Басты тақырыпНұра

Ауылда спорт кешені ашылды

   Нұра ауданына қарасты «Шахтер» ауылында Конституция күніне орай дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені ашылды. Мұнда бір күнде 100-ден аса бала бірнеше секцияларда  жаттыға алады. Кешенді салуға облыстық бюджеттен 156 млн. теңге, «Шахтерское» серіктестігінен 100 млн. теңге қаражат жұмсалды.

– Айтулы мереке қарсаңында жаңа кешеннің іске қосылып жатқаны – аудан тарихындағы аса маңызды оқиға. Бұл қадам ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік береді. Өткен жылы аталған ауылда заман талабына сай жабдықталған көкөніс қоймасы, жүзу бассейні ашылған еді. Осындай игі істер облыстық мәслихаттың депутаты, «Отан» орденінің иегері Г.Прокоп басшылық етіп отырған «Шахтерское» серіктестігінің арқасында жүзеге асуда. Ал, ауылдық жерде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын тиімді іске асыру мен нағыз патриотизмнің айғақ  көрінісі болып отыр, – деді аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың атынан игі тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Мұратбек Тұраров.

Ал, салтанатты шараға қатысқан игі жақсылар қатарында облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, жерлесіміз, Нұра ауданының «Құрметті азаматы» Дауылбай Құсаинов болып, ізгі тілектерін білдірді. Әбілғазы Құсайынов ҚР Кәсіподақтар федерациясының атынан Г.Прокопқа Алғыс хат табыс етті.

Ал, Г.Прокоп болса ауылдың әлеуметтік саласын мықтап көтеріп келе жатқан білгір, алғыр басшылардың бірі. Бұл спорт кешені ауыл тұрғындарының жарқын болашағы үшін серіктестік күшімен тұрғызылған алтыншы әлеуметтік ғимарат. Мұнымен бірге, келесі жылы ауыл балаларына арнап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жаңа мектеп ғимаратын тұрғызу да жоспарлануда.

Сөйтіп, жаңадан бой көтерген қос қабатты ғимаратта үш зал жұмыс атқарады. 160 көрерменге арналған мінбері бар әмбебап ойын залында залда бокс рингі де орнатылған. Күрес залы және тренажорлық тағы бар. Нысанның аумағы 1337 шаршы метр. Бұл ғажап ғимаратта тек «Шахтер» ауылының тұрғындары емес, көршілес ауылдардың спортқа қызығушылық танытқан балалары да жаттығатын болады.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button