Вакцинация

Ауру қайдан демеңіз

Вакциналау басталғанда айтылған вакцина алуы тиіс 10 миллионға жуық қазақстандықтың бүгінгі таңда 8 029 779-ы бірінші компонентін алды. Бұл 70,5%-ды құрайды. Екінші компонентті алған 7 128 454 адам, яғни, 62,6%-ы вакцинаның толық курсын алған. Қарағанды облысында 545 527 вакцинаның бірінші компонентін алса, екіншісін алғандар қатары – 485 015 адам.

Вакциналау облыс орталығында қарқынды жүргізіліп жатыр. Емханалардан бөлек сауда үйлеріндегі вакциналау пункттері екпе алуға мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Сондықтан, Қарағандының вакциналау ісіндегі үлес салмағы жоғары.

Кейінгі бірнеше апта аймақтағы эпидемиологиялық ахуал тұрақталғандай. Тәулігіне 2 мыңға жуық жағдай тіркеледі. Инфекцияның таралуы бір-екі ай бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 1,2 есе төмендеген. Инфекциялық стационарлардағы төсек орын саны да азайды. 1 тамыздағы 56%-дан қазір 36%-ға төмендеді. Дәл солай реанимациялық бөлімдегі орын саны 45%-дан 33%-ға азайды. Дегенмен, мамандар әлі де сақтық шараларын ұстанып, денсаулықты күтуге, бастысы вакцина алуға кеңес береді. Коронавирустан бөлек, қазір тұмаудың белең алатын шағы. Респираторлық аурулардың таралуын қол гигиенасын, арақашықтықты сақтап, науқас адамдармен байланыстан аулақ болған жөн. Қазан айының басынан «сары» аймақта болса да бизнес субъектілері де, тұрғындар да карантиндік шараларды сақтамайтынын аңғару қиын емес. Тыйым салынған бұқаралық іс-шараларды өткізу, қарапайым сақтық шараларын қолданбау індеттің қайта белең алуына алып келмесін. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда коронавирустың төрт толқыны өтті. Мұның барлығы індеттің жаңа штамдарының пайда болуына тікелей байланысты. Жазда бастан өткерген соңғы толқыны кезінде күніне 7800-8000 жағдайға дейін анықталып жүрді. Вирустың жаңа мутациялары жаңа штамдарды туғызып отыр.

Қазір әлемнің 192 елі коронавирустың «дельта» штамымен күресуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарламасында айтылғандай, бұл мутация вирустың таралуын тездетіп, одан болатын асқыну жағдайларын арттырды. «Дельта» штамы алғаш рет 2020 жылдың қазан айында Үндістанда тіркелді. Одан бір ай бұрын Ұлыбританияда «альфа» аталған штамм анықталып еді. Ол қазір әлемнің 195 елінде бар. 2020 жылдың тамызынан бері белгілі «бета» нұсқасы 145 мемлекетте тіркелген. «Гамма» штаммы 99 елде анықталды. «Йота» штамы былтыр қарашада Нью-Йоркте анықталғанымен, биыл жазда жиі айтыла бастады. Дегенмен, мамандар әзірге қауіптісі «дельта» екенін ескертеді. Себебі, оның вакцинаға «беріле қоймайтын» сипаты әлем елдерін қайта екпе алуға мәжбүрлеп жатыр.

Індетпен күреске қолда бар барлық мүмкіндікті жұмылдырмаса, оның өршіп кетуі әп-сәтте екенін көріп, көз жеткіздік. Әлі күнге дейін толықтай құтыла алмай жатырмыз. Бүгінде инфекциялық стационарларда 718 науқас, реанимация бөлімшесінде 39 науқас ем алып жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған 7 науқас бар.

Жансая ОМАРБЕК.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button