Аудандардың ахуалы қандай?

Облысымыздың 9 ауданындағы 419 елді мекенде 281 мың адам тұрмыс кешуде. Бұл облыс халқының 20%-ы. Қарағанды облысы урбанизация көрсеткіші бойынша көш басында тұр. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен аппарат отырысында облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов мәлімдеді.

Аймақта «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» аясында қазіргі таңда екінші деңгейлі қалаларды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, моно және шағын қалаларды, ауылдарды дамыту бағытында 181 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатта 13,3 млрд.теңге бөлінген. Бүгінде оның 8,8 млрд.теңгесі игеріліпті. Барлық аудандарда кәсіпкерлерді қолдау орталықтары және шағын несиелеу ұйымдары бар.

  • Ауылдарды дамыту жұмыстарының аясында 220 шақырым жол жөнделіп, 174,8 шақырым су құбырлары қайта жаңғыртылды. Бүгінде үш ауылда «Азаматтарға арналған үкіметтің» бөлімшелері, ал, 9 ауылда фронткеңселері бар. Сондай-ақ, 45 елді мекен кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Биыл «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 400 жас маманға көтерме жәрдемақы төленіп, 209 маманға баспана алу үшін жеңілдетілген несие ұсынылды. Жыл соңына дейін тағы 27 жас маманға жәрдемақы төленеді, – дейді Азамат Мұқанов.

Елді мекендердің ажарын арттыруда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының да үлесі зор. Бүгінде аталмыш бағдарлама аясында жоспарланған 26 жобаның 21-і жүзеге асқан. Осының нәтижесінде ауылдардың жолы жөнделіп, көшелері абаттандырылды және ойын алаңдары салынды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының жұмысы алдағы таңда да жалғасын таппақ. Осы орайда, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек аудандар мен қалалардың әкімдеріне, басқарма басшыларына облыстағы қайта жаңғыртуды қажет ететін нысандарды анықтап, құжаттарын дайындауды тапсырды.