Бас тақырыпЖаңалықтар

Қазақстандағы уран банкі: қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытының аумағында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі орналасқан. Оның негізгі мақсаты – атом электр станцияларына қажетті ядролық отын жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, деп хабарлайды Ortalyq.kz Qaz365.kz сілтеме жасап.

Сурет Kazatomprom

Банкке МАГАТЭ-ге тиесілі 90 тонна төмен байытылған уран орналастырылған. Ол уран-235 мөлшері 4,95 пайыздан аспайтын уран гексафториді түрінде сақталады. Материал арнайы герметикалық болат цилиндрлерге құйылған. Қоймада барлығы 60 цилиндр бар.

Нысанда уранды байыту немесе ядролық отын өндіру жүргізілмейді. Мұнда тек бастапқы материал сақталады. Қажет болған жағдайда ол арнайы кәсіпорындарға ядролық отын өндіру үшін берілуі мүмкін.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цилиндрлер тұрақты тексеріліп, белгіленген мерзімде қайта сертификатталады. Қойма жобасында жер сілкінісі, өрт және басқа да сыртқы факторлар ескерілген. Тасымалдау кезінде цилиндрлер арнайы қорғаныш қаптамаларына орналастырылады.

Уран банкі Қазақстанның ұлттық қоры болып саналмайды. Ондағы материалды ел өз қалауы бойынша пайдалана алмайды. Резервке тек МАГАТЭ белгілеген ерекше жағдайларда, ядролық отын жеткізілімі басқа себептермен тоқтап, балама көздерден қажетті отынды алу мүмкін болмаған кезде қол жеткізіледі.

Нысанның қауіпсіздігі инженерлік жүйелер, тұрақты бақылау, мамандардың даярлығы және МАГАТЭ-нің халықаралық қадағалауы арқылы қамтамасыз етіледі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button