Жаңалықтар

Ауылға – өркениет игілігі

Елімізде қала мен ауыл арасындағы цифрлық айырмашылықты жою бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жоспар бойынша, 2022 жылдың соңына дейін халықтың 97%-ы кең жолақты интернет желісіне қосылуы керек. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгінде 117 қала мен 3 324 ауылға кең жолақты интернет желісі орнатылған. Енді ауылдың жерлерді кең жолақты интернетпен қамту мақсатында 2018-2022 жылдары талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда.

  • Халық саны 50 адамнан асатын елді мекендерді интернетпен қамту бағытындағы жұмыстар жоспарланған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылы 5089 ауылға интернет желісі тартылады. Бұл жұмыстар Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген әлеуетті ауылдардың тізімі бойынша жүзеге асады, – дейді Асқар Жұмағалиев.

Ауылға орнатылған интернеттің тарифі қаладағымен бірдей болатынын да айта кеткен жөн. Бағаны бақылауда ұстау мақсатында интернет қызметін ұсынатын компанияларға салықтық жеңілдіктер қарастырылмақ.

Үкімет сағатында Қазақстанды 5G жылдамдықтағы интернет желісіне қосу мәселесі де көтерілді. Министрдің мәлімдеуінше, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Hub» аумағында 5G желісін коммерциялық негізде іске қосу жұмыстары аяқталуда. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткен сынақ жақсы нәтиже көрсеткен. Жоспар бойынша, 2023 жылы облыс орталықтарының барлығы 5G желісімен қамтамасыз етіледі.

Басқа материалдар

Back to top button