Медицина

Аяздың да пайдасы бар

Қаңтардың қақаған аязы денсаулыққа пайдалы болып шықты. Мамандар аяз күшейгенде жіті респираторлық вирустық инфекцияның таралуы саябырсығанын айтады. Қазір жыл соңындағыдай дүрлігу байқалмайды. Десе де, вирус біржола құрыды дей алмаймыз.

ЖРВИ деген топқа тұмау, риновирустар, коронавирус та, аденовирус пен тыныс алу жолдарының қабынуын тудыратын басқа да инфекциялар кіреді. Мамандардың айтуынша, адам онымен жыл бойы ауыруы мүмкін, бірақ, күз бен қыста өршиді. Сондықтан, дәл осы кезеңде профилактикалық шаралар колдану керек.

– ЖРВИ тудыратын 200-ден астам вирус түрлері бар. Көпшілігінің белгілері ұқсас. Дене қызуының көтерілуі, қалтырау, жалпы әлсіздік, бас ауруы мүмкін. Кейде конъюнктивит те пайда болады. Қазір жыл соңындағыдай емес, тұмаудың таралуы біршама басылды, – дейді №1 көпбейінді аурухананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Любовь Ковалева.

Негізінде көп жағдайда респираторлық вирустық инфекциялар жеңіл өтеді және өздігінен кетеді. Себебі, вируспен иммундық жүйе күреседі. Ал, егер вирус төменгі тыныс жолдарына енсе, ауру асқынып, салдарынан бронхиттен басқа, вирустық пневмония пайда болуы мүмкін.

– Ауруханаға осы эпидемиологиялық кезеңде ауырған 4 937 адам тіркелді. Оның 1 612-сі – бала. Екі адамда пневмония болып, жағдайы ауырлады. Зерттей келе, олардың коронавирус екені анықталды. Қазір екеуінің де жағдайы қалыпты, – дейді бөлім меңгерушісі.

Оның айтуынша, вирустың өршіп тұрған уақытында көпшілік жерлерге баруды қойып, гигиеналық шараларды көбейту керек.

– Көпшілік жиналған іс-шараларға баруды шектеу, ауырған адамдармен тым жақын араласпау және мүмкіндігінше қолды жиі жуу қажет. Ауырып қалған болса, еңбекке жарамсыздық бюллетенін алу керек. Қоғамдық көлікте көп жүрмеу, өзгеге жұқтырмас үшін маска таққан дұрыс. Сондай-ақ, үйіңіз бен жұмыс орныңызды жиі тазалап отырған жөн. С дәруменін үнемі қолдану ЖРВИ-мен ауыру ықтималдығын төмендетпейді, дегенмен, кейбір жағдайларда аурудың ауырлығы мен ұзақтығын азайтады, – дейді Любовь Михайловна.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, тұмаумен ауыру деңгейі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе жоғары.

Тұмаудың зертханалық расталған 297 жағдайы тіркелген. 66 жағдайда А1, 231 жағдайда В тұмауы. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 120. Өңірде айналымда тұмауға ұқсас вирустар да бар. Ағымдағы маусымда ЖРВИ белгілері бар науқастардан шамамен 1152 үлгі зерттелді. Тұмауға ұқсас вирустардың үлес салмағы 14% шамасында. Олар негізінен риновирус, РС вирусы, аденовирус екені белгілі болды.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button