Бас тақырып

«Atameken Services» қызметі іске қосылды

Енді, кәсіпкерлер «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметтеріне қашықтықтан тапсырыс бере алады. Осы мақсатта – бизнес өкілдеріне қолдау ретінде «Atameken Services» қызметі іске қосылды. Бүгінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары құрылған. Онда 61 тегін қызмет түрлері бар. Сондай-ақ, қаржысыз қолдау көрсетудің 8 бағыты бойынша жұмыс жасайды. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Қарағанды облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ернар КҮЛПЕЙІСОВ аймақтық коммуникациялар қызметі орталығындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– Аталған қызмет түрлеріне бухгалтерлік, салық есебін жүргізу, статистикалық есептілікті дайындау қызметі, кеден жұмысы бойынша қызметтер, кәсіпкерлердің және кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындардың өтініштеріне қолдау білдіру, заңгерлік қызмет көрсету жатады. Сонымен қатар, маркетинг жүйесі, ақпараттық технологиялар бойынша қызмет көрсету саласында кеңес беру, мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларымен байланысты көмек беру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында кеңес беру бар, – дейді Ернар Күлпейісов.

Бұл сервисті қолдану үшін Services.Atameken.kz платформасында тіркеуден өту жеткілікті. Тіркелу үшін кәсіпкер қажетті ақпаратты толтырып, телефон номерін көрсетуі тиіс, одан кейін арнайы код көрсетілген SMS хабарлама келеді, сол кодты тергеннен кейін жүйе ашылады.

Спикердің айтуынша, болашақта өзіне-өзі қызмет көрсету аумағында интернетке тікелей қосыла алмайтын кәсіпкерлерге арналған мемлекеттің электронды қызметтері мен мемлекеттік қолдау шаралары жасалады. Сонымен қоса, бизнестің қыр-сырын үйренуге мүмкіндіктер қарастырылған. «Бастау» бағдарламасы аясында биыл 1 мыңға жуық жұмыссыз қайта оқытылады. Бірінші кезеңде «Бизнес бастау» бағдарламасы барлық 9 ауданды қамтып, екінші кезеңі Қарағанды қаласында жалғасады. Студенттер, тіпті, мектеп оқушылары арасында да кәсіпкерлер саны ұлғаятын болады. Бүгінгі күнде оқу орындарында 20-ға жуық бизнес мектеп бар. Бұдан бөлек 35 колледжде жас кәсіпкерлер клубы қызмет етіп келеді. Жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button