Қазақстан бокс федерациясына жаңа басшы сайланды
Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының жылдық дәстүрлі жиыны өтті. Жиын барысында Федерацияның жаңа президенті болып Шахмұрат Мүтәліп сайланды, деп хабарлайды ortalyq.kz федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында қауымдастықтың бұрынғы басшысы Кеңес Рақышев өзі басшылық еткен төрт жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, әріптестеріне, бокс жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Федерацияның жаңадан сайланған президенті Шахмұрат Мүтәліп бұл қызмет өзіне артылған зор сенім әрі үлкен жауапкершілік екенін айтты. Сондай-ақ, дауыс берушілерге алғысын білдіріп, қазақ боксын дамыту, әлемдік деңгейдегі беделін көтеру жолында бар күш-жігерімен қызмет ететінін жеткізді.
– Бокс – біздің ұлттық спортымыз. Қазақстан бокс федерациясының тізгінін ұстау мен үшін абыройлы да, жауапкершілігі зор міндет. Ел боксының туын түсірмей, қазақ боксын әлемге асқақтата беру үшін бар күш-жігерімді саламын.
Париж Олимпиадасына іріктеу турнирінің қарсаңында команданың алдында жалғыз мақсат тұр. Бүгінге дейін қолға алынған жұмыстарды жалғастырып, дайындыққа бар күшімізді саламыз деген ойдамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірлесіп жұмыс істесек, алға қойған мақсаттарға жетерімізге сенімдімін, – деді Шахмұрат Мүтәліп.
Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысы Казцинк ауылында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған. Кәсіпкер, «Integra Construction KZ» ЖШС иегері. Үйленген, 3 баласы бар.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА