Жаңалықтар

Қауіпті аймақтар – бақылауда

Облыста су басу қаупіне қарсы жедел іс-шаралар жүргізілуде. Жеке нысан маңындағы қалың қар алысқа шығарылып, арықтар мен жауын-шашын суын қабылдайтын суағар жүйелері тазартылуда. Қатерлі жағдай кезіндегі азаматтардың қауіпсіздігі – қала және аудан басшылығының назарында.

Синоптиктердің болжамынша, осы аптада күн күрт жылынады деп күтілуде. Қар қатты еріген де өзендерге жақын орналасқан елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жағдайы да қарастырылған.

«Қазгидромет» мәліметтері бойынша, Нұра өзенінің жоғарғы жағында ылғал қоры нормадан 81% артық. Шерубай-Нұра өзендері де шамадан 4%-ға жоғары. Бүгінгі күні Самарқанд су қоймасынан су жіберу 35 м3 / сек мөлшерінде. Жіберілген су Ынтымақ су қоймасы арқылы 50м3 /сек көлемінде су жолдарымен өтеді. Ал, Шерубай-Нұра су қоймасы бойынша су босату 14 м3 /сек көлемінде жүзеге асырылады. Аталған су қоймаларында су деңгейін төмендету жұмыстары қолға алынған.

Сонымен қатар, елді мекендерді еріген сулардың басуына жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы органдар 956 мың м3 көлемінде қар шығарды. Облыстың автомобиль жолдарының 55% қар мен мұздан тазартылған. Су тасқыны кезеңіндегі жұмыстар үшін жанар-жағармай қоры алынып, 327 тонна азық-түлік, 55 мың тонна инертті материал, 97 мың дана ыдыс-қап дайындалды. Және 391 арнайы су сорғыш техника әзірленді.

Сондай-ақ, әуеден бақылау қызметтеріне 42 млн. теңге, ғарыштық мониторинг жасауға 5 млн. 855 мың теңге, өзендердің тар арнасын кеңейту үшін мұз жару жұмыстарын жүргізуге 29.9 млн. теңге қаржы қарастырылған.

Қазіргі уақытта, «Қазгидромет» маңызды ақпаратты уақытылы беріп отыр. Су тасқынына қарсы шараларға жұмылдырылатын барлық қызметтердің дайындығы қадағалауда.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button