Тұлға

Азаматтың ақ жолы

Кісілігі мен кішілігін тең ұстаған, мені кем, алды кең жайсаң жандардан біздің туған топырақ – Жаңаарқа ауданының Қараағаш ауылы да кенде емес еді. Бүгін жарқын бейнесін, ғибратты ғұмырын жадымызда қайта бір жаңғыртып, пенде баласының есіне тағы бір салып қоюды мақсат тұтып отырған Қанат ҚОЙШЫБАЕВ ағай да сондай сойы бөлек тұлға еді.

Қанат ҚОЙШЫБАЕВ

Қапысыз қызметімен ел көзіне ерте түсіп, өз ортасының ұйытқысы болды, есімдері аймақ-атырапқа кеңінен мәлім үркердей бір шоғырдың санатынан берік орын алды. Ел ағасы деңгейіне көтерілген аптал азаматты жұртшылық біліктіліктің, адалдықтың, тазалықтың, әділеттіліктің, бауырмал көпшіліктің үлгісі деп білетін, құрмет тұтатын.

Қ.Қойшыбаев (1951- 2008) – Жаңаарқа ауданының тумасы. Әкесі Қойшыбай Тырмысбаев – 1900 жылы №7 ауылда туған. Заманына сай өмірдің қилы қияметтерін көп көрген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан аман оралған соң «Ынталы» колхозында, одан «Рассвет» совхозында малшы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң дүние салған. Ел бастаған көсем, сөз толғаған шешен болмаса да, өмірден көргенін көп зерделеген, аса сезімтал, ретті жерінде тауып сөйлейтін, ескілікті әңгімелерді, ауызекі шежірені жадында жақсы сақтаған, қазақы әдет-ғұрыпқа аса жетік, есті адам болған. Анасы Жәмила – Арқаға жақсы таныс атақты Тәңірберген – «Бес беренінің» бірі Сапақ байдан тарайтын Әнәпия қажының қызы.

Әкесі 46 жасына дейін бала көрмей, Алладан бала сұрап, әулие-әмбиелердің басына түнеп жүргенде түс көріпті. Түсінде ақ шашты әулие: «Екі перзент көресің, бірінің атын Бибімәрия, екіншісінің атын Ғалым қой» деп аян береді. Айтқандай, 1946 жылы дүниеге Бибімәрия апайы келеді. Бес жылдан кейін, 1951 жылдың мамырында Қанат туады. Сол жылдың ақпанында әкесінің інісі Ақбайпақтың шаңырағында дүниеге ұл келіп, оның атын әкесінің ағасы Сақабай деген кісі Жанат деп қойған екен. Ал мұның есімін Сақабай атасы Жанатқа ұйқастырып, Қанат деп атапты. Әкесі баласы жоқ, қамкөңіл ағасынан асып, ештеңе айта алмапты. Содан 1973 жылы Қанаттың тұңғышы дүниеге келіп, оның атын Ғалым деп атап, аяндағы әулиенің берген атын немересіне қойып, әке көңілі жайланғандай болған екен… Осындай текті, көргенді ата-анадан тәлім алған Қанат жастайынан оқубілімге құштар болып өсті. Мектептен соң, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін және ауыл шаруашылық институтын ойдағыдай бітірді. Мамандығы бойынша – тарихшы, ғалымагроном. Қанат аға ат жалын тартып мінгеннен іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен танылды. Білікті маман, зерделі азамат ретінде басшылық, ұйымдастырушылық жұмыстарға еркін тартылды. Үлкен өмір, қызмет баспалдақтарынан өтіп, ақыл-парасаты мен білімін халықтың игілікті істеріне арнады. Қайсы қызметтің тұтқасын ұстаса да бетегеден биік, жусаннан аласа болды. Қайраткерлік танытып, адал да ауқымды қызметтер атқарды. Қандай да бір күрделі мәселелердің шиеленіскен түйінін іскерлікпен шеше білді. Әрқилы бастамалар мен игі істердің ұйытқысы болып, шаруашылық басшысы, аудан, облыс деңгейіндегі қызметтерді абыройлы атқарумен қатар, қоғам өміріне белсене араласты. Қашанда қалың бұқараны өрелі іске жұмылдырып, өрісті жолға шығарып отырды. Халық шаруашылығының өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосты.

«Рассвет» совхозының партком хатшысы, аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Жаңаарқа, Ағадыр аудандық, Жезқазған облыстық халықтық бақылау комитеттерінің төрағасы, К.Маркс атындағы совхоздың директоры қызметтерін атқарды. 1997-2008 жж. Жаңаарқа орман шаруашылығы кәсіпорнының директоры болып істеп, орман шаруашылығының өркендеуіне, орманға «мемлекеттік қорық» дәрежесін бергізуге көп еңбек сіңірді. Баспасөз беттерінде орманды, табиғатты қорғау тақырыбына арналған публицистикалық материалдарды үзбей жариялап тұрды.

Облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, халық қалаулысы ретінде аудан, облыс көлемінде бірқатар күлбілтелі мәселелердің оң шешімін табуына мұрындық болды. Қоғам өміріне қажет түрлі жобаларды талқылауға белсене қатысып, өзінің білімділігі мен біліктілігін танытты. Мемлекеттік маңызы зор мәселелерді батыл көтеріп, депутаттық сауалдар жолдады. Онымен ғана қалған жоқ, қолына қалам алып, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрінді. Телеарналарда толғағы жеткен мәселелер жөнінде пайымды пікірлер айтып, салиқалы сұхбаттар жасады. Қоғаммен, халықпен тікелей байланысқа түсті. Жұрттың көкейіндегі талап-тілектерді терең ұғынып, шынайы шешім табуына себепкер болды. Сөйтіп, шын мәніндегі халық қалаулысы екендігіне көптің көзін жеткізді. Сол кезеңде баспасөз бетінде жарық көрген ұсыныс, сын тұрпатындағы мақалаларының тақырыптарының өзі не тұрады: «Ауыл жағдайы немесе жекешелендіру жөніндегі жеке толғамдар», «Тістегеннің аузында кете бере ме?» «Мал ұрлығы туралы жеке бап керек», «Барымтаға қарымта бола ма?», «Астанаға Асан қайғы ескерткіші керек», «Қараағаш орманы өз зерттеуін күтіп тұр» тағы басқалары.

Өмірдің қандай қиын, күрделі кезеңдерінде де байыпты қалпынан, сырбаз салтынан таймады.

Парасатты ағаның қалам тартқан дүниелерінің бәрі бас құрап келіп, «Өмір пайымдары» атты толымды кітапқа айналды. Жинаққа енген материалдарда қоғам дамуының әр кезеңіндегі барлық дерлік маңызды мәселелер қозғалған. Автордың азаматтық позициясы мығым: жазбаларында түрлі пікірлердің, сиқыр саясаттың жетегінде кетпей, ұлттық, адамгершілік аспектілерді әрдайым алға шығарып отырады. Кітаппен толық танысып шыққан адам соғыстан соң туған буынның басынан кешкен тағдыр талқысының тынысын анық сезінеді. Автор нені болса да нақты дерек-дәйектермен баяндайды.

Бір ғана мысал, сонау 90-шы жылдары, тәуелсіздік тұғырына қона қоймаған ереуіл кезеңде жарық көрген «Бәрі де өзімізге байланысты» атты мақаласында ана тілінде тілі шықпаған азаматтардан ұлттық қасиеттерді талап етудің қисынсыздығын былайша түйіндейді: «Жазба әдебиет кеш пайда болған біздің ұлтымызда бүкіл білім бастауы, дүниетаным, адамгершілік қағидалары ананың әлдиінен бастап, ауызша беріліп келген. Қазақ философиясы ауылдағы үлкендердің көкірегі мен аузында. Оны құлағымен естіп, түсінбегендерден ұлттық белгі таба алмайсың», – дей келе, аса құнарлы қазақ әдебиетін түпнұсқадан оқи алмайтындар, аудармадан ұлттық рухты сезіне алмайтындығын, тиісті нәр ала алмайтындығын алға тартады.

Қанат ағаның қаламынан туған туындылардың тақырыбы да сан алуан. Мәселен, «Нұрбай батыр туралы түрлі деректер», «Сапақ бай туралы шындық» «Жақсылардың соңы – Телқозының Шоңы» туралы жазған «Дала демократиясының данагөйі», «Шоңның демократиялық көзқарастары туралы», «Қытайдағы қазақ зиялылары» сынды мақалалар мұрағат деректеріне сүйеніп жазылған танымдық-тағылымдық дүниелер.

Қызмет өрісіне орай Қанат аға елдің қайраткер тұлғаларымен, ақынжазушы, өнер шеберлерімен көп араласқан, біразымен тығыз қарым-қатынас ұстаған. Бұл тұрғыда «Евней (Бөкетов – авт.) болған екі күн», «Ілия (Жақанов – авт.) елге келгенде», «Қобызшы Дәулет Мықтыбаев» тағы басқа жазбаларда аталмыш абыз тұлғалардың қоғам өмірінде алатын орнын, олардың адамшылық асыл қасиеттерін ашып көрсетуге талпыныс жасалған.

«Тәлкекке түскен тағдыр» – сұрапыл соғыстың соңғы сарбаздарының бірі Ақбайпақ Тырмысбаев туралы, «Тектінің тұяғы» – ел ішінде «Тақыр Омар» деген атпен танымал болыс Омар Ақмырзаұлының немересі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Денсаулық сақтау саласының үздігі, еліміздің бірнеше аудандарының Құрметті азаматы Әбілхакім Ақмырзин туралы, «Қайраткер тұлға» – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің белді ғалымы, профессор, ел мен жер тарихының тамыршысы Рәшит Кәренов туралы, «Бекзат болмыс» – ұзақ жылдар бойы ел көлемінде жауапты қызметтер атқарған Амангелді Жақыпов туралы мақала-материалдар өзінің терең танымымен, жанды еліткен жылы әсерімен, жеңіл, жатық тілімен еріксіз тәнті етеді.

«Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды». Ел ағалары дегеніміз – өз басының азаматтық болмысымен, адамгершілік қадір-қасиетімен елдің ерекше сеніміне ие болған, өмірдің өзі екшеп биікке шығарған, халық мойындаған тұлғалар. Бұл орайда Қанат ағайдың осындай құрметке әбден лайық, ел үшін атқарған ісімен де, артында қалдырған атаулы сөзімен де әлі күнге қалың көпшілік жадында жүрген Жаман Қирабаев, Тырқыман Көпжасаров, Сұлтан Түсіпов, Жұмабай Биткөзов, Әубәкір Аманбеков, Қарпық Құсайынов, Ұзақбай Төлеуов, Қойлыбай Қозыбеков, Елубайдың Асқары т.б. сынды ақсақалдар туралы жазбалары өз алдына бір төбе. Сондай-ақ, осы кісілердің жақсы ісін жалғастырған Шомыт Доскенов, Әлкен Әбеуов, Амангелді Уәлиев, Өмірзақ Мәмбетов, Кенжеқара Қуанышев, Рүстем Көпжасаров, Бөгде Имантүсіпов, тағы сол сияқты ардагер азаматтардың аманатқа адалдығы да Қанат ағаның назарынан тыс қалмаған. Мен Қанат ағаның өткен өмір жолына қарап, кісілік деген өмір қағидасының айқын сонарын аңғарғандай боламын. Аға мына жарық дүниеде жақсы маман, қалаулы қызметші болам деді – болды, адал жар, ардақты әке болам деді – болды, ең бастысы – көңілге түйген ой-толғамдарын көркем тілмен кестелеп, тағдырлы жылдардың тарихын «өзге емес, өзі айтып» кете алды.

Еменнің иір бұтағы сынды Қ.Қойшыбаев хақында сөз қозғағанда, оның әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлерімен жиі, жүйелі қарымқатынас жасап, пікірлесіп, ой бөлісіп тұрған қасиетін айтпай кетуге болмайды. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қағиданы берік ұстанып, қаншама жас берендерге қолұшын беріп, қам қорлық көрсеткенін жақсы білеміз. Соны нышан, жаңа лепке жаны құмар болатын. Жалт еткен бір тың идея ортаға түссе-ақ соның жүзеге асуына ден қойып, қолдау, көмегін аямайтын.

Қанат ағайдың жөні бөлек еді. Ол кісінің әрбір сөйлеген сөзінен, жүрген жүрісі, тұрған тұрысынан қазақ азаматының ой өрісі, зият білімі, кемел ақылы, парасаты, дүниетанымы айнадағыдай көрініп тұратын. Қанат ағай күнделікті қызмет, жұмыс бабында қандай талапшыл, ымырасыз, қатал болса, былайғы өмірде сондай жайсаң, кішіпейіл, қарапайым еді. Адам бойындағы тазалықты, шынайылықты, ашықтықты қасиет тұтатын, көлгірлік, көзбояушылық ол кісіге мүлде жат еді.

Қанат ағаның осындай қадір-құрметке бөленуіне отбасының берекесін келтіріп отырған оның сүйікті жары, адал өмірлік серігі Ермекгүл Хамитованың да өзіндік үлесі бар болғанын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын көзкөргендер күні бүгінге дейін ризалықпен айтып отырады. Ермекгүл апай да текті жердің қызы. Шығыс Қазақстандағы қалың Найманның Қаракерей – Сыбан – Жанкөбек тармағынан тарайды. Екі жас Алматы қаласында бірге оқып, көңіл қосып, тұрмыс құрған. Бесігін қыдыр тербеген берекелі отбасында Ғалым, Әлім, Гүлім атты балалар өсіп тәрбиеленді. Ермекгүл апай бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, ұзақ жылдар бойы орта мектептерде тарих, жағрапия пәндерінен дәріс берді.

Өкінішке орай, үлкен жүректі азамат Қанат ағай мезгілсіз жабысқан дауасыз дерттің құрбаны болды. Өзекті жанда өлмейтін жоқ, өлгендердің арасында өлмейтін көп. Қанат аға да жалғаннан өзі көшкенімен, ізі өшпейтін, ісі өлмейтін сондай айдынды ағалардың бірі. «Орнында бар оңалар» деген. Бұл күнде Ермекгүл апай өсіп-өнген бала-шағасының ортасында бақуатты тіршілік кешіп жатыр. Үйдің үлкені Ғалым қазірде Қанат ағаның соңғы қызмет орны Жаңаарқа орман шаруашылығы кәсіпорнының директоры лауазымын абыроймен атқарып жүр.

Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» – деп жазғанда қырықтан енді асқан жаста екен. «Ұлғайды арман…» дегенде данышпан айналаны нұрлы шуаққа бөлеген жақсылар мен жайсаңдардың өмірден озып, орындары үңірейіп қалғанын, көңілді жел кернеп, құлазытып кеткенін де меңзеп айтқан болуы керек. Уақыт шіркінде баян бар ма?.. Жылжыған жылдар сабырлыны тонап, саналыны арыта береді осылай. Қазір қарасақ, қаншама орын үңірейіп бос тұр. Бәрін сағынып, көңілің құлазып отырады. Қанат ағайдың аты да, абыройы да зор еді. Ортамыздан ойып алған орны орасан еді. Бәрін айт та бірін айт – бүгінгідей алмағайып кезеңде, еру заманнан үдере қозғалған шеру заманда – жөн барлап, жол бастайтын, елге тұтқа, сөзге нұсқа болатын, нағыз көшбасшы болатын тұлға еді. Амал не?!

Өмірде өкінішті басатын жұбаныш та болады. Айбынды азамат, айдынды ағалардың ақиқат жолы, арда мінезі, өрелі өмірбаяны кейінгі өскелең ұрпақ үшін өшпестей үлгі-өнеге. Жұбаныш деп соны айтсақ керек. Жақсылардан қалған із өшпегей!

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button