Бас тақырыпРесми

Ауқымды акция жалғасын табады

#BIZBIRGEMIZ қар күреу челленджіне қатысқан облыс тұрғындары 40 мың текше метрден астам қарды сыртқа шығарды. Қала және аудан әкімдіктерінің мәлімдеуінше, акцияға 31 мыңнан астам адам және 1643 кәсіпорын мен ұйым қатысқан. 803 арнайы техника жұмылдырылып, 3 622,15 гектар жер қардан тазартылды. Акция аясында еріктілер 690 ардагер мен жалғызбасты қарттарға қолұшын созды. Ал, Б.Майлин көшесіндегі аулаларды қардан тазартуға облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ қатысты.

Еріктілер бірінші кезекте ҰОС ардагерлері мен жалғызілікті зейнеткерлердің қар басқан ауласын тазартты. Бір бөлігі мүмкіндігі шектеулі адамдар тұратын үйлердің ауласын күреді. Сондай-ақ, мектеп, балабақша, аурухана, мәдениет үйлері мен жаяу жүргіншілер жолдары да қардан тазартылды. Еріктілер арасында өңірге белгілі тұлғалар, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер, спортшылар, шығармашылық өкілдері мен студенттер бар.
– Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аумағында күрделі жағдай орын алғаны белгілі. Осындай сәтте еріктілер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қауқарсыз жандарға көмек көрсетті. Акция алдағы уақытта қарқынмен жүйелі түрде өткізіліп тұрады, – деді облыстың жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев.
Ең бірінші болып, Ұлы Отан соғысы ардагері Қапас Түсіповтің үйіне бет алдық. Ардагердің дүниеден өткеніне бір жыл болыпты. Ақсақалы кеткелі шаңырақта жары Қайша апаның өзі ғана тұрады екен. Толассыз жауған қар аулаға толып қалған. Тіпті, күрек тимепті. Үйден далаға шығатын жалғыз аяқ жол бар. Оның өзі әжейдің әрі-бері жүрісінен тапталып, шұрықтесік жолға айналған. Отыз жыл қызмет істеген апамыз, қазір зейнетте. Ақсақалы екеуі төрт қызды тәрбиелеп өсіріпті. Қазіргі таңда қыздары отбасын құрған. Жұмыс бабымен НұрСұлтан қаласында тұратын көрінеді.
– Ақсақалым – 95 жасында қайтыс болды. Жақында ғана жылдық асын бердік. Сол кісінің шаңырағының есігін жауып кетпейін деп осы үйде отырмын. Есік алдын жылда өзі күрейтін еді. Көмек жасайтын балаларым НұрСұлтаннан жете алмай жатыр, – дейді Қайша Түсіпова.
Келесі ат басын тіреген үй қала орталығынан шеткері орналасқан. Онда зейнеткер Татьяна Назарова науқас ұлымен тұрады екен. Жалғызбасты ананың қармен алысар қауқары жоқ. Шамасы келгені – жалғыз аяқ жол салып қойыпты. Еріктілер небары екі сағат ішінде ауладағы қарды сыртқа шығарды.
– Жауған қардан сыртқа шыға алмай қалдық. Жүретін жолымды тазалап, сыртқа кіріп-шығып жүрмін. Осы акцияны бастаған еріктілер тобына алғысым шексіз. Солардың арқасында ауламыз бір тазарып қалды, – дейді зейнеткер.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button