Жаңалықтар

Қазақ мәтіндеріндегі калька мәселесі: лексикалық калька

Заманауи қоғамда аударма үдерісінің қызметі ерекше. Себебі, ғылым мен технология дамуы қарқын алған жаңа ғасырда жаһандануға ашық болу қажеттігі халықаралық ақпарат ағынына жан-жақты жағдай туғызып отыр. Мұндайда ақпараттың көбіне дамыған елдер тілінен дамушы елдер тіліне қарай бейімделетіні түсінікті. Ендеше мемлекеттік статус берілген ұлттық тіліміздің қазіргі жағдайда реципиент (қабылдаушы) тіл екені даусыз. Қазақ тілінің реципиенттік сипаты, бір жағынан, терминология саласынан көрінсе, екінші жағынан, елімізде аударманың көбіне қай тілден қай тілге жасалатынынан да байқалады.

Орыс тіліне ресми және бейресми қатынастардың бәрінде мемлекеттік тілге жетеқабыл деңгейде құқық беріліп отырған Қазақстан Республикасында қос тіл (қазақ, орыс), дұрысында, үш тіл (қазақ, орыс, ағылшын) саясаты игеріліп келеді. Осыған орай ішкі қатынасымызға қатысты мәтіндердің әуелі орыс тілінде құрастырылып, қазақ тіліне содан кейін аударылу үрдісі бар. Мұның салдары қазақ тіліне аударылған, құжаттық сипаты бар мәтіндерді нормадан ауытқытып, оларды басы артық оралым мен тіркестің жиынтығына айналдырып отыр. Алайда, бұл – аударма үдерісіне қатысты мәселе. Аударма үдерісінің бейнорма үлгілері қазіргі қазақ мәтіндерінде де баршылық және мұндай мәтіндер – қазақ тілінде құрастырылған түпнұсқа мәтін. Бұдан байқайтынымыз – бүгінгі жазарман ойлау жүйесінің орыс грамматикасына ыңғайланғаны немесе қазақ тілінің ресми деңгейде әлі де жетіле қоймағаны. Ғылыми, ресми және публицистикалық стильде қазақша мәтін құрастырған автор қазақ тілінің лексика-грамматикалық мүмкіндіктерін ескермей, бар ойын орыс тілінің қалыбына салады. Осының ықпалынан қазіргі қоғамда «кеңсе тілі» қалыптасты. «Кеңсе тілінің» ерекшелігі – қазақ және орыс тілдерінің түйісінде. Қазақ түсінбейтін қазақша (ғылыми, ресми және публицистикалық стильде) мәтіндер осы қиылыстан пайда болады. Қазақ мәтіндеріне қатысты бұл проблема өткен ғасырдан бері бар, қараңыз: «Біздің жазушыларымыздың көбі – орысша оқығандар. Олар көбіне қазақшадан да гөрі орысшаға жетік. Жетік болмаса да, жетікке ұқсайды, жетік болып көрінгісі келеді. Сондықтан, олардың қазақша жазғаны да орысшаға ұқсап тұрады. Оны жазушының өзі секілді орысша оқығандар болмаса, қара қазақ түсіне алмайды. …Жазушыларымыздың көбі орысша оқыған соң, олардың қазақша жазғаны орысшаға ұқсаған соң, басылып шығып жатқан кітаптарымыздың да, газет-журналдарымыздың да тілі қазақша болмай, орысшаланған қазақ тілі болып отыр» [Дулатов М. «Еңбекші қазақ», 4.07.1926 ж., №141]. Аударма жасау барысында мәтінді сол аударма тілді тұтынушылардың дүниетанымына бейімдеу – аудармашыға қойылатын басты талап. Аудармадағы бейімдеу дегеніміз – «мәтінді оқырмандардың құзыреттілік деңгейіне бейімдеу, яғни оқырмандар ешкімнің көмегінсіз қабылдай алатын мәтін шығару» [Жақыпов Ж.А. Аудармашы анықтамалығы. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2009. – 176 б.]. Ендеше, қазақша құрастырылған мәтіннің қазақы дүниетанымға орайластырылуы – шарт. Алайда, жоғарыда келтірілгендей, қазақ жазарманы мәтін құрастыру барысында бар ойын орыс грамматикасының қалыбына салады да, салдарынан ұлттық сөйлеу нормасына жат, қабылдауға ауыр сөйлемдерден тұратын мәтін шығады. Сонымен, қазақы сөйлеу дағдысына сыйымсыз конструкциялар кальканы орынсыз қолданудан пайда болады. Калька – өзге тілдегі сөздерді немесе сөз тізбегін ана тілінің сөздер немесе морфемалар құрамымен сөзбе-сөз аудару [Тіл білімі сөздігі / жалпы ред. Басқ. Э.Д.Сүлейменова. – Алматы: Ғылым, 1998. – 544 б.].

Калькалауда да шарт бар. Ол үшін түпнұсқа тілдегі кей сөз, сөз тіркесі немесе сөйлемнің баламасы аударылатын тілде жоқ болуы тиіс. Аударылатын тілде жоқ болуы тиіс дегенде, әуелі «сол түпнұсқа нысанды аудару қажет пе, қажет болса, қалай берген тиімді?» деген мәселенің басын ашып алу қажет. Себебі, түпнұсқа тілдегі кей элемент екінші тілге аударылуға «зәру» бола бермейді, осыған орай аударма теориясында «түсіріп тастау» [Жақыпов Ж. Аударматануды аңдату: Оқулық. – Астана: ТОО «Искандер Ко», 2005. – 142 б.] деген термин бар.

Жалпы, қазақша құрастырылған қазіргі мәтіндерде кальканың екі түрі кездеседі, олар:

1) лексикалық калька;

2) грамматикалық калька. Ескере кетерлік жайт – бұлардың қай-қайсысы да қазақ мәтіндеріндегі сөйлемдерді нормадан ауытқытады. Алайда, өзге халықтың мәдениеті жайлы баяндайтын мәтіндегі кальканың жөні басқа. Лексикалық калька салдарынан кей сөз мағынасына сай қолданылмайды. Сөзді орнымен жұмсамау, біріншіден, ол сөздің орыс тіліндегі қолданысын ғана ескеруден орын алады. Мәселен, нәтижесінде және салдарынан сөзін алайық. Бұл сөздердің орыс тілінде көбіне в результате делінетіні белгілі. Сондай-ақ, в результате чего – соның салдарынан, соның кесірінен (соның нәтижесінде емес). Қазақ тілінде нәтижесінде деп жағымды жайт жайлы, салдарынан деп жағымсыз жайт жайлы баяндағанда қолданылады. Ал қазіргі қазақ мәтіндерінде бір ғана нәтижесінде сөзі, яғни орыс тілінен аударғандағы біріншілік баламасы ғана жұмсалып жүр. Мысалы:

– Жыл басынан бері облысымызда 107 өрт орын алды, нәтижесінде (дұрысы: салдарынан) 1 адам қайтыс болып, 5 адам жарақат алған;

– 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде және жазалау нәтижесінде (дұрысы: салдарынан) Қазақстан жеріндегі қазақтардың жарты миллионға жуығы кеміді;

– Мұндай зиян алуан түрлі алдау әрекеттерін жасаудың нәтижесінде (дұрысы: салдарынан) келтірілуі мүмкін;

– Соның нәтижесінде (дұрысы: салдарынан) осындай мүшкіл халге душар болған т.с.с. Екіншіден, сөзді мағынасына сай қолданбау сол сөздің мағынасын жете түсінбеуге байланысты, алайда мұның калькаға қатысы жоқ. Мысалы, қазақ мәтінінен кездескен Астындағы аты екі иінінен тыныстайды деген сөйлемді алайық. Иін сөзінің мағынасы иінағаш сөзімен байланысты. Қазақта екі иініне екі адам мінгендей – екі иығына екі адам мінгендей, иін тіресіп тұру (отыру) деген қолданыстармен қатар екі иінінен тыныстайды деген де фразеологизм бар. Демек, иін – иық деген сөз. Сонда иінағаш – иық үстіне қоятын ағаш (су тасиды). Ендеше бұл сөз тек адамға қатысты қолданылады. Жылқы екі иінінен тыныстамайды, бүйірі солықтайды. Лексикалық кальканың келесі бірі жіктеу есімдіктерінің орынсыз жұмсалымынан көрінеді. Және бұл Тіл – тұғыр Заманауи қоғамда аударма үдерісінің қызметі ерекше. Себебі, ғылым мен технология дамуы қарқын алған жаңа ғасырда жаһандануға ашық болу қажеттігі халықаралық ақпарат ағынына жан-жақты жағдай туғызып отыр. Мұндайда ақпараттың көбіне дамыған елдер тілінен дамушы елдер тіліне қарай бейімделетіні түсінікті. Ендеше мемлекеттік статус берілген ұлттық тіліміздің қазіргі жағдайда реципиент (қабылдаушы) тіл екені даусыз. Қазақ тілінің реципиенттік сипаты, бір жағынан, терминология саласынан көрінсе, екінші жағынан, елімізде аударманың көбіне қай тілден қай тілге жасалатынынан да байқалады. жағдайда лексикалық калька қазақ тіліндегі қосымшалардың грамматикалық мағынасын ескермеу не білмеуден жасалады. Қазақ тілінде жіктік жалғаулары бар және баяндауыш тұлғасы қабылдайтын бұл жалғаулар сол баяндауышты бастауышымен қиыстырып тұрады. Ал орыс тілінде мұндай грамматикалық мүмкіндік жоқ, сондықтан баяндауыштың үш жақтың қайсысына қатысты екені жіктеу есімдігі арқылы анықталады. Мысалы:

І жақ: Я – студент(…) Мен студент(пін)

ІІ жақ: Ты – студент(…) С е н студент(сің) І

ІІ жақ: Он – студент(…) Ол – студент(…)

Демек, қазақ тілінде жіктеу есімдіктерін орынсыз қолдану да нормаға қайшы. Мәселен, мен студентпін деудің орнына студентпін десек, І жаққа қатысты екені жіктік жалғауынан-ақ белгілі болып тұр. Жалпы, қазақ тілінің стилистикалық нормасы бойынша, жіктеу есімдіктері логикалық екпін түсіру мақсатында, яғни айтылыстың экспрессивтік бояуын қоюлату мақсатында болмаса, сөйлемге үнемі кірістіріле бермейді. Мысалы: Мен өгіз терісі талыспын, Сен бұзау терісі шөніксің тағы сол сияқты. Бұл жайт сілтеу есімдіктеріне де қатысты. Айталық, орыс тілінде бастауыш пен баяндауыш арасына сызықша қойылатын орында сілтеу есімдігі қолданыла береді. Алайда, ондай сөйлемді аудару барысында сол сілтеу есімдігінің қазақ тілі үшін қажетсіз екені ескеріле бермейді. Мысалы: Спорт – это жизнь ~ Спорт – бұл өмір. Қазақ тілінің ережесі бойынша, бастауыш пен баяндауыш арасына сызықша қоюдың бір шарты – баяндауыштың зат есім немесе заттанған сөз болуы. Сонда есім тұлғалы бастауыштан кейін сызықша қойылады. Спорт – бұл өмір деген сөйлемде заттық мағыналы бастауыш та, есімдік те бар. Демек, екеуінің қай-қайсысынан кейін де сызықша қойылуы керек. Бастауыш пен баяндауыш арасына екі сызықша қойылмайтыны және мәлім. Сондықтан, орыс тіліндегі это есімдігінің баламасын аударылған сөйлемге кірістірудің қажеті жоқ. Дұрысында сөйлем Спорт – өмір немесе Спорт деген – өмір болады. Және бірер мысал:

– Жаңартылған білім мазмұны – ол педагогикалық тәжірибенің өте күрделі құрамасы (дұрысы: …мазмұны – …бөлігі);

– Это правда? – Бұл рас па? Қазақ танымындағы сөйлеу дағдысында мұндай үлгі мүлде жоқ, түбірімен жат.

(Жалғасы бар).

Жанболат БАЙМҰРЫНОВ, «Bolashaq» академиясының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button