Аймақ

Ауылды қолдау да, қорғау да қажет

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа 7 жылдық мерзімге қайта сайлануына байланысты ұлықтау рәсіміндегі сөздерін толық тыңдап және одан кейін бірнеше оқып шықтым. Президент жауапкершілігіне орасан зор міндеттер алды. Ата Заңымызға қолын қойып, бүкіл халыққа ант беріп, «…Мемлекет, ел мүддесі мен үшін бәрінен биік, ел сенімі мен үшін ең үлкен жауапкершілік», – деп толғана сөйлеуі біле-білген адамға өте керемет әсер қалдырғаны анық. Орасан жауапкершілікті мойнына алу, «орындаймын», «орындатамын», «барлық күш-жігерімді жұмсаймын» деп серт беру әркімнің қолынан келмейді.

ауыл
Сурет интернеттен алынды

«Қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салуға болмайды, бірден іске кірісуіміз керек», – деген Президент ұлықтау рәсімінен кейін бес Жарлыққа қол қойды. Соның ішінде, бірінші қол қойғаны ауылдық аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған концепциясы. Бұл ауыл адамы, ауыл шаруашылығы маманы ретінде өзіме зор әсер етті. Яғни, Президентіміздің халықтың тең жартысына жуығы мекендеген ауыл мен ауыл шаруашылығын экономиканың қозғаушы күші, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қымбатшылықты құрықтаушы, мықты ауыл ғана мықты мемлекеттің алтын діңгегі екеніне әбден көзі жеткені деп қабылдадым.

Ендігі мәселе – осы тапсырманы орындауға Үкіметтен бастап барлық деңгейдегі басшылардың бар күш-жігерлерін жұмсауында. Тағы бір айта кететін жайт бар. Осы арада ауыл шаруашылығы өндірісін қоса дамыту бағдарламасы бірге қабылданса деген ой туады. Өйткені ауылды қанша әспеттеп, жолы, суы, білімі, медицинасы, мәдениеті көтерілгенімен, ауыл шаруашылығы өндірісі қатар дамымаса, пайдалы жұмыс орыны ашылмаса, ауылда ешкім тұрақтамайды. Сондықтан, «Ұлттық азық-түлік концепциясының» қабылданғаны абзал деп есептеймін. Ауыл шаруашылығын тығырықтан шығаратын 40 пункттен тұратын ұсыныстарымыз да бар. Бұл орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті жердегі ауыл мамандарымен де кеңескені ләзім. Жалпы, Президент бағдарламасында қоғамның қамтылмаған бірде-бір мәселесі қалмады. Тек әділетті Қазақстанды құру жолында Президентке бүкіл халықтық қолдау көрсету – баршаның міндеті деп есептеймін!

Ниқанбай ОМАРХАНОВ, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі»

Басқа материалдар

Back to top button