АймақОсакаров

Аудан экономикасында өсім бар

Осакаровка кентінде биыл төрт 18 пәтерлі жалға берілетін үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Озерное, Ералы, Пионерское ауылдарында және Осакаровка кентінде жетінші кезектегі су құбыры желілерін салу жалғасады.

2022 жылдың қорытындылары және Осакаров ауданын одан әрі дамыту жоспарлары туралы өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифинг барысында әкім Руслан Нұрмұханбетов хабарлады.

Тұрғын үй мәселесін біртіндеп шешпей, ауыл тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын көтеру мүмкін болмайды. Мұны жергілікті әкімдік жете түсініп, әрекетке көшкен. Мәселен, биыл ауданда 8100 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл – көрсеткіш 2022 жылдың деңгейімен салыстырғанда екі есе жоғары.

– Осакаровка ауылына қатысты баяндар болсақ: 18 пәтерлі төрт жалға берілетін үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Тағы осындай екі көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар түзетілді. Өткен жылы мұнда алты екі пәтерлі бір қабатты үйлердің құрылысы басталды. Биыл жеке инвестициялар есебінен салынған бір тұрғын үйді сатып алу жоспарда, – деді Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов.

Сондай-ақ, Осакаровка кентінің оңтүстік-шығыс ауданында жеке тұрғын үй құрылысының инфрақұрылымын салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде. Бұл жобаға 200 жер учаскесі қамтылады.

Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту мәселесіне де нақты жоспар, тиянақты іс керек. Бұл күнде су құбыры жүйесі салынғаннан кейін жекелеген ауылішілік желілердің дайын болмауы салдарынан кейбір елді мекенге су беруге мүмкіншілік жетпейтін жағдайлар кездесіп жатады. Өкінішке қарай, кейде осындай салғырттық кесірінен бөлінген бюджет қаражатын тиімсіз жұмсауға, сонымен бірге, ауыл халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ете алмауға әкеп тірейді. Оған елді мекенді сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын салу және пайдалануға беру бойынша бірыңғай оператордың жоқтығы себеп. Сондықтан, бұл мәселе жергілікті деңгейде үнемі қадағалауды қажет етеді. Бүгінгі таңда Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен Осакаровка кентінің, Озерное, Ералы, Пионерское және Осакаров ауылында су құбыры желілерінің құрылысын аяқтауға тиісті қаражат бөлінді. Николаевка, Сенокосное, Садовое және Трудовое ауылдарында су құбырының құрылысы басталып та кетті.

«Жол қадірін жүрген біледі». Әсілі, солай. Өркениетті ғасырда қала тұрмақ, ауылдың тарам-тарам жолы қалыпқа келмесе, жол азабын тарту үдерісі жалғаса бермек. Мұны аудан билігі түсініп отыр. Есіл, Сарыөзек және Ошағанды елді мекендеріндегі кентішілік жолдар жөнделеді.

Ауданда «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша да көптеген жұмыстар атқарылады. Оның бір парасына тоқтала кетсек, Ақбұлақ ауылында мектепті жаңарту басталады. Озерное, Батпақты және Садовое ауылдарындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтеді. Озерное ауылында фельдшерлік-акушерлік қосын құрылысы аяқталады. Молодежный кентіндегі «Айгөлек» балабақшасын күрделі жөндеу ойда бар. Бұдан басқа, 2023-2024 жылдары Сарыөзек, Ошағанды, Ақпан, Звездное және Шұңқыркөл ауылдарында емдеу мекемелерінің құрылысын бастау жоспарлануда. Молодежный кентінің ауруханасын күрделі жөндеу бойынша тиісті құжаттар әзірленді. Қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Қазір жоба – мемлекеттік сараптама талқысында.

Ауданда жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру бойынша өткен жылы 26 млн. теңгеге 25 адам мемлекеттік грант алған еді. Ал, биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында бұқара халықты жұмыспен қамту мақсатында 261 млн. теңге көзделді. Жалпы ауданда 2082 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Шағын бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 414 адамды құрайды, өсім – әзірге 1,8 пайыз.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасын дамытудың негізгі салаларының бірі. 2023 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсімін 35 млрд. теңгеге дейін қамтамасыз ету жоспарлануда.

Спикер жылды қорытындылай келіп, аудан экономикасы 15,8 пайызға өскендігін мәлімдеді. Бұл ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 103 пайызға орындау арқылы қамтамасыз етіледі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button