Аулалар қардан тазарады

Қарағандыда бас көтертпей жауған қар мен ұйытқи соққан боран толастап, құзырлы мекемелер естерін енді жиып, көше бойындағы үйінділер мен аулаларды тазалауға кірісіп еді, кеше қайта басталған қар мен бұрқасын оның есесін қайтаратын түрі бар. «Қазгидрометтің» ескертуімен төтенше жағдайлар департаментінің «Дәрмен» мобильдік қосымшасынан қар борап, желдің екпіні секундына 25 метр деген хабарлама келді.

Соған қарағанда, қыстың беті әзір қайтпайтын тәрізді. Соңғы 15 жылда жаумаған қар ауыл тұрмақ, қаланың өзін біраз әуреге салды. «Қазгидрометтен» бөлек, ауа-райы болжамын беріп отыратын «Gismeteo» сайтында облыста ақпанда қатты аяздар бола қоймағанымен, толассыз жаумаса да, біраз қар түсіп, боран болатын тәрізді.

Ал, коммуналдық мекемелер жеке сектордағы көшелердің қарын аршуға кірісіп кетті. Ресми деректерге сүйенсек, облыс орталығындағы бес полигонға 800 мың текше метр қар шығарылған. Қыстың шолтаң етіп аяқталатын соңғы айы – ақпаннан кейін келетін көктемгі су тасқынында қапы қалмас үшін резерв қорынан қосымша қаражат бөлініп, жеке сектордың аулалары мен көшелеріндегі қар шығарылуда, арықтар мен арналар тазартылуда.

Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақапановтың айтуынша, алдымен су басуға бейім 66 көше тазаланады. Ал, наурыздан бастап, арықтар, каналдар және су өткізу құрылғыларын тазалау басталмақшы. Айта кету керек, қар шығаруға қосымша қаражат бөлінген көшелер мердігер ұйымдардың қызмет көрсетуіне кірмейді. 10 ақпаннан басталған қар шығару жұмыстары жалғасады.

Сондай-ақ, биыл Ұн комбинаты ауданындағы Космонавтар, Құрманғазы, Районная, Камская, Костюшко, Бензинная, Орская көшелерінде жаңа нөсер кәрізінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Бұл учаскелер – су басуға жиі ұшырайтын аумақ.

 Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Ғалым Мұқашевтың айтуынша, биылғы жылы жеке сектордағы қар тазалау жұмыстары өткен жылғымен салыстырғанда ертерек басталды.

– Ақпан айынан «Тазалық-Эксперт» ЖШС екі ауысымда жұмыс істейді. Біз қалалық әкімдіктен және қалалық мәслихат депутаттарынан қар тазалауға қатысты көмек сұрадық. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге жүгіндік, қазірдің өзінде олардың үшеуі бізге оң жауап берді. «Аспап» ЖШС техника бөлді, – дейді ол.

 Су басуға бейім 40 көшенің 19-да жұмыстар аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде 16 мың текше метр қар шығарылған.

Тарифтерінде қар тазалау қаражаты қарастырылмаған ПИК өкілдері де тұрғындардың өздері бастамашылық танытып, қар жинау бойынша бір жолғы жиын ұйымдастырғанын айтып отыр.

Өз тілшімізден.