Жаңалықтар

Қазақстанда саяси және әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі басталады

Қазақстанда конституциялық реформадан кейін саяси және әлеуметтік салаларда жаңа кезең басталмақ. Мемлекет басшысының айтуынша, түбегейлі жаңғырту үдерісі жыл соңына дейін, қажет болған жағдайда келесі жылы да жалғасады.

Суреттер Ақорданың ресми парақшасынан

Алдағы өзгерістердің бірі – Вице-Президент лауазымының енгізілуі. Бұл қызметтің ел үшін қазіргі кезеңде маңызды екені атап өтілді. Жаңа Вице-Президенттің кандидатурасы алдағы күндері жариялануы мүмкін. Мемлекет басшысы бұл лауазымға қоғамға белгілі, көпшілік жақсы танитын тұлға келуі ықтимал екенін айтты.

Сонымен қатар Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысына ерекше мән берілмек. Жаңа орган елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласып, бұрынғы Ассамблеяның бірқатар бағыттағы жұмысын жаңа деңгейде жалғастырады деп жоспарланып отыр. Халық Кеңесі көпфункционалды саяси тетік ретінде жұмыс істеп, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға бағытталмақ.

Реформалар саяси өзгерістермен ғана шектелмейді. Ел бойынша ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар бой көтереді. Өңірлерде емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да маңызды нысандар салу жоспарланған.

Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Сонымен бірге елді мекендерді абаттандыруға және «Таза Қазақстан» бастамасын жалғастыруға басымдық берілмек.

Мемлекет басшысы саяси науқанның нәтижесін де оң бағалады. Оның айтуынша, сайлау барысында жаңа тұлғалар мен тың идеялар қоғам назарына ұсынылды. Ал жаңа Құрылтай Қазақстанның одан әрі дамуына серпін беріп, ел өміріндегі маңызды өзгерістердің басталуына жол ашады.

«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек», – деген пікір айтылды.

Осылайша, Құрылтайдың жұмысқа кірісуімен бірге елде саяси институттарды жаңарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және қалаларды абаттандыру бағытындағы ауқымды жұмыстардың жаңа кезеңі басталады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button