Руханият

Арқа аспанында ән қалықтаған күн

Арқа аспанында ән қалықтады. Кеншілер мәдениет сарайында кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайдың жалғасы болған Ержан Базарбеков ердің жасы елуге аяқ басуына орай жеке концертін берді. «Әніме бір басайын Алтыбасар» деп айдарланған кеште ине шаншар орын болмады. Өмірі өнермен өрілген Арқа жұрты дауысы қозы көш жерден жететін даланың дарындарына тағы бір тамсанып, тағы бір таңданысты. Өнердің мәңгілік екеніне ел шүбәсіз сеніп, Тәңір таңдайына ғаламат дауыс сыйлаған таланттарына риясыз ризашылығын білдірді осы кеште. Кешке облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысып, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді.

Сурет автордан

Дүлдүл әншінің мерейін тасытып, мәртебесін асырмаққа елімізге танымал тұлғалар да осы арадан табылды. Ұстазы, Қазақстанның Халық артисі Қайрат Байбосынов бастаған Елмұра Жанаберген, Гүлмира Сарина, Айгүл Қосанова қос­таған көмейіне бұлбұл ұя салған дәстүрлі әншілер кеш көркін қыздырды.

Арнайы ат арытып келгендердің көш басында Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев, ақиық ақын Серік Ақсұңқарұлы, өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов бар. Ағалары ақжарма тілектерін арнап, сахнада әнші бауырларының астына ат мінгізіп жатты. Елорда жұртының жүрекжарды лебізін ала келген Аманжол Әлтаев Ержан Наурызбайұлының ұлтына, жеріне деген сүйіспеншілігін тілге тиек етіп, сахна төрінде оның әншілік феномені туралы сөз қозғады.

Ал, Ұстазы Қайрат Байбосынов Ержанның кемеліне келген, кәсіби әншілігі туралы пікір білдірді. Өнерлі әулеттен шыққан Ержанның әнші болмауға хақысы да жоқ еді. Бала күнінен ұстаз тұтқан тұлғасы Қайрат Байбосыновтың батасын алып, өнерге қызмет етуге бел буғаннан бері ұстазының ұлағатын естен әсте бір сәтке шығарып көрмеген. Ұстазын төбесіне көтеріп сыйлайтын тәлімді шәкірт ретінде Ержан Наурызбайұлы көп алдында Қайрат Байбосыновтың иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Ол «Бұл қазақтың дәстүрлі ән өнеріне деген сыйы» дейді.

– Дәстүрлі ән деп жүрген жанның біріміз. Бізге келіп жеткен мың дәстүрлі ән болса, оның алғысы Сейфолланың Сәкеніне. Неге десеңіз, Затаевичке сол әндерді ақысын беріп, жидырған осы Сәкен Сейфуллин еді. Ал, сол әндердің 500-ге жуығын бүгінге дейін шырқап жинаған Қайрат Байбосынов ағамыз. Қайрат Байбосыновтан асып ән салған, одан асып ән зерттеген жан жоқ. Сондықтан астына ат мінгізіп, иығына шапан жапқаным. Жеке басқа табыну, не Қайрат Байбосыновты ұлықтау емес, бұл қазақтың дәстүрлі ән өнеріне деген сыйы деп біледі деп ойлаймын жұртшылық, – деді Ержан Базарбеков.

Айтылған жылы лебіздер толассыз. Өнерге жақындар жиналған жарқын кеште сөз алған филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов Иманақтың бауырын әнге бөлеген Ержанның салға тән сән-болмысын тілге тиек етті.

– Сонау Иманақтың бауырын әнге бөлеп, Сәкен туған мекенді қайта жандандырғандардың бірі осы Ержан. Келбеті мен мінезі, ұлттық өнерге деген адалдығы бәрі-бәрі сол сал-серілер әлемінің жұрнағы екенінің айғағы. Репертуарындағы баритон дауыспен айтатын әндерінің барлығы Ержанды қайталанбас тұлға етуге жетіп-ақ жатыр. Бұл оның тек әншілік, өнерпаздық қыры. Ал, інілігі, бауырмалдылығы – ол бөлек әлем, – деді Қойлыбай Асанов.

Бұқарасы ән баласының өнеріне ұйығаны сонша күнделікті күйбең тірлік пен ұялы телефондар жайына қалғандай. Осы сәтте сахна төріне кеш қонағы күйші Мадияр Сүлейменов Тоқа Шоңмаңұлының «Бастау қосбасарын» шертіп, тыңдарман қауымды ерекше әсерге бөледі.

Расында, әншілік оның ішінде, дәстүрлі ән қанмен берілсе керек. Ержандай тұлғаның қызы Ырыс­ты Ержанқызы да өнерден қара жаяу емес екенін көрсетті. Ол Ақан серінің «Балқадишасын» орындап, көпшіліктің көзайымына айналды. Қаршадай қыздың өнерге ынтасын жиылған жұрт «әкеден» десті. Сонымен қатар, әншінің туған жері Жаңаарқаның ыстық ықыласты сәлемін аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин жеткізіп, әншіге ат мінгізді. Атажұрттан келген сол бір сәлемде алты қыр асырып, сал-серіні жиып, бас қостырған Ержан Базарбековке Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы атағын бергенде, тіпті, де жарасар еді… Десек те, Ержан Наурызбайұлының атағы мен абыройы ұлықтаудан кем де, кенде де емес шығар. Ұлан-асыр тойына алты атырап жиылып, алты бұлақ құйылғаны көптің аузында.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button