Облыс әкіміРесми

Ауқымды жобалар жүзеге асады

Облыста ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға баса назар аударылады. Бүгінде ауыл тұрғындарына қызмет көрсету үшін модульдік фельдшерлік-акушерлік пункттер салу бойынша жоба әзірленді. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан НҰРЛЫБАЕВ онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.

– Облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәйекті түрде дамып келеді. Ол үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қоса алғанда, барлық тәсілдерді пайдаланамыз. Тек соңғы үш жылдың ішінде ғана «қадамдық қолжетімділік» қағидатын сақтай отырып, Қарағанды мен Теміртаудың халық тығыз орналасқан аудандарында алты емхана ашылды, – деді баяндамашы. – Денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай әлеуетті жоспарын іске асыру жалғасуда. Жеке инвестицияларды тартумен қалаларда тағы жеті МСАК орталығын ашу жоспарланған. Ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл Ұлытау ауылында орталық аудандық аурухананың құрылысын бастау жоспарлануда. Алдағы екі жылда 32 елді мекенде модульдік ФАП пайда болуы тиіс. Біріншісі Нұра ауданының Кертінді ауылында салынбақ.

Өткен жылы аудандарда 10 денсаулық сақтау нысаны жөнделді. МЖӘ аясында Осакаров, Абай және Қарқаралы аудандарында гемодиализ орталықтары ашылды. Сондай-ақ қашықтықтан медицина дамып келеді, оның көмегімен шалғай ауылдардағы пациенттер жоғары білікті мамандардың консультацияларын ала алады.

Биыл бюджеттен ауылдық медициналық ұйымдар үшін жаңа жабдықтар сатып алуды қаржыландыру ұлғайтылды. Бұл бағытқа 3,2 млрд. теңге бөлінді.

Аппараттық кеңесте кадр мәселесі де талқыланды. Мамандарды тарту үшін қызметтік тұрғын үй салынуда. Өткен жылы 159 медицина қызметкері жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған пәтерлерді алды. 2021-2022 жылдары жас дәрігерлерге 300-ден астам пәтер беру жоспарлануда.

– Кадр мәселесі өте маңызды. Жас мамандарды, әсіресе тапшы өңірлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларымызды тағы да қайта қарау қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Біз дәрігерлердің өз қызметін кәсіби түрде жүзеге асырып, халықтың денсаулығын сақтаумен айналысуына жағдайжасайтын боламыз. Өткен жылы денсаулық сақтау бюджеті айтарлықтай өсті. Басқарманың медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі үш жылдық жоспары бар.

Сондай-ақ, облыста 2026 жылға дейін 500 мың басқа арналған қой шаруашылығы мегафермасын салу жоспарлануда. Екінші кезеңде қуаттылығы жылына 8 мың тоннаға дейін қой етін қайта өңдеу зауытын салу көзделіп отыр. Құны 20 млрд. теңге болатын ауқымды жобаны «QAZAQ STEPPE SHEEP» ЖШС Ақтоғай және Шет аудандарында жүзеге асырады.

Осы және АӨК саласындағы басқа да инвестициялық жобалар туралы онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте айтылды.

– АӨК саласында оң динамика байқалады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,7 есеге артты. Ауыл шаруашылығындағынегізгі капиталға салынған инвестициялар үш есеге жуық өсті. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде 30,1 млрд. теңгеге 57 жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта АӨК саласында жалпы сомасы 41,1 млрд. теңгеге 36 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде он жоба кәсіпкерлікті қолдау картасына енді, – деп хабарлады ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқар Санаубаров.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірде ауыл шаруашылық өнімдерін шығару 6,5%ға артады деп болжануда. Қаңтарда өсім 2,3%-ды құрады.

Мал шаруашылығын дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар. Биыл үш жаңа сүт-тауар фермасы іске қосылады деп күтілуде.

Ақтоғай және Шет аудандарында шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаны іске асыру 1 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

2020 жылы инвесторлар 1 600-ге жуық қой сатып алып, екі ферма құрған. Биылғы жылы 18 ферма құру жоспарланған, олар үшін ішкі нарықта 11 мыңға жуық қой сатып алу керек.

Жаңаарқа ауданында сиыр еті мен жылқы етін өндіруге арналған ірі мал шаруашылығы кешенінің құрылысы

жоспарлануда. Жезқазған мен Нұра ауданында инвесторлар тауық етін өндіру үшін құс фабрикаларын салуды көздеп отыр.

Асқар Санаубаров өсімдік шаруашылығының әлеуеті туралы да айтып берді. Биыл егіс алқаптарын 40 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр, жалпы алғанда дәнді дақылдар, картоп және көкөніс алқаптары 1 058 мың гектарды құрайды.

Суармалы жерлер көп болады. Шаруашылықтар алты жаңа жаңбырлатқыш қондырғысын сатып алуды көздеп отыр.

Бұқар жырау ауданында 410 га алаңда жем-шөп дақылдарын өндіру бойынша жобаны іске асыру жоспарлануда, ауыл шаруашылық жануарларының азығына қосуға арналған шөп ұнын түйіршіктеу желісі іске қосылады.

Жиында айтылғандай, облыста 126 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Тағы екі үлкен қойманы іске қосу жоспарлануда. Жобалар Абай және Шет аудандарында жүзеге асырылады.

– АӨК-не инвестициялар тарту басым бағыттардың бірі болып табылады. Біз ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін жағдай жасауымыз керек. Бұл біздің облыстың ғана емес, елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті өңір басшысы Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button