Бас тақырып

Ауылдың бағы қашан жанады?

«Бәйсейітова көшесінде жарық жоқ». «Оразалин көшесінде жарық неге сөнді?». «Шорин көшесінде жарық қашан жанады?». Бұл – Ақтоғайдың ел құлағын әбден жауыр қылған, шешімін таппай келе жатқан ең күрделі де күрмеулі проблемасы.

Кеңес үкіметі күйреп, елді электр қуатымен жабдықтау жүйесі тігісінен сөгілді. Қалыпты ырғағынан жаңылған энергетика саласы өндіруші, таратушы, жабдықтаушы болып жеке-жеке бөлініп, үй ішінен үй тіккен қожайындардың қолына өтті. Тігілген үй-үйдің ара-арасын сыналап, пайда көздеген көлденеңді көк атты делдалдар килікті. Оның арты «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кебін киді. Өндіруші мен тұтынушы арасында әлденеше делдалдан өткен электр қуатының құны аспанға шарықтады. Ол – өрімін өз алдына жеке тарқатып, бөлек шертетін әңгіме. Ал, біздің сөз Ақтоғайдың бүгінгі жарығының жай-күйі.

Әлқисса, тоқсаныншы жылдары Ақтоғай халқын жарықпен жабдықтауды «Энергия» ЖШС өз мойнына алды. Алайда, серіктестіктің қарына ілген шоқпары шектен тыс ауыр соғып, қауқары тұтынушылардан электр қуатына тиесілі төлем жинаудан әріге аспады.

Жылдар жылжып, уақыт өте келе ауылішілік электр торабы мен өзге де техникалық жабдықтар тозып, үп етіп жел тұрса, жалп етіп жарық өшетін халге жетті. Бұл – кейінгі жиырма жылдың мұғдарындағы жарықтың аудан орталығындағы ахуалы. Ал, өзге – ауданға қарасты ірілі-ұсақты ауылдар мен елдімекендердің жағдайын сөз етсек, еңіреген елге қосылып өзіңіз де егіліп қоя бересіз.

Сонымен, ауданның жарығы «Энергия» ЖШС-нің құзырына өтті дедік. Тек «Энергия» ЖШС-нің ғұмыры өкінішке қарай ұзаққа барған жоқ. Тапқан-таянғаны үзілген желі, бүлінген техникалық жабдықты жамап-құрсаудан артылмай, қарызға белшеден батты. Ақыр соңында «Жезказган Энергосбыттың» иелігіне өтіп тынды.

Кәсіпорын мен аудан әкімдігінің арасындағы әрі тарт, бері тартпен электр жүйесінің 70 пайызы қазіргі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі қарауына өткен. Әйтсе де, мұнда желіні қарап, қадағалап отыратын бірде-бір электрші маман штатта әлі күнге жоқ. Ауылда жарық сөнген жағдайда ауыл әкімі дербес электршілердің қызметіне жүгініп, тығырықтан шығып отыр. Заң тұрғысынан келгенде бұл қаншалықты дұрыс?

Бәле-жала шақырудан аулақпыз. Бірақ, арнайы рұқсаты жоқ электрші маман оқыс жағдайға тап болса, жауапкершілікті кім мойнына алады? Мұндай оқиға бұрынырақ ауылдардың бірінде болды да.

Өткен жылы алапат дауыл тұрып, Ақтоғай ауылының электр желісі апатты жағдайды бастан кешті. Қаусап тұрған электр бағандары, қамсау таппай құлап, тозып, ақжемденіп тұрған сымдары әлденеше жерден бытыр-бытыр үзілді. Құдай оңдап, төтенше жағдайға байланысты мемлекет қомақты қаржы бөліп, қисайған, жантайған бағандар қалпына келтіріліп, алқамсалқам сымдары алмастырылып, ауылішілік электр желісі көп-көрім жобаға келіп қалды. Одан тысқары әр жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл ішін жарықтандыру бағытында қыруар жұмыс атқарылып отырғанын да айта кеткен орынды.

Бұрын жарық электр желісі мен жабдықтарының тозуына байланысты сөніп келген. Енді, жарықтың жиі-жиі өшуіне трансформатор (КТП) себепші болып отыр екен. Кеңес өкіметі тұсында ауылішілік желінің ұзақтығына қатысты электр қуатын 21 трансформатор реттеп келді. «Қазір ол жұмысты бар-жоғы 11 трансформатор атқарып отыр, – дейді Ақтоғай ауылының әкімі Қайыр Болғанбаев. – Автоматтар демілдеміл күйіп кете береді».

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ардагер Қапашов қалған электр желісін қайтарып алу бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтады.

Сот шешімін әуелде «Жезказганэнергосбыт» пайдасына шешті. Біз қайта сотқа бердік. Қалған 30 пайыз желіні – Сәуле, Жалаңаш, Үшарал, Қуаныш, Ақтас, Сарытерек, Шабанбай би, Ақжарық елді мекендерін қамтып отырған электр желісін қайтарып алмай жергілікті бюджеттен қаражат бөле алмаймыз, – деген бөлім басшысының жауабы біраз мән-жайды ашып берді.

Түсінуімізше, елді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету үшін трансформаторлардың санын арттыру қажет. Өкінішке қарай, өз балансында жоқ электр торабына аудан қаржы жұмсай алмайды. Таразы басы қай жаққа ауары да тек бір құдайға аян. Ақтоғайдың бағы жанса, жарық та жанады. Тек, «арадағы даудан неге қарапайым халық зардап шегуі тиіс?» деген сауал ғана маза бермейді…

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button