Қатысушылардың қарасы – қалың

     Әлем назарын тігіп отырған «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне Қарағанды облысының тұрғындары осы күнге дейін 90 мың билет сатып алған. Бұл туралы аймақтық орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысы кәсіпкерлер басқармасының басшысы Татьяна АБЛАЕВА мәлімдеді.

Аймақ жұртшылығы арасында әлемдік шараға қызығушылық күн санап артып келеді. Оны осы күнге дейінгі ресми мәліметтер растайды. Сонымен қатар, ел ішінде көрмеге ерікті түрде қатысамын деушілердің қарасы аз емес. Жалпы, Қарағанды облысынан әлемдік шараға 200 мың адам қатысады деп болжануда. Бюджет қаражаты есебінен 3750 оқушының қатысуын қамтамасыз ету жоспарланған. Яғни, 12 маусым мен 6 шілде аралығында 1050 дарынды бала және балалар үйінің тәрбиеленушілері көрмені облыстық бюджет есебінен барып тамашалайтын болады. Ал, 10 шілде мен 10 қыркүйек мұғдарында көрмеге жергілікті бюджет есебінен аудандар мен қалалардың жалпы білім беретін мектептерінен 2700 әлеуметтік аз қамтылған дарынды оқушылар қатыспақ.

Көрмені өткізу барысында өңірдің ауыл шаруашылығы 8964 тонна азық-түлік тауарын өндіру және жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 4-9 қыркүйегі аралығында Қарағандының мәдениет күндері шеңберінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы тарапынан 21 мәдени-сауықтық іс-шара ұйымдастыру көзделуде.

Өз тілшімізден.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.