Бәрекелді!

Азияны мойындатқан оғландар

Биылғы Олимпиада құрамасы қазақстандықтарды жерге қаратпаса да бір тұқыртып алды. Алайда, Араб Әмірлігінде өткен жастар арасындағы Азия чемпионаты ел еңсесін тіктеп тастады. Жезқазғандық Дамир БАЙПАҚОВ 46 келі салмақта финалға шығып, өзбек боксшысы Бахтиер ЯХШИБОЕВТЫ 4:1 есебімен жеңіп, алтынға иелік етті. Сонымен қатар, балқаштық Ерасыл ЕРМЕК 60 келіде қырғыз боксшысы Омар ЛИВАСАМЕН қолғап түйістірді. Жерлесіміздің тактикасы мен рухы адуын болып, төрешілер бірауыздан жеңісті жерлесімізге берді. Қарағанды облысынан шыққан оғландар ел құрамасын күмістен де кенде қылмады. Олар 66 келі салмақта сыннан сүрінбеген Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернаты колледжінің тәрбиеленушілері Ислам СОВЕТОВ пен Томирис МЫРЗАҚҰЛ. Ал, қоланы қоржындағандар қатарында 60 келіде Мадияр ТАЙПАҚОВ және қыздар қатарында 50 келі салмақта Гүлнар ТҰРАПБАЙ, 48 келіде Анита АДИШЕВА мен Гүлназ БҰРЫБАЕВА бар. Командалық есеп бойынша ер балалар арасында бірінші орынға шығып, 8 алтын, 2 күміс, 2 қоланы еншілеген қазақстандықтар Азияны мойындатып қайтты.

Ең үлкен және берік жасақтанған құрамалар қатарына Қазақстан, Үндістан, Өзбекстан кірді. Тастүлектер арасындағы байрақты бәсекеде екінші үшінші орындар Өзбекстандықтар мен Үнді боксшыларына бұйырды. Ел намысын жалау еткен өрендер қатарын 48 келі салмақта сынға түскен Санжар Тәшкенбай толықтырды. Ол тәжікстандық Мехродж Зоидовты ұтып финалға өтті. Жартылай финалда өзбекстандық Мухаммадкодир Мамыржоновты тізе бүктіріп, кезекті алтын тұғырға шықты.

Сондай-ақ, 2005-2006 жылғы жастар арасында 54 келі салмақта Нұрсұлатан Алтынбек, 57 келі салмақ сапында Әбдіғали Әбдікерім, 63,5 келі салмақта Ернұр Сүйінбай, 67 келіде Абзал Серік, 75 келіде Бақберген Әлиасқаров, 86 келіде Темірлан Мұқатаевтар да алтынмен апталып қайтты. Күміс жүлдегерлер 92 келіде Мәди Әміров, Даниял Сапарбай 92 келіден жоғары салмақ сапында. Ал, 71 келі салмақта Арман Алматұлы мен 82 келі салмақта өнер көрсеткен Дәурен Мамыр қола жүлдені қанжығалады.

Бұл біріншілікте қазақстандық 2005-2006 жылғы қыздар 13 медальді қанжығалады. 54 келіде Виктория Байдукова мен өзбек қызы Гүлдана Тілеубергенова арасындағы жекпе-жек жерлесіміздің еншісіне бұйырды. 57 келі салмақта Ұлжан Сәрсенбек үндістандық Анчал Синимен жолықты. Тартысқа толы кездесу жеңімпазы деп төрешілер қазақстандық Ұлжанды таңдады. 66 келіде Аружан Жаңабаева мен өзбекстандық Санобар Бозорбоева тартысқа түсті. Аружан намысқа тырысып өз кезегінде аянып қалмады. Осы еңбегі ақталып жеңісті қарсыластан жұлып алды. Үміт Әбілқайыр 80 келі салмақ дәрежесінде үнді қызы Санжанамен бақ сынап, нәтижесінде біздің қыз басым болды. Қазақ қыздарының қайсарлығын танытқан жерлестер алтынмен апталып қайтты. Күміс медаль алғандар қатарында Еңлік Бостыбаева (50 келі), Әсем Таңатар (60 келі), Әйгерім Қабдолда (63 келі), Ақжан Түркістанова (75 келі) мен Шұғыла Рысбек (81 келіден жоғары) бар. Қоланы қоржындағандар Елнұр Тұрғанова (46 келі), және (70 келі) Бақыт Сейдиш. Қыздар арасындағы жалпы командалық есепте Үндістан бірінші орынға шықты, олардың еншісінде 6 алтын, 4 күміс, 3 қола бар. Қазақстандық құрама екінші орында. Үздік үштікті 3 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен Өзбекстан түйіндеді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button