Бас тақырып

Қауіпке қарсы қамданыс

Қарағанды облысы биылғы жылы да су басу қаупі бар аймаққа жатқызылып отыр. Аймағымызда қардың көбесі енді сөгіле бастады. Сондықтан, облыстық төтенше жағдайлар департаменті арнайы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, тасқынның алдын алу шараларын пысықтауда. Ал, су басу қаупі мол елді мекендерде арнайы комиссиялар құрылды.

Қазіргі уақытта Нұра, Сарысу, Шерубай-Нұра қарлы-су қоры қосылатын өзендері қадағалауға алынған. Өзендердің жағалауына жақын орналасқан үйлер де бақылауда.  

Осы бағытталған жұмыстардың негізгісін айтар болсақ, өзендердің тар арнасын кеңейту шарасы қолға алынған. Бүгінде су арналары 47 пайызға тазартылған. Өзендерде мұз жару, сірескен сеңді бұзу жұмыстары 13 наурыздан басталды. «Қазгидромет» РМК болжамы бойынша Нұра өзеніндегі су қорының көлемі 81% құрайды. Бұл – нормадан жоғары. Бүгінгі таңда Самарқанд су қоймасында су босату секундына 25 текше метр көлемде жүзеге асырылуда. Аталған су қоймасы арнасынан асқан жағдайда 10 ауылды су басу қаупі бар. Қазіргі уақытта негізгі су қоймаларындағы суды азайту шаралары пәрменді жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, қар суын қабылдау мүмкіндігі жеткілікті. Десек те, Шерубай-Нұрадан келер қауіп те жоқ емес. Сол үшін алдын алу шаралары ұйымдастырылып, тасқынға тосқын жұмыстары қарқынды қолға алынған. Су қоймаларындағы су деңгейін төмендету 20 наурызға дейін жүзеге асырылатын болады.

Наурыздан бастап аймақтық азаматтық қорғанысының ішкі жүйесі жоғары әзірлік режиміне көшірілген. Тасқынға қарсы қосымша штабтар құрылған. Ғарыштық мониторинг жасалатын болады.

Қаупі бар елді мекендерде инертті материалдар, қапшықтар, жанармай қорлары жеткілікті көлемде дайын тұр. Оған қоса, сол төңіректегі елді мекендерде қарды шығару, айналмалы өту каналдарын, арықтарды тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Облыс бойынша шығарылған қар көлемі 838 мың м3 құрайды. Бүгінгі күні кестеге сай 73 көпір, 198 құбыр, 48,5 шақырым жағалаулар, 7,7 шақырым таудағы арықтар, 195,1 шақырым ағын судың бағытын өзгертетін арықтар тазартылған. Биылғы жылы облыста осы мақсаттарға 1 млрд. 926 млн. теңге қаржы қарастырылған.

Айта кетейік, синоптиктердің ескертуінше, облыстағы өзендерде 1415 наурыз аралығында қар-мұздардың еруі мен қарғын судың жиналуына байланысты су деңгейі көтеріледі деп күтілуде.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button