Ресми

Қазақстан Орталық Азиядағы көшуге ең қолайлы ел атанды

Қазақстан Rumavi компаниясы жыл сайын әзірлейтін Global Relocation Index 2026 нұсқасы бойынша Орталық Азиядағы көшуге ең қолайлы ел атанды. Жалпы рейтингте еліміз 192 мемлекеттің ішінде 62,9 балл жинап, 77-орынға тұрақтады, сондай-ақ аймақ елдері арасында көш бастады, деп хабарлайды ortalyq.kz Tengri Travel сайтына сілтеме жасап.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қазақстан нешінші орынға ие болды?

Сарапшылар бағалау кезінде төрт негізгі бағытты ескерді: қаржылық жағдай және салық салу, өмір сүру сапасы мен денсаулық сақтау, қауіпсіздік пен тұрақтылық, сондай-ақ көшу және бейімделу мүмкіндіктері. Осы көрсеткіштер бойынша Қазақстан қаржылық жағдай үшін 79 балл, өмір сапасы мен денсаулық сақтау үшін 60 балл, қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін 60 балл және көшу мен бейімделу жағдайлары үшін 51 балл алды.

Аймақтық рейтингте Қазақстаннан кейін Өзбекстан (59,9), Қырғызстан (59,3), Тәжікстан (55,1) және Түрікменстан (52,3) орналасқан. Әзірбайжан 61,5 балл, Ресей 58,9, Қытай 58,6 балл иеленді.

Қай елдер үздік атанды?

Жыл сайынғы Global Relocation Index 2026 – қоныс аударуға ең қолайлы елдер рейтингі. Зерттеу барысында сарапшылар 192 ел мен аумақты 24 критерий бойынша бағалады, оның ішінде өмір сүру құны, қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау сапасы, салық жүйесінің тиімділігі, банктік инфрақұрылым және шетелдіктердің бейімделу жағдайлары бар.

Зерттеу авторлары барлық көрсеткіш төрт ірі блокқа біріктірілгенін атап өтті: қаржылық жағдай және салық салу, өмір сапасы мен денсаулық сақтау, қауіпсіздік пен тұрақтылық, сондай-ақ көшу және әрі қарай қоныстану мүмкіндіктері. Әр көрсеткіш 0-ден 100-ге дейінгі бірыңғай шкалаға келтіріліп, қорытынды рейтинг қалыптастырылды.

Жалпы есепте 72,8 балл жинаған Эстония бірінші орынға ие болды. Rumavi мәліметінше, бұл ел дамыған банктік жүйесі, қолайлы іскерлік ортасы, баспананың қолжетімділігі және жасыл аймақтардың көптігі арқасында жоғары баға алған.

Бұл ретте зерттеушілер рейтинг көшбасшысының жалғыз айтарлықтай кемшілігі – климаты екенін ерекше атап өтті. Климаттық жайлылық көрсеткіші бойынша Эстония қысы суық әрі қараңғы болғандықтан, 100-ден тек 20 балл алды.

Екінші орынды Сингапур (72,6 балл), үшінші орынды Малайзия (72,0) иеленді. Сондай-ақ үздік бестікке Португалия (71,6) мен Тайвань (71,4) кірді. Зерттеу авторлары Португалияны шетелдіктерге қолайлы банктік жүйесі мен жылжымайтын мүлікті сатып алудың салыстырмалы түрде оңайлығы үшін атап көрсеткен.

Global Relocation Index 2026 нұсқасы бойынша көшіп баруға ең қолайлы үздік 10 ел тізіміне кіргендер:

  1. Эстония;
  2. Сингапур;
  3. Малайзия;
  4. Португалия;
  5. Тайвань;
  6. Литва;
  7. Гонконг;
  8. Сент-Китс және Невис;
  9. Чехия;
  10. Мальта.

Жалпы тізімнен бөлек, Rumavi тағы бес арнайы рейтинг дайындады, онда аталған 24 көрсеткіш көшу мақсатына байланысты әртүрлі салмаққа ие болды. Отбасылар, зейнеткерлер, цифрлық көшпенділер, кәсіпкерлер және салық жүктемесі маңызды адамдар үшін жеке тізімдер жасалды.

Мәселен, Эстония отбасымен көшуге ең қолайлы ел атанса, кәсіпкерлер санатында тек Сингапурға жол берді. Зерттеу авторлары зейнеткерлерге ең алдымен Малайзияға, ал цифрлық көшпенділерге Португалияға назар аударуды ұсынады.

Rumavi бұл индекс тәуелсіз зерттеу екенін және коммерциялық мүдделерге байланысты еместігін атап өтті.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button