Рухани жаңғыру

Бөкетовтің биігі

Адамзат баласы қоныстанып отырған жер бетінде қаншама жаннат мекеннің бар екендігін әр адам жақсы біледі. Сол жер бетінің әр түкпіріндегі жаннат мекендердің әрқайсысы шежірелі тарихымен, байлығымен, тылсым табиғатымен ерекшеленеді емес пе?! Біріншісі – айшылық алыс шөлдерімен, екіншісі – аспанмен таласқан асқар тауларымен, үшіншісі – айдын көлдерімен, қатпар-қатпар белдерімен, төртіншісі – мүлгіген қара ормандарымен, өсімдігі ұйыса бітіскен шалғынды аймақтарымен, бесіншісі көбік шашқан бұйра жал асау көлдерімен, оған қоса, түрлі кұстарымен, аңдарымен ерекшеленіп, бірінен-бірі өткен сұлулығы жаныңызды рахатқа бөлейді.

Әрине, сол ғажап сұлулықтың барлығы да адам баласының ақыл-ойының, еңбегінің ізі екендігі белгілі. Көкке құлаш ұрған пирамидалар, мыңдаған шақырымға шектей созылған тас қорғандар, қайнаған тіршіліктің алып ұясы сияқты қалалар, сан түспен құбылып бөлінген далалар, тамырдай таралған жолдар, көздің жауын алатын керемет ғимараттар, адамның қиялында ғана болған ғылым жаңалықтары – бәрі-бәрі адамзат құдіретінің ақыл-ойымен, маңдай терімен пайда болған ғажайыптар.

Өзіндік шежірелі тарихымен, өзіне ғана тән бітім-болмысымен ерекшеленетін, уақытпен бірге жаңғырып-жаңарып келе жатқан қазақ халқының киелі жері, құтты мекенінің бірі – Сарыарқа төсінде орналасқан Қарағанды қаласында да 1972 жылы ұлы уақиға болды.

Еліміздің екінші университеті – Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысымен 1972 жылдың 1 наурызында ресми түрде дүниеге келді. Осынау оқиғаны Орталық Қазақстан ғана емес, бүкіл республика жұртшылығы зор қуанышпен қарсы алды. Өйткені, университеттің ашылуы Орталық Қазакстан, сондай-ақ, республикамыздың терістік, батыс аймақтары үшін көптен күткен іс еді.

Жалпы, университеттің ашылуы қай уақытта, қай елде болмасын орасан зор оқиға болып саналған. Өйткені, бұндай оқу орны еліміздің келешегі – жас жеткіншектерімізге жоғары дәрежелі мамандық беріп қана қоймайды, сонымен бірге, адам баласының жетістіктерін тал бойына жинақтап, ілгері дамытушы ұлттың мәдени орталығы болып есептелген.

Мемлекетіміздегі екінші университеттің тура Қарағандыда ашылуы, әрине, кездейсоқтық емес еді. Сол кезде Қарағанды облысы республикамызда береке-байлығымен ғана емес, ғылым-білімі талапқа сай, өркен жайған өлкенің бірі еді.

Сол уақыттағы республикамыздың қырық шақты жоғары оқу орындарының алтауы Қарағанды қаласында орналасқан. Қаладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу және жобалау институттарында мыңға тарта ғалымдар еңбек ететін. Қарағанды университетінің дәл бүгінгідей шарықтап өсуіне әуелде Ебекең бастап берген дәстүр кепіл болғанын мен білемін, айдай әлем біледі. Әсіресе, кішкене ғана, ортаңқол институттан университетке айналған шақта, бүкіл ұжымға біреу міней, біреу сынай қараған шақта биліктің басында еліміздің ардақ тұтқан абзал азаматтарының бірі – аса ірі ғалым, ұйымдастырушы, қаламгер, академик Ебіней Бөкетовтей бедел иесінің тұрғаны – бақытымыз екен. Ебіней Арыстанұлының жеке басының абырой-айбары жоқтан бар жасады, барды – берекелі, азды – көп етті.

Университеті бар ел – озық ел, ал, бірнеше университеті бар ел тіпті, озық болуы шарт”, – деп отыратын ағамыз. Ол «университет» ұғымына Отанды өрге сүйрейтін білімдар, болашақтың іргесін бүгіннен қалайтын ұлтжанды, зиялы қауым ордасы, ғылым-білімге құштар, ақ жүректі, адал ниетті жастардың талабына тілеулес адал ұстаздар бас қосқан қасиетті отау деп қарайтын. Осыны әр кез бәріміздің көкірегімізге қондырып, өз ісімен көрсетіп отыратын. Университет дәрежесіне сай білім беру үшін, осы заманғы озық лабораториялар мен оқулық құралдар іздеуден жалыққан емес. Сол жолда оқытушы мамандарды көптеген ірі қалаларға, білім ошақтарына жұмсайтын. Сол сапарларда мен де болдым. Бір байқағаным – біздің Ебекеңді елдің ірі университетінің ректорларының көбі жақсы танып сыйлайтын. Қарағанды университеті қаз тұра бастаған алғашқы жылдардың өзінде-ақ Ебекеңнің арқасында бүкіл Кеңес Одағына танымал болды. Олай дейтінім – шыны керек, Қазақстанның Қарағанды деген қаласында республикадағы екінші университет ашылды дегенді екінің бірі біле бермейтін. Ал, оның ректоры Ебіней Арыстанұлы Бөкетов десең: «Ол кісіні білеміз, өте үлкен ғалым, тамаша адам», – деп лебіз білдіргенінің талай куәсі болдым. Сол университетте өзімнің жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын.

Бірде «Диэлектриктер физикасы» лабораториясын жарақтау үшін құрал-қондырғы, аспаптар іздеп, Латвияның астанасы Ригаға бардым. Онда көп жылғы бай тәжірибесі, ғылым әлемінде ойып алған орны бар Стручка атындағы университетке жол тарттым. Тіпті, басшы қызметкерлермен таныстығым да көмектесті (мен алғашқы ғылыми жұмыстарымды Тарту университетінде бастап, 5 жыл Балтық жағалауында, Ленинград маңында тұрдым ғой), іздеген шаруаларымды тауып, істің бетін қайырдым. Ғылым жөніндегі проректоры, деканы, кафедра меңгерушілері бетімнен қаққан жоқ. Кей жабдықты арзанға, кейбірін тегін алып, қаттап-қағаздап қойдым. Енді, әкетейін десем, бас бухгалтер келіспейді. Өзінің ереже-тәртіптерін көлденең тартады. Не керек, босатпайды, шаруам қиындай берді. Жолаушы адаммын, уақыт өтіп жатыр. Бас есепші жолатпайды. «Ректорға бар», – дейді. Бұрынғы ректорды білетін едім, онымен тіл табысар да едім, бірақ, басқа қызметке кетіпті. Келгеніне 5-6 ай болған жаңа ректормен қалай түсінісемін..?

Амал таусылды. Құр қол қайтуға болмайды. Тәуекел деп ректорға кірдім. Сенгенім біреу-ақ – Ебекеңнің беделі. Қазақстаннан, Қарағанды университетінен, осындай-осындай шаруамен келгенімді айтып жеткізген болдым. Ол жақтың адамы заты тұйық болады, оны бұрыннан білемін. Ешқандай сыр беретін емес, оған қатысы жоқ әңгіме сияқты. “Иә, иә”, – деп, кекірейе береді. Мені сонау қиыр шеттен келіп, қиналып отыр-ау деп елең де қылмайды. Не істеу керек? «Сізге Ебіней Арыстанұлы Букетов арнайы сәлем айтып еді», – деп қалдым. «Букетов» дегенде селк еткендей, маған еңкейе қарап қалды. Сұрғылт жүзі өзгеріп сала берді. «Ә, ол кісінің хал-жағдайы қалай? Ол керемет ғалым, тамаша адам, мен жақсы білемін», – десін. Сол кісінің арнайы тапсырмаларымен келгенімді, мәселені сол ректор шешеді деп жібергенін қосыңқырап айттым. «Шаруаңыз орындалады, жағдайыңыз қалай?» – деп бәйек болып қалды. Бөкетовтің беделі Балтық бойында да олқы емесін сезген мен өркештеніп, теңімдей, ескі таныстай сөйлесе бердім. Сөйтсем, жаңағы ректор Ебекеңмен Мәскеуде бір жиында кездесіп, аз-кем тілдескен екен. Бір көргеннен баурап алатын, жібекке күміс қосып өргендей өрнекті де өнегелі әңгімесімен, сұңғыла сымбатымен әркімнің есінде қалатын қасиетті ағамыз осындай еді.

Қойшы, әйтеуір мәселе шешілді. Проректор да, басқасы да іске қосылды. Мені қия бастырмай тұрған бас бухгалтер ше? Ол тіпті менің жүктерімді теміржолға жеткізіп, контейнерге тиеп жөнелтуге дейін тапсырма алды…

Қайтып келген соң Ебекеңе болған жайды бастан-аяқ баяндадым. Оның атынан ойдан шығарып сәлем айтқанымды естігенде, құшаққа сыймайтын алпамса кеудесін еқкейте кеңкілдеп күлді. Қатты шаттанды. Балаша қуанды. Ебекең күлсе – шын күлетін, кейісе – шын кейитін. Дарақы, өтірік күлкісі жоқ еді. Ашуланғанда да тепсінбей, өтінен жарылмай, ызбар шашып ысқырмай, шын ниетімен ренішін наз, ескертпе түрінде ашық та батыл айтатын. Ұлы адамдар сөйтеді ғой…

«Сенен неше түрлі шығады. Мен оны онша етене танымаймын. Кездесіп, тілдесуіміз мүмкін. Менің атымды алға тартқаныңның оқасы жоқ. Іспен барған соң, тындырып қайтқан жақсы», – деді. Қасындағыларға қарауымдағы бағынышты деп қарамайтын, кекіреймейтін, адамды адам ретінде сыйлай білетін. Сонысымен қанаттандыратын, үлкен іске жігерлендіретін, жемісті нәтижеге жетелейтін.

Уақытының қалай жететінін білмеймін Ебекең әр факультет, әр кафедра ұжымымен, тіпті, жеке ұжым мүшелерімен де әңгімелесіп, ақыл айтып үлгеретін еді.

Университетіміздің шаңырағы жаңа көтеріліп, керегесі керіліп, алғашқы уықтары шаншылып жатқан кез. Пединституттың бұрынғы жалғыз ғана жалпы физика кафедрасынан бес кафедра енші алды. Құрал-жабдықтар жетпейді, лабораториялар кедей.

Сол бір қарбалас шақта, қыруар жүкті мойнына алған ректорымыз, қалт еткенде жаңа лабораториялардың жай-күйін мұқият қадағалап отырды. Сәті түсіп, оңалған шаруа көрсе масайрап, балаша қуанады. Бізді де мақтаудан кенде қалдырмайды. Жас мамандар қамқор ағаның қолдауын сезініп, қиялымыз қанаттанып бір өсіп қаламыз.

Әлі есімде, 1974 жылдың көктемі еді. Жаңа лаборатория құрып, оның жұмыс тәртібімен, құрал-жабдықтардың қызметімен ректорымызды таныстырдық. Ықылас қоя тыңдап, тиісті сұрақтарын қойған Ебекең риза болды. Бір кезде Ебекең маған қарап:

Теме, (марқұм ақырына дейін осы Темесінен жаңылмай кетті – Т.К.) сен осы ылғи оқу лабораториясы, оқу жұмысы дейсің. Ал, енді, ғылыми-зерттеу жұмысыңды жалғастыратын лабораторияңды көрсетші. Ол туралы ештеңе айтқан жоқсың, – деді.

Ебеке-ау, қазір ғылыми жұмыс туралы ойлайтын жағдай бар ма? Әуелі оқу процесін қамтамасыз етіп алайық. Ғылымды содан кейін мықтармыз, – деп ақтала жауап бердім.

Міне, сенің кемшілігің – осы. Республикадағы екінші университет текке ашылмайды. Еліміздің қажеті үшін осы заманғы өскелең талапқа сай, жан-жақты, жарасымды қалыптасқан маман даярлау үшін оқу процесімен қатар жүретін ғылыми- зерттеу лабораториясы да болуы әбден қажет. Кафедрадан тәлім алған мамандардың қатты дене физикасының белгілі саласы бойынша алған білімі бүгінгі күнгі зерттеулер деңгейінен көрініп, сол мамандар өз бетімен ғылыми жұмыстар жүргізе алатындай дәрежеге жетсе, нұр үстіне нұр емес пе?!, – деп Ебекең сабырлы кейіпте, әр сөзін шегелей сөйледі.

Оның әр сөзін бағып тұрған біз Ебекең, тек, басшы тұрғысында ғана емес, ғылымның жанашыры, жастардың қамқор тәрбиешісі ретінде талап қойғандығын аңғарған едік.

Міне, дәл осындай мамандар даярлау – біздің парызымыз. Әрбір студент міндетті оқу жоспары бойынша жұмыс істеумен қатар, ғылыми лабораторияның да белсенді мүшесі бола білсе қандай жақсы. Сонда ғана біз өз жұмысымыздан қанағат табуға тиіспіз. Және бір айтарым, сен өзің де жассың. Ғылыми жұмысыңды күн сайын дамытып отырмасаң, тез қарайып қаласың. Ал, ғылыми жұмыспен айналыспайтын бойкүйез, жалқау ғалымның біздің университет үшін қажеті жоқ, – деп, ойын кесіп айтты.

Үлкен ғалым ағаның ақыл-кеңесі мен табанды көмегі арқасында, ғылыми лаборатория пайда болып еді. Ебекең аманаты біршама орындалғандай болды. Сол лабораторияда атқарылған ғылыми зерттеу, ізденістер нәтижесінде, 30-дан астам шәкіртіміз диссертация қорғап, ғылым кандидаты, 8 адам ғылым докторы дәрежесін алды. Осы жолдардың авторы да біраз ғылыми баспалдақтардан өтті.

Ебіней Арыстанұлының жан-жақты адам екенін көпшілік жұрт біледі. Ескінің салт-дәстүрі мен жас буынның талғам-талабын бағалайтын. Ал, әлемдік ғылымның кәусарынан ғана сусындаған энциклопедиялық білімі мен сезімталдығын оның замандастары талай таныған. Ұйымдастырушылық, қайраткерлік қарымын осы университетті көтеруге жұмсағанын да ел лайықты бағалады. Ол кісі бізді, оқу орнының оқытушылары мен ғалымдарын, сабақты сапалы берумен бірге, ғылыми жұмыстарға да жетелей білді. Терең де кең құлашты ғылыми зерттеулер жүргізуге үлкен мән берді. Ол үшін арнайы ғылыми лабораториялар жарақтаудан күш те, қаржы да аяған жоқ.

Біз ғылыми қызметкерлер дайындау ісін жылдан жылға нығайта түсуіміз керек. Қоғамның болашағы ғылым мен ғылыми қызметкерлердің жемісті еңбегіне байланысты болмақ. Іргелі ғылымдар да өзекті проблемалық мәселелерді шұғыл қарап, терең үңіле, шеше білетін мамандарды негізінен университеттер шығарып отыруы тиіс. Бұл – Ебекең ұстаған темірқазық, берік те байламды, бағыт еді. Осынау міндет қалай шешілмек? Дарынды жас талапкерлер мен тәжірбиелі ғалымдар арасында тікелей қарым-қатынас болуы тиіс. Мұндай байланыс, екі жақты ынта-ықылас болмайынша жас талапкерлер бойындағы талап шоғы жалындап жанбайды, зерттеушілік мол тәжірибесі бар ұстаз-ғалым да өзінен-өзі тоқырап қалуы мүмкін.

Осылай-осылай ұқтыра, сендіре, өз ойларын бекіте келіп, аспирантура ашу қажеттігін әр жолы менің есіме сала берді. Алайда, тілек-ниет бір басқа да, заманның өз ережесі мен талабы да бар ғой. Ол кезде ғылым кандидаты аспирантураға жетекші болуға рұқсат жоқ, ондай құқық, тек, ғылым докторларына ғана берілген. Кандидатқа аспирантура ашу мүлде сирек, ерекше бірді-екілі жағдайда ғана болатын шаруа еді ғой.

Бір күні Ебекең мені арнайы шақырып алды да: «Ал, саған аспирантура ашатын кез келді. Ғылымың жақсы жүріп жатыр. Тиісті құжаттарын тез дайында», – деп тапсырма берді. Әрине, мен Мәскеуден қаймықтым. «Ғылым орталықтарынан шет жатқан кандидатқа рұқсат бере қоймас, әзір қоя тұрайық», – деп, көне қоймадым. «Оныңа келіспеймін», – деді Ебекең, – Сен, ғылыми-зерттеу жұмыстарыңның жоспарын, жариялаған мақалаларыңның тізімін әкел. Негізгі проблемаларды көрсет, тақырыптарды нақтыла. Сипаттама дәйектемені өзім жазамын да, ВАК-қа (жоғары аттестациялық комиссияға) жіберемін, – деді.

Содан 3-4 айдай өтті. Бір күні Ебекен тағы шақырып, құттықтады. «Қатты дене физикасы» мамандығы бойынша менің жетекшілік етуіммен аспирантура ашу жөніндегі ВАК шешімін қолыма ұстатты. Міне, ғылымға, сол ғылымды жасайтын адамға деген

қамқорлық осындай болар. Ебекең ашқызған сол аспирантурадан отыздан аса ғылым кандидаты, сегіз ғылым докторы диссертация қорғап шықты. Енді, міне, 1999 жылы қатты дене физикасы мамандығы бойынша менің жетекшілігіммен докторантура ашылды. Шіркін-ай, осыны көрсе, қандай қуанар еді ағамыз!

Темірғали КӨКЕТАЕВ,

профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button