз кемшілігін өткір сынайды. Оның үстіне, бұл шахта домна пештеріне арналған кокстелген көмір өндіреді. Қазақстанда өндірілген майданға қажетті металдың барлығы домна пештерінде балқытылып, қорытылатынын ескерсек, майданға жөнелтілетін қаншама оқ кеміді екен деген сұраққа еріксіз шырмаласың… Жас журналист осы олқылықты дөп басып, мәселені көлденең қояды.

Қайсарлық, өткірлік Бұқпа Әшімов­тің бойына аты аңызға айналған редактор Тәйкімановтың тәрбиесі екен. Қазақ баспасөзінің қара нары Бейсенғали Тәйкіманов туралы, ол кісінің батылдығы жайында жиі айтып, үнемі еске алып отыратынын Бұқпа әкеміздің замандастары жазған естеліктерден кездестіруге болады.

«Бұқпа ағамыз – «Орталық Қазақстан» газетін ұзақ жыл басқарған айтулы редактор Тәйкімановтың мектебінде шыңдалған қаламгер. Қазіргі қалам ұстағандардың дені «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» деп жүр ғой. Ал, Шерағаңның өзі Тәйкімановтың тәлімін көрген», – дегенді ақын Сайлаухан Нәкеновтен де естіген едім. Марқұм Сайлаухан аға Бұқпа Әшімов туралы көп айтатын. Ол кісінің қайсарлығы, бірбеткейлігі, ақиқатшылдығы туралы Сайлаухан ағадан көп естідім. Екеуінің достық сыйластығы ғажап еді…

Әшімов әлемінің әттеген-айы

Қайсар қаламгер Бұқпа атамыздың көзін көрдім. Бұл да тағдырымның мың бақыты шығар, бәлкім. Газетке мектепте оқып жүрген шағымда үйірсек болдым да, аудандық «Жаңаарқа» газетінің редакциясына жиі бас сұғамын. Ол кездегі «Жаңаарқа» газеті енді ғана қалам ұстаған біздер үшін «Қазақ әдебиеті» газетімен пара-пар еді. Аттарын газеттен оқып жүретін Арқа руханиятының абызы саналған Асан Жұмаділдин, адуынды ақындар Хамит Жаманов, Қалиакпар Әбілдин, Марал Хасенов, Еркін Игенберлин, шежіреші, тіл жанашыры Хамит Дәрібаев, парасатты публицист Ұзақбай Мұқышев, фототілші Қашқынбай Сейсекеевтің, бүгінгі кейіпкерім Бұқпа Әшімовтің нұрлы жүзін осы редакцияда көрдім. Осы «мүйізі – қарағайдай» қаламгерлердің дені – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері.

Осы ағалар мектеп ретінде қалыптастырған «Жаңаарқа» газетінің игі дәстүрін кейінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Менің алғашқы шимай-шатпақтарыма қол қойған редактор Ұзақбай ағадан кейін газет тізгінін ұстаған Амантай Нығатайұлы, Атымтай Оспанов, Күлше Оспанова, Дүйсенбай Жұмасейітов, Бақтияр Көшмағанбетов, бүгінгі редактор Салтанат Ералина ағалар дәстүрі мен аманатына қиянат жасаған жоқ.

Тек қана көркем әдебиетке көшелі көркемдігімен келіп, әр жылдары «Қаражал», «Тауда туған ән», «Барлаушы хикаясы», «Жәйрем» атты толымды жинақтарымен әдеби ортаны елең еткізген қаламгер Бұқпа Әшімовтің лайықты дәріптелмей жүргені қынжылтады. Ақтоғай аудандық партия комитетінде хатшы, Жаңаарқа аудандық мәдениет бөлімінде басшы, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Жаңаарқа ауданы бойынша меншікті тілшісі, аудандық «Жаңаарқа» газетінің, Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінің бас редакторы, Жезқазған облыс­тық «Жезқазған туы» газетінің Жаңаарқа ауданы бойынша меншікті тілшісі болған талантты қаламгердің асыл қазынасы ескерусіз қалып келеді.

Жазушының жауһар дүниелері көркемдігі жағынан көш соңында қалған жоқ. Әсіресе, «Қаражал» повесі мен «Жәйрем» романы біздің өңірдегі екі алып өндірістің барлау жұмыстарынан бастап, қалыптасу, өрлеу кезеңдерін толық қамтыған, еңбек адамдарының қажырлы еңбегін айшықты бейнелеген толымды еңбек. Тіпті, Жәйрем өндірісіне ғасыр ғұламасы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен өткен ғасырдың 50-60-ыншы жылдарында барлау жұмыстары жүргізіліп, 70-ші жылдарда игерілді дегенімізбен, Бұқпа Әшімов оның тарихын тым әріден бастайды. Романда Сәкен Сейфуллин туралы бұрын ешқайда жарияланбаған тың деректердің кездесуі шығарма құндылығын арттырып тұрса да, біз елемей келген екенбіз. Кезінде бағаланып, қазақ әдебиеті классиктерінің оң пікірін алған асыл қазына бізге неге қажет болмай қалды?

Жазушы шығармаларының түпкі идеясы коммунистік идеология талаптарымен жымдасып жатқанымен, автордың көркемдік шеберлігі, шұрайлы тіл, кестелі ойы қазақтікі екенін ескеретін уақыт жетті. Олай болса, қаламгер мұрасын қайта саралап, ғылыми айналымға түсіру – біздің парыз.

Қаламгердің ғасырлық тойы қарсаңында ұрпақтарының бастамасымен, Жаңаарқа ауданы әкімдігінің қолдауы­мен ұйымдастырылып отырған ғылыми-тәжірибелік конференция осы түйткілдердің түйінін тарқатар деген үміттеміз.

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button