Жаңалықтар

Атымтай жомарттар – марапат иелері

Облыс орталығының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан қарағандылық Атымтай Жомарттар өткен жұма күні жұрт алдында ықыласқа бөленді. Дәлірек айтсақ, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров «Жомарт жүрек» жалпы республикалық акциясының бір бөлігі – «Қайырымдылық кубогі» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, құрмет-қошемет көрсетті. Аймақта қайырымдылық шараларын мұрындық болып, жұртшылықтың алғысын алған атымтайлар бес аталым бойынша жария етілді. Сонымен…

Ата Заң күнін мерекелеуге орайластырылған салтанатты шарада қала әкімі Нұрлан Әубәкіров қарағандылықтарға жүрекжарды лебізін білдірді. Ата Заңның ел дамуындағы мән-маңызына тоқталды.

Елбасының тікелей басшылығымен дайындалған Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құрылымы, адам мен азаматтың мәртебесі анықталған, экономикалық және саяси бағыттары құқықтық негізде белгіленген маңызды құжат. Біздің еліміздің дамуы Ата Заңсыз мүмкін еместігіне жылдар өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Ата Заң бірлігімізді нығайта түсті, – деді Нұрлан Әубәкіров. Бұдан соң қала өмірінде өнегелі істерімен есімдері жұрттың жадында жаңғырып жүрген ақжүрек жандарды марапаттау басталды.

«Ерен ерлігі» номинациясы «Клуб добряков» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Зара Шалабаеваға табысталды. «Eurasia Building» ЖШС басқарма төрағасы Айдос Мұқатаев «Жылдың үздік ұйымы» аталымында үздік шықты. Атап өткен жөн, «Eurasia Building» ЖШС құрылыс компаниясы – көпбалалы отбасылардың баспаналы болуына ұйытқы ұйымның бірі. Ал, «Жыл тұлғасы» номинациясына «Харекет» қайырымдылық қорының директоры Ақтоты Жүнісова лайық деп танылыпты. Қабырғасы қаланғаннан бері аталған қор арқылы 122 отбасы баспанаға қол жеткізіпті. Қоғамдық сараптау кеңесінің шешімімен «Жыл меценаты» аталымын кәсіпкер, қалалық мәслихаттың депутаты Айбек Жұмабеков иеленді. Ол аз қамтылған отбасылардың қасынан ұдайы табылып келеді.

«Аманат Арена» спорт кешенінің директоры Сәкен Кәрібаев «Туған өлке» аталымында марапатқа ие болды. «Аманат Арена» спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі балалар тегін жаттығады.

Өзгелерге үлгі болған, қиналғандарға қол ұшын созып, барымен бөліскен азаматтар ел ішінде аз емес. Дәл осындай шаралар сол күні еліміздің әр өңір, аймағында жалғасын тауып жатты.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button