АймақАқтоғай

Ажары кірген ауылдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет күні кеше Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Бұл – «Ауыл – Ел бесігі» жобасының заңды жалғасы іспетті. «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен Қарағанды облысының бірқатар ауылында әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындар игілігіне берілген еді. Жаңа тұжырымдама аясында да ауылдың дамуына ықпал ететін көп жұмыс атқарылады деген сенім мол.

2020 жылы Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауқымды жұмыстар басталған. 13 кент пен 7 ауданға қарасты ауылдарды қамтыған жобаны жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау және Шет аудандарының 13 елді мекенінде 47 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл мектептері, мәдениет үйлері, кентішілік жолдар, су құбырлары және басқа да нысандарды жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Ақтоғай ауданында атқарылған жұмыстардың бір парасына тоқталайық. 2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Шашубай Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарының арқасында соңғы жылдары төбесінен су ағып, қыста есік, терезесінен суық аңырап кеткен Мәдениет үйі жастардың бос уақытын тиімді өткізетін мәдени орынға айналды. Оған бюджеттен 109 миллион теңге бөлінген. Ғимарат қазіргі заман талабына сай жөнделіп, үлкен концерттік залдың акустикасы жаңартылып, сахна қайта құрылған. Көрерменге арналған 300 орындық орнатылған. Би, ән мен күй бөлмелері керек жабдықтармен жабдықталған. Құрылыс жұмысын «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС жүргізіп, барлық жұмысты келіскен уақытында аяқтаған.

Одан кейін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022 жылдың мамыр айынан 2023 жылдың мамыр айына дейін Ақтоғай ауданының орталық ауруханасын жөндеу жалғасты. Бүгінде орталық аудандық аурухана мен жеке ғимаратта орналасқан жұқпалы аурулар бөлімшесінің іші-сырты толық жөнделіп бітіп қалды. Жоба құны – 256 млн. теңге.

Ақтоғай ауданының орталық ауруханасы КМК директоры Елдос Жұмажановтың айтуынша, нысанның ажары кіріп, көркейе түскен.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауданға айтарлықтай қолдау болды. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктерге және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, ауылды жерлердегі инженерлік инфрақұрылым мен түрлі әлеуметтік нысандардың дамуына ықпал етті. Бүгінде халық игілігіне бағытталған жұмыстар ерекше бақылауда. Нысанды жөндеуші мердігер компания біздерге кедергі тудырмас үшін жұмысты барынша ширата отырып, белгіленген уақытқа дейін нысанды қолданысқа беруге күш салуда. Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 15 адам жұмысқа тартылды, –дейді Елдос Немеребайұлы.

Орталық ауруханасының басшысы қазіргі уақытта медицина саласына жіті назар аударылып отырғанын айтады. Өткен жылы облыстық бюджеттен 80 млн. теңге қаржы қарастырылып, Шашубай кенті дәрігерлік амбулаториясына ішкі күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген.

Бұл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы іске қосылғаннан бергі Ақтоғай ауданында атқарылған жұмыстардың бір бөлігі болатын. Жоспарланып отырған жұмыстар да аз емес. Ауыл еліміздің арқасүйер сүйенішіне, темірқазығына айналсын десек, ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Мемлекет басшысының тұжырымдамасы арқылы тамырына қан жүгірту басты мақсат.

Нұрдос КӘРІМ,

Ақтоғай ауданы.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button