Бас тақырып

Қазақ балалары ойнаған қуыршақ қандай?

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген 3-10 жастағы қазақ балалары қолдан жасап, тігілген «қазақы» қуыршақпен ойнаған. Балалар оны қамысқа, шыбыққа мата орап, сыртына көйлек тігіп, өздері жасаған. Әдетте, қазақтың ескі қуыршақтарына бет-жүзі салынбаған. Десе де, қуыршақтың киімі қазақ халқының ұлттық киімінің дәл көшірмесі болған. Ұзын етекті, кең көйлекті. Ойыншық киіміне қарай қуыршақ қыз, қуыршақ қалыңдық, қуыршақ жігіт болып кете береді. Халқымыздың осындай ерекше құндылықтары Ресейдегі Кунсткамера музейінде сақталған. Мұны ХХ ғасырдың басында этнограф Клавдий Щенников қазақ даласынан жинап, музейге өткізген екен.

 

Ежелгі уақытта қазақ балалары ойыншықтармен тек ойын-сауық үшін ғана емес, өмірге бейімделу мақсатында да ойнаған. Мәселен, қуыршақтардың көмегімен балалар жас кезінен бастап өздерінің болашақ міндеттеріне үйренді, олардың қатарына шаруашылық жүргізу, мал бағу, аң аулау, соғыс, белгілі бір тұрмыстық заттар жасау және т.б.

Қазақ қуыршақтарының киіміне қарай түрлері болғанын атадық. Мәселен, музейге қойылған ойыншықтардың ішінде қуыршақ жігіт те бар. Бұл ХХ ғасырдың басында Ақмола облысы Петропавл уезінен табылған екен. Осындай ойыншық түрлеріне қарап, балалар «үйлену тойын» ойнағанын аңғаруға болады. Олар қуыршақ қыз бен жігітті лайықтап киіндіріп, «тойға» дайындаған.

Қуыршақ күйеу жігітті жасау үшін ағаш, мата, қауырсын мен жіп пайдаланылған. Оның бойы – 24 см болса, иығының жалпақтығы – 3,5 см.

 

Өткен ғасырдың басында Ақмола облысының аумағынан жинал­ған тұрмысқа шықпаған қыздарды бей­нелейтін қуыршақтар да музей­де тұр. Олардың ерекшелігі – жыл­қының жалынан жасалған бұрымы бар. Шаш­тың ұшына әшекей бұйым – шолпы іл­ген. Ол мыстан жасалыпты. Қуыршақтың бойы – 14 сантиметр болса, ені – 9 сантиметр. Ал, шашқа тағылған кішкене шолпының, яғни тиынның диаметрі – 2 сантиметр.

Қуыршақ қалыңдықтың бойы – 17, бас киімін қоса есептегенде 25 сантиметрге барады. Иығының жалпақтығы – 5,5 см, бетінің диаметрі – 1,8 сантиметр. Қуыршақ қалыңдық болғаннан кейін, киіміне ерекше мән берілген. Мерекелік бас киімі түрлі-түсті әйнектермен, маржанның кішкене бөліктерімен, түймелермен, темір тақтайшалармен, жүн жолақтарымен, үкі қауырсындарымен әшекейленген. Көйлегі кестеленген екен.

Қатарда камзол кигізген қуыршақтар да бар. Оны қазақ әйелдерінің дәстүрлі сырт киімі саналатын камзолдың толық көшірмесі деуге болады. Оны тігуге барқыт, шыт маталар, формалы киім үшін пайдаланылатын жіңішке алтын я күміс оқа және жіп пайдаланылған. Киім ұзындығы – 11 см, иығы 5 см, қолының ұзындығы – 5 см құрайды.

 

Сондай-ақ, қарапайым киім киген қуыршақтар да болған. Мәселен, қуыршақ әйелдің денесі шиден жасалып, матасы мақтадан тігілген. Бойы – 17,5 см, басының диаметрі – 1,5 см, ені – 1,5 см. Қуыршақ Ақмола облысының Атбасар уезіне тиесілі.

Осы ойыншықтардың бәрін қазақ балалары ертеде қолдан жасап, киімін өздері тіккенін айттық. Әсіресе, қыздар үшін қуыршаққа киім тігу – іс тігудің басы болған. Қуыршақтың киімін зерлеп, кестелеген. Осылайша, бұрынғылар балаларын тігіншілікке, ісмерлікке баулығаны байқалады.

Қуыршақтармен ойнағанда оның «жиһаздары» да қатар жасалған. Олардың төсек-орын жабдығы, жиһазы, кереует, кілемше, жастықша, оюлы пердесі болған. Кілемше барқыт, шұға маталарынан тоқыма баумен және жіппен тігіліпті. Ұзындығы – 25 сантиметр, ені – 12 сантиметрді құрайды.

 

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ балалары ойнаған қуыршақтардың бет-жүзі жоқ. Оған ата-бабаларымыздың «жын әлемді аралап жүреді және адамға ұқсас суретке еніп алуы мүмкін» деген түсінігі кедергі болса керек. Сондықтан, қазақ ертеде түрін адамға ұқсатып ойыншық жасамаған.

Сондай-ақ, Кунсткамера музейінде этнографиялық және археологиялық коллекция жинаушы Самуил Дудиннің 1899 жылы сол кездегі Семей облысы, Саумалкөл маңында түсірген қуыршақтар суреті сақталған. Онда қуыршақ қыздан бастап қуыршақ әжеге дейінгі ойыншықтарды көруге болады. Тіпті, қуыршақтарға арналған тұскиіз бен жастық, ойыншық иесінің кішкентай сөмкелері де бар.

Суреттер Кунсткамера музейінің рес­ми сайтынан алынды

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button