Облыс әкімі

Ауыл тұрғындары ауызсумен қамтылады

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен бейнеселектор режиміндегі кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде елдімекендерді сумен жабдықтау және су беру жүйелерін дамыту, сондай-ақ қызметкерлерді шоғырландыру туралы маңызды екі мәселе қаралды.

Жаңа уәкіл жұмысқа кірісті

Алқалы жиында сөз бастамас бұрын, аймақ басшысы алдымен өңірдегі кадрлық ауыс-түйіс мәселесіне тоқталды. Сөйтіп, облыс әкімшілігі аппаратында әдеп жөніндегі жаңа уәкіл болып Гульнара Кабдыкаримова тағайындалды.

Гульнара Раймкуловна Кабдыкаримова 1963 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 1986 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2012 жылы – «Болашақ» университетін бітірген. Мамандығы инженер-экономист, құқық бакалавры. Ағылшын тілін меңгерген.

Политехникалық институтты бітіргеннен кейін және 1997 жылға дейін «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестіктің тау-кен өндіруші учаскесінде жұмыс істеді. 1998 жылы Совет ауданының салық комитетінде заңды тұлғалар бөлімінің салық инспекторы болды. 2005-2011 жылдар аралығында Қазыбек би атындағы аудан әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет етті.

2011-2017 жылдары Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік санитарлықэпидемиологиялық қадағалау департаменті, Қарағанды облысының тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департамент басшысының орынбасары болды. Ал, 2017 жылдан бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін Қарағанды облысының қоғамдық денсаулық департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс атқарды.

Арыс тұрғындарына – арнайы көмек

Облыс әкімі Арыстағы оқыс оқиғаға тоқталып, зардап шеккендерге Қарағанды облысы тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекбаев баяндады.

  • Осы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев бастаған азаматтар оқиға орнында жұмыс жасауда. Штаб құрылып, жұмысқа қажет коммуникация тартылды. 519 пәтері бар 11 көпқабатты үй жөнделеді. Сондай-ақ, 72 жеке тұрғын үй тағы бар. Барлық нысан тексеруден өтті. Оқиға салдарынан 591 ғимаратқа зақым келіпті. 59 нысанда жөндеу жұмыстары басталды. Оған 150-ге жуық адам тартылды. Бұл жұмыстар 1 ай мерзімі аралығында тәмамдалады, – деді Ермағанбет Бөлекбаев.

Сондай-ақ, Арыс тұрғындарына жасалып жатқан гуманитарлық көмек мәселесі де айтылды. Ол туралы «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова жеткізді.

  • Оқиға орын алған күннен бастап облыста Арыс тұрғындарына қолдау қарқынды жүргізілуде. Партияның облыстық филиалы ғимаратында гумманитарлық көмекті жинау пункті ашылды. Сондайақ, осы тектес пунктер партияның барлық аумақтық филиалдарында жұмыс жасап тұр. 24, 25, 28 маусым күндері әуе қозғалысы және автокөлік арқылы 28,5 тонна алғашқы қажеттіліктегі түрлі тауар өнімдері жіберілді. Олардың қатарында азық-түлік, жеке бас тазалығы заттары, дәрі-дәрмек бар. Жалпы құны – 1 млн. теңге, – деді Қадиша Оспанова.

Өз сөзінде аймақ басшысы Арыста жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын 1 айдың көлемінде тәмамдау қажеттігін алға тартты.

«Судың да сұрауы бар»

Ал, күн тәртібіндегі елді мекендерді сумен жабдықтау және су беру жүйелерін дамыту мәселесі туралы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов тарқатып айтты.

  • Облыс халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бойынша, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы және қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Осы күні орталықтандырылған су жүйесі қалаларда 92% болса, ауылдық елді мекендерде бұл көрсеткіш 85%-ды құрап отыр. Осы жылы жұмыстар «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы және «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобасы негізінде жүзеге асуда. Биылғы жоспарлы қаржыландыру көлемі 8,6 млрд. теңгені құрайды. Бөлінген қаражатқа 300 шақырымнан астам су және кәріз желісін құру көзделуде, – деді Ұлантай Үсенов.

Оның айтуынша, 10 инженерлік нысанды қолданысқа енгізе отырып, қалалардағы су жүйесін 97%-ға, ауылдық елді мекендерде 87%-ға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, жүргізілген жұмыстар сумен қамтамасыз ету желілерінің тозуын 67%-ға, су бұру желілерінің қолданыстан шығу қаупін 78%ға төмендетуге жол ашады.

Тағы бір айта кетерлігі, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті құруға байланысты «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша 24,9 млрд. теңгеге өтініш жіберілді. Сондай-ақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 4,6 млрд. теңге сұралған екен.

Осы күні облыстағы 9 қаланың төртеуінде сумен қамту 100%-ға жетпей отыр. Олардың қатарында Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Қаржал қалалары бар. Соған байланысты, аталған қала әкімдері жаңадан су желілерін құру және қолда бар желілерді жөндеуден өткізу, жаңа абоненттерді қосу жөнінде жобалаусметалық құжаттарды әзірлеуі тиіс.

Бұдан бөлек, аймақтағы 421 ауылдық елді мекеннің 187-сі орталықтандырылған су жүйесімен қамтылмай келеді. Соның ішінде, 8 ауылдық елді мекенге су арнайы жеткізіліп отырады. Сондықтан, қала және аудан әкімдеріне биыл 1 елді мекенді орталықтандырылған су жүйесімен қамту бойынша жобалау-сметалық құжатын әзірлеу тапсырылды. Өзге елді мекендердің жобалық-сметалық құжаты 2023 жылдың соңына дейін әзірленіп, бітеді.

Ал, тұрғындары 200 адамнан кем ауылдарға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су тазалаудың кешенді блок-модулін орнатуды ұсынуда. Бұл блок-модуль орталықтандырылған су жүйесін салуды қажет етпейді. Қазіргі күні министрліктің ұсынысын жүзеге асыру-асырмау мәселесі талқылануда.

Облыста бас-аяғы 10 тазалау кәріздерінің құрылысы бар. Қолданылу мерзімі – 40-50 жыл. Соған байланысты, тозуы да 60-70%-ға жеткен. Осы күні кәсіпорындар қолданатын тазалау технологиялары ескірген. Бұл мәселенің шешімін табу мақсатында мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларға сүйене отырып, тазалау құрылыстарын қайта құру жөнінде өтініштер берілді.

  • Ұлытау кентінде тазарту құрылғыларын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Абайда қазір кәріз желілері, кәріз тазалау құрылғылары мен сорғы станциялары салынып жатыр. Қарабаста кәріз желілері қайта құрылуда, – деді Ұлантай Үсенов.

Сондай-ақ, Қарқаралы ауданына қарасты Қарағайлы кентінде тазарту құрылғыларының құрылысы жоспарланған. Бұл үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, ол мемлекеттік сараптамадан өтуде. Келесі жылы Дубовка кентінде су тарту желілерінің және кәріз сорғы станцияларының құрылысы басталады.

Жалпы, өңірде барлық елді мекен тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Облыс қалаларында бұл мәселені толық шешу 2021 жылға, ауыл, аудандарда – 2023 жылға жоспарлануда.

Маман тапшылығы – маңызды мәселе

Бұдан соң, өңірдегі медицина қызметкерлерінің баспаналы болуы мәселесіне қатысты облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев баяндады. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Енді бұдан былай медициналық жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант есебінен білім алған түлектер мемлекеттік ұйымдарда кемі 3 жыл қызмет етуі тиіс.

Биыл сәуірде жұмыс берушілер мен медициналық оқу орындары түлектерінің дәстүрлі кездесуі ұйымдастырылды. Сондайақ, ENBEK.KZ порталында 50 медициналық ұйым тіркелсе, соның 9-ы ауылдық елді мекенге тиесілі. Сөйтіп, осы облыста қызмет етуге 458 түлек ниет білдірді. Соның ішінде 81 түлек ауылдық елді мекенде қызмет етуге келісім берген. Жұмыс істеп келе жатқан зейнеткерлік жастағы мамандар мен бала күтімі демалысындағы әйелдерді ескере отырып, облыста дәрігерлерге деген сұраныс 115 маманды құрап отыр. Қыркүйекте түлектерді қызметке орналастырудың екінші толқыны болмақ. Нәтижесінде, жыл соңына дейін тағы 50 маман қызметке кіріседі деп жоспарлануда. Сөйтіп, дәрігерлерге деген сұраныс жыл соңында 50-55 маманнан аспайды.

Ақ халатты жандарды қызметтік тұрғын үймен қамтудың аймақтық бағдарламасы жұмысын жалғастыруда. Жыл соңына дейін Абай, Қарағанды, Жезқазған қалаларында тағы 27 пәтер беріледі. Теміртау қаласы әкімдігі мен облыстың денсаулық сақтау басқармасы бірлесе отырып, денсаулық сақтау жүйесі балансына ғимарат беру мәселесі талқылануда. Онда дәрігерлерге арналып 60 қызметтік пәтер ұйымдастырылады. Қаражал қаласы мен Қарқаралы ауданында да 28 пәтер берілмек. Ақтоғай, Бұқар жырау аудандарында 3 пәтерден беріледі деп күтілуде. Қарағанды қаласындағы №1 қалалық аурухана басшылығы 12 пәтерді жөндеуден өткізудің жобалау-сметалық құжатын әзірлеуде.

2021 жылы облыстық балалар клиникалық ауруханасының ескі ғимаратын жөндеуден өткізуді бастау жоспарлануда. Сөйтіп, Қарағанды қаласының жас мамандарына 104 пәтер берілмек ойда. Шақырылған мамандарды қызметтік баспанамен қамту алдында медициналық ұйымдар оларға арнап пәтер жалдау үшін қаражат қарастыратын болады. Себебі, дәрігерлерге қолдау көрсетілетін аймақтарда ақ халатты жандарға деген сұраныс та аз екені байқалады.

Сөйтіп, биыл Теміртауға 72, Балқашқа 20, Жезқазғанға 19, Сәтбаевқа 9, Приозерскіге 4 түлек барады. Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданы – 15, Шет ауданы – 12 түлекті қабылдайды. Сөйтіп, Шет ауданындағы маман тапшылығы толық өтеледі.

Жиын соңында аймақ басшысы басқарма басшылары мен қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелі жалғастыруды тапсырды.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Басқа материалдар

Back to top button