Бас тақырыпТарих

Қазыбек деп айтамыз…

Батыр бабамыздың жүз жылдығы деп қуанышты жүрміз. Батыр бабамыздың атында Халықаралық жарыс өтеді деп қуанып жүрміз. Батыр болғанда Кеңес одағының батыры Қазыбек Нұржановты айтып отырмыз.

Сол кісінің атында бірінші рет жеңіл атлетикадан жарыс өтпекші. Алғаш бетте халықаралық болады деп күмпілдедік. Одан кейін республикалық деп шегіндік. Содан қойшы, Кеңес Одағының батыры Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан бірінші ашық біріншілік болып өтетін болды.

Мәртебесі халықаралық болмаса да, Беларусь мемлекетінен жас спортшылар қатысатын болды. Қуанышымыздың басты себебі де солар. Өйткені, Беларусь топырағы – бабамыздың екінші Отаны. Беларусь деген «ақ орыс» деген сөз емес, «белорыс» деген сөз. Орыстар да біз сияқты үшке бөлінеді. Белорыстар – соның ортаңғысы.

Белорыстар бабамызды қазақ бола тұра белорыс деп біледі. Өйткені, ол Беларусь жерін неміс басқыншыларынан азат етуде нағыз белорысша ерлік көрсетті. Сондықтан да, белорыс жұрты Қазыбек бабамызды басына көтереді.

Сонымен не керек, келді-ау белорыстықтар. Құшақтары гүлден көрінбейді. Біздер меймандостығымызды көрсетпекші болып, қонақүйді бетке алғанбыз. Алайда…

– Батыр бабамыз ескерткішінің басына гүл шоқтарын қоялық деп едік… – деп балалар шулап қоя берсін.

Белорыстық жас өскіндердің көзіне көзіміз түскенде өзімізді қайда қоярға білмедік. Адамның жерден тесік іздейтіні осындайдан екен ғой…

Бізді құтқарған тағы да Есен Төлтаев бауырымыз болды. Есен бауырымыз – жарыс өтетін манежіміздің директоры.

– Жезқазған қаласында ескерткіші… – Есен Біләлұлы жауабын ойланбастан берсін.

Енді мен ойланайын. Шынымен Жезқазған қаласында ескерткіші бар ма еді деп. Неге болмасқа деп қоям. Ширек ғасыр сол Жезқазғанға қарап тұрдық ғой деп. Кейін білсем, жоқ болып шықты. Ал, мен сеніп қалып едім.

Белорыстық оқушылар сенді.

– Туған жерінде де ескерткіші тұрған болар?

– Әрине!

Сөйтіп тығырықтан шыққандай болғанбыз. Алайда…

– Батыр атындағы көшеге барайық. Гүл шоқтарымызды сонда қояйық,  – десін қонақтар.

– Көшесі де Жезқазғанда…

Мұндай қысылмаспыз…

Осының алдында ғана Беларусь жерінде болып Батыр бабамызға тәу етіп қайтқанбыз. Көшесі де бар, ескерткіші де бар…

Содан бері араға бір жарым жылдай уақыт түскен. Осы аралықта талай есіктің табалдырығын тоздырдық. Қаламыздан Батыр бабамызға бір көше бұйыртайық деп. Болмайды демейді. Жасаймыз, береміз дейді.

Сонымен осы күнімізге жеткенбіз.

Есімізге еріксіз Ақтоғай түскен. Онда көшесі сайрап тұр, ескерткіші менмұндалап тұр. Осы жерде тағы бір қыранымыз Нұркен Әбдіров бабамыз есімізге түскен.

Біздің бабамызға қарағанда Нұркен бабамыз бақыттырақ-ау. Өйткені, ол кісінің Қарағандыда ескерткіші бар.

– Соның басына қоялық,  – дегенбіз.

– Жарайды, – деген жас қонақтарымыз.

– Бәлкім, туысқан болар батырлар…

– Әрине!..

Сөйтіп, жүзімізге қайтып күлкі нұры жүгірсін.

Ертеңінде жарысымыз басталып кеткен. Қаламыздағы жеңіл атлетика манежінде. Салтанаты еш жарыстан кем емес еді. Екі елдің мемлекеттік тулары көтерілді. Елұрандары ойналды.

МАлайда… Жоқ еді. Кешегі уәде берген әкімқаралар. Тіпті, осы салаға жауап беретін басшы да қатыспады. Кейін білсек, басқа жиналысқа қатысыпты. Қатысқан жиналысын маңыздырақ санаған ғой.анеж төріне Беларусь елінен келген гүлшоқтары қойылды.

Жарысымыз дүркіреп өтті. Кететін қонақтар кетті, өзіміз қалдық.

Анық нәрсе – Батыр бабамыздың атында жарыстың өтетіні. Және халықаралық болып өтетіні. Және өтетін жері белгілі болып отыр. Манежден басқа қай жерде өтуі керек?

Олай болса, манежге Батыр есімін бұйыртайық. Бұған да күш салуға тура келді. Алайда, бәрі оң шешілді. Міне, енді сол қуанышымыздың тұсаукесерін жасағалы жатырмыз. Манеж ғимаратына мемориалдық тақтасын да орнатпақшымыз.

Осы жерде мына жайтты баса айтпақшымыз. Бәріне, әлгі белорыстық балғын спортшыларымыз себеп болды. Қазыбекке деп әкелген гүл шоқтарын Нұркен ескерткішінің басына қойды. Қалған шоқтарын ертеңінде манежге қойды. Сөйтіп, біз қоспаған Қазыбек пен Нұркен бабаларымыздың басын қосып кетті. Сол жарыс күндерінде Қазыбек пен бірге Нұркен есімі аз айтылған жоқ. Аратұра тағы бір қыранымыз Мартбек Мамыраев есімін атағандар да болды.

Бүгінде Сарыарқа сұңқарлары, қос қыран деп жиі айтып жүрміз…

Тіпті, жүрекке жылы тиетін ән де шықты. «Қос жұлдыз – қос батыр» деген. Талантты сазгеріміз Боташ Ноғаева қарындасымыздың әні.

Биыл қос қыранымыз – Кеңес Одағының Батырлары Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржанов бабаларымыз ғасыр жасына келіп отыр. Нұркен деп Қарқаралы шабылып жатыр, Қазыбек деп Ақтоғай шала бүлініп жатыр. Жалпақ жұрт бәйге беріп жатыр, салым беріп жатыр деп, екі батырға арналған ән шығыпты деп естиді. Және естігендеріне сенеді.

Расында да солай. Алайда, көпшіліктің көкейінде жүрген бір кілтипанды да алға тарталық.

Жалпы, Қарағанды топырағынан Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғандардың ұзын саны – отыз төрт. Соның бесеуі өзіміздің қандасымыз. Екеуі – сыртта, үшеуі – өзімізде. Екеуін жоғарыда айттық. Үшіншісі – Мартбек Мамыраев.

Елді күпті ететіні осы үш батырымызды шола бөліп жүргеніміз.

Оған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ. 2008 жылы Мартбек бабамыздың ғасыр жасын атап өттік. Сонда Батыр бабамыздың Батыр бауырлары – Нұркен мен Қазыбек жөнінде тіс жармадық-ау, тіс жармадық.

Биыл да сонымыздан таймай отырмыз. Нұркенді айтамыз, Қазыбекті айтамыз. Олардың алдында тұрған Мартбек туралы тіс жармаймыз.

Осыдан барып орынды сауал туады. «Бұл үшеуін неге бөліп әуре болып жүрміз?» деген.

Ешкім де қасақана істеп отырған жоқ, әрине. Алайда, бір ырықсыздықпен істеп отырғанымызды іштей түйсінетін сияқтымыз. Өйткені, үшеуіне деген ресми көзқарасымыз үш түрлі десек те болады. Мәселен, Мартбек Мамыраевтың облыс орталығында ескерткіші бар, атында шағынаудан бар, Нұркен бабамызға да бір ескерткіш пен бір даңғыл бұйырған. Ал, Қазыбек бабамыз таза тақыр қалған. Бұл әркімді ойландырады. Айтушылар бар. Әрине, сыбырлап айтады. Өйткені жасқанады, бір нәрсені бүлдіріп аламыз ба деп.

Енді ел ішіндегі сол әңгімені біз айталық.

Расында да, үш Батырымызды неге бір-бірінен айырамыз? Неге Мартбек бабамызды айтқанда, ойымызда Нұркен мен Қазыбек тұрады? Мұны қоғамдық сана дейміз бе, тарихи сана дейміз бе?

Ел үш Батырымызды қосып әлек, біздер болсақ айырып әлекпіз.

Халықтан үлкен емеспіз. Ендеше халықпен бірге болайық. Мартбек пен Нұркенге бұйыртқан ескеркішті Қазыбекке де бұйыртайық. Тіпті, үшеуіне арнап соқталы бір ескерткіш соғайық. Ерлік ескерткіші қашанда көптік етпейді.

Мартбек атында шағынаудан бар. Қатар жатқан екі ауданды – «Восток-3», «Восток-2» шағынаудандарын Нұркен мен Қазыбек есімдерімен атасақ жарасып-ақ тұр емес пе? Ол ұнамай жатса «Көгілдір тоғандар» шағынауданы бар…

Сонымен, Қазыбек деп айтамыз…

Ойымызда Мартбек пен Нұркен тұрады…

Төрехан МАЙБАС,

жазушы, «ҚазАқпарат» баспа корпорациясы вице-президенті.

Басқа материалдар

Back to top button