АймақТеміртау

«Ауылыңда қартың болса…»

Иә, біздің қазақта «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген осындай бір керемет нақыл бар. Мұны айтқанда, көз алдыма кешегі алаңсыз бала күнім елестейді. Мен туып-өскен Бұқар жырау ауданындағы Үлгі ауылында көкірегі көмбе, аузы уәлі, сөзі дуалы қариялар аз болмады. Олардың алды патша заманын, берісі Кеңес өкіметі кезіндегі кәмпеске, ашаршылық жылдарын, Ұлы Отан соғысы мен тың игеру кезеңдерін көргендер еді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Отырған отырыстары, киген киімдері мен жүріс-тұрыстары, сөйлеген сөздері, сән-салтанаты сондай келісті болатын. Ең аяғы қойған сақал-мұртына дейін өздеріне жарасып тұратын. Тіпті, жас баланың өзіне «Сіз» деп сөйлейтін әдебі мен әдеттері қандай еді десеңші! Өзіміздің ауылдағы осы сияқты Мұқан, Зейлакпар, Жандай молдалар, Мұқыш, Жұмаш, қос Құрманғали, Диқанбай, Боқай ақсақалдар айтқан ұлағатты әңгімелер, ертегі, жырлар, шерткен шежірелер әлі күнге көкейімде сайрап тұр. Соны естіп, тыңдау үшін атамның жанынан бір елі қалмай, әр қонаққа еріп баратыным есімде. Жалғыз менің ғана емес, ауылда өскен қатарластарымның ойында осы естелік мәңгі сақталып қалған шығар…

Кейін есейе келе, осынау абзал жандардың қатары сиреп, өз тұсымыздағы кейбір ата сақалы аузына біткен кейбір қарттарымыздың жасына жараспайтын ерсі қылықтарын көргенде, кәдімгідей қарным ашатынын жасырмаймын. Бұлар торқалы той, топырақты өлімде бәтуалы, салиқалы сөз айтудың орнына өздерінің бригадир, не бастық болғанын, арақ ішіп, карта ойнағанын, қыз-келіншекке «қыр­ғидай тигенін» мақтан етіп, күпінгенде, бетіңнен отың шығып, тұра қашқың келеді. Ол – ол ма, жиын-тойларда «Қартайғанда кәрі боз жорға шығадының» керімен кәрі сүйегін саудыратып, жастармен қосыла «Қара жорғаны» итеңдеп, ирелеңдеп билейтіндерін қайтерсің. Соған қарап, көшелі де көргенді қарияларымыздың қарасы жоғалып, мүлдем құрып кетті деу­ден аулақпыз. Олар ортамызда әлі де бар. Бастары жиылып, жер-жерде Ақсақалдар кеңесін құрып, хал-қадерінше өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие көрсетіп жүрген де солар.

Міне, егемендігімізді алғаннан бергі уақытта жан-жақтағы ауылдардан, алыс-жақын шет елдерден көшіп келген қандастарымыздың есебінен қазағы көбейген Теміртау қаласында жуырда осындай игі іс қолға алынып, Аталар мектебі құрылды. Бұған дейін мұнда бір емес, үш бірдей Ардагерлер кеңесі болған. Оның бірін «ҚарМет» ардагерлері құрса, қалған екеу­ін Монғолия мен Өзбекстаннан келген қарияларымыз ұйымдастырған екен. Енді қаласының әкімдігі мен оның ішкі саясат бөлімі осыларды ұйыстырып, өзара ауызбірлікте жұмыс істейтін бір ғана Аталар мектебін құруды ұйғарыпты.

Осыған байланысты қалалық мешітте 200-дей теміртаулық ақсақалдың басын қосқан жиын өтіп, одан әрі әңгіме оларға арнап жайылған дастарқан басында өрбіді. Үлкен ас үстінде сөйлеген сөзінде Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев:

– «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, бүгін біздің қаламыздағы үш Ақсақалдар кеңесінің ортақ мәмілеге келіп, бір Аталар мектебіне бірігіп жатқаны құптарлық. Ендігі жерде сіздер аға және жас буын арасындағы үзілгелі тұрған сабақтастықты жалғап, жас ұрпақ тәрбие­сіне белсене кірісіп, аянбай атсалысады деп ойлаймын. Ақсақалдар институтын нығайту, олардың жұмысын жандандыру жөнінде еліміздің Президенті де осыны айтады, – деді.

Шынында да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатты назар аударып, Ұлттық Құрылтайдың биылғы өткен үшінші отырысында: «Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек» деп тапсырды.

Міне, осы міндеттерді орындау жолында Теміртау қаласында жаңа ғана құрылған Аталар мектебінің атқарар шаруасы аз емес. Сол мақсатта дастарқан басына жиылған ақсақалдар сүбелі ойларын ортаға салып, пікір бөлісті. Әсіресе, қазіргі таңда дін мен дәстүрге қатысты өзекті пікірлер айтылып, әсіредіншілдікке салынып, ұлттық болмысымызды мансұқтап жүргендерге оң бағыт беріп, дұрыс жолға салу керектігі қозғалды. Осы ретте аталған мешіт қызметкерлері де ақсақалдарға бұл бағытта бірлесе жұмыс істеп, жастармен жиі кездесулер өткізіп, ұрпақтар сабақтастығын жолға қоюды ұсынды.

Сонымен, «Ауылда қартың болса…» деген сөздің қала жұртшылығына да қатысты айтылғанын көріп, көзіміз жетті. Ендеше, Теміртау қаласында құрылған Аталар мектебіне сәттілік тілейік.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button