Басты тақырып

Азаттық жайлы айтулы дәріс

   Қазан айының 12-сі күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД жұмыс сапарымен Қарағандыда болды. Сапар барысында Мұхтар АБРАРҰЛЫ мұндағы «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асу барысымен танысып, индустриалдық және агроөнеркәсіптік салалардың даму қарқынын бағамдап, партия активімен кездесті. Сонымен қатар, ол Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессор, оқытушылары мен студенттеріне дәріс оқыды.

Еліміздегі жетекші партия Төрағасының Бірінші орынбасарының Қарағанды мемлекеттік университетінің бас ғимаратында оқыған дәрісіне облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысты. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тақырыбын арқау еткен мазмұнды шараны аталған оқу орнының ректоры Еркін Көбеев ашты. Өз сөзінде ол ордалы оқу орнының атқарып жатқан жұмыстары мен бірқатар жетістіктеріне тоқталып өтті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед дәрісінде Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақстан жоғарғы оқу орындары арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Назарбаев университетінен кейін алатын орнын ерекше атады. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мәшһүр еткен келелі кеңесінде Мұхтар Абрарұлы ел дамуындағы Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегі мен көрегендігін қоса сабақтастырып отырды. Әсіресе, көреген Елбасының сұңғыла саясатын әлемдегі алдыңғы қатарлы алпауыт ел – АҚШ-тың алғашқы Президенті құрған мемлекеттік жүйемен салыстыра отырып дәлелдегені әсіресе, нанымды шықты. Сондай-ақ, ол дәрісі барысында Қазақ елінің мемлекеттілігінің негізі ертедегі Сақтар мен Ғұндар, көк Түріктер дәуірінен бастау алып, одан беріде Қазақ хандығының тарихына жалғасып, Алашорда үкіметі арқылы бүгінге ұштасатынын дәйекті деректермен алға тартты. Алашорда үкіметін құрған үш бірдей арыс – Әлихан, Әлімхан, Жақыптың Арқа топырағынан, осы облыстан шыққаны – қарағандылықтар үшін үлкен мақтаныш екенін қаперге салды. Қарағандылықтарды халықаралық деңгейде аталып өтіліп жатқан Әлихан Бөкейханның 150 жылдығымен құттықтап, Әлімхан Ермековтің қазақ жерінің қазіргі шекарасын белгілеп қалдырудағы өлшеусіз еңбегін де тілге тиек етті. Шара соңында ҚарМУ ректоры Еркін Көбеев «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековке академик Е.Бөкетовтің тоқсан жылдығында шыққан шығармалар жинағын табыс етті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button