Ата Заң – айбыным
Әділ заңың елге ырыс үйірер,
Хан мен халық сүйер сені сүйінер.
Заң түзеледі – жақсылық кең жайлайды,
Кетті құрып, зар жамандық қайдағы.
Іс бұзылса, заң бұзылса – ел азар,
Ел бұзылар, бағы қайтып жер азар.
Заңды бұзба, жамандарға ермегей,
Жаманнан без, қол ұшын да бермегей.
Бұл шумақтардың авторы – дана, ойшыл Жүсіп Баласағұн. Жазылғанына он ғасыр өтсе де, бүгінде маңызын еш жоймаған. Демек, заң шығару, оны орындау үшін басшылыққа алып, мұқият бағыну – Ұлы Дала халқының ежелден бергі игі дәстүрі деуге толық негіз бар.
Ата Заңымызда зайырлы, құқықтық-демократиялық мемлекет құрамыз деген ұлы міндеттер айқындалғаны аян. «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», – деп басталатын Ата Заң дүние жүзі мемлекеттерінің негізгі заңдары арасында ең адамгершілік ізгілікті (гуманистік) заңдардың қатарынан.
Біз, Ұлт ұланы әрқашан халықтың, жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға қызмет етеміз.
Ішкі істер органдарымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті қорғауға, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдай мен соғыс жағдайының, терроризмге қарсы, құқықтық режимдерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды еш мүлтіксіз орындаймыз.
Конституция осы жылдарда Қазақстан Республикасының қанатын қатайтып, қуатты ел болуына қызмет еткені даусыз.
Еліміздің Ата Заңы – Конституция мемлекеттің және қоғам дамуының берік іргетасы, қазақстандықтардың тең, әділ құқықтары мен бостандықтарының кепілі. Біз оны жете түсінеміз. Ең бастысы – адамның құқығы мен бостандығын қорғайтын негізгі заң, мемлекет пен жеке адамның бостандығы және өзара жауапкершілік қағидаттарына кепілдік беретін аса маңызды саяси және құқықтық құрал, қоғамдық келісім.
Басталған өзгерістерге шынайы берілгендігін және қоғамның дамылсыз дамуына деген ұмтылысын растай отырып, Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасады. Біз Ата Заңда айқындалған азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға әрқашанда әзірміз.
Сәкентай ШЕКАРБЕКОВ,
Ұлттық Ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы,
генерал-майор