Шет

Ғасыр ғұмырлы ұстаз

   Ақсу-Аюлының тумасы абыз атамыз Шәукей Жұқанұлы – барлық саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. 1915 жылдың 15 қаңтарында Қарқаралы уезі, Ақшатау болыстығының оныншы ауылында дүниеге келген. Әкесі Жұқан – ескіше сауатты адам екен. Шешесі Айша ауыл-аймақ ерекше құрметтейтін, жұртына сөзі өтімді ана болыпты.

Шет ауданы 1928 жылы құрылды. Алғашқы аудан орталығы Қызылеспе, Қарабұлақта екі жыл қыстаған. Ортакөңде шағын екі бөлмелі мектеп үйі болған. Төбесі терек, талмен жабылған. Едені жоқ. Сырты қара лаймен сыланған. Бөлмеде тақта, 5-6 парта болған. Ол кезде кітап дегеніңіз жоққа тән. 1928-1929 және 1929-1930 оқу жылдарында атамыз  осында латын әрпімен екі жыл дәріс алады. Мұғалімі – Сейділда Сәдуақасов еді. Сол кезде бірге оқығандар: Мұса Байкенов, Әбейіп Ахметов, Төкен Жуасбаев және басқалары. 1930 жылы аудан орталығы Ақсу-Аюлыға ауысты. 1930-1931 жылдары Құмжондағы Бадан ақсақалдың қоржын үйі мектеп болды.

1937 жылы Ақмоладағы педучилищеге түсіп, оны өте жақсы бітіреді. 1941-1942 оқу жылында аудан орталығында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасады. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Соғыс кезінде 7-ші сыныпта Жұмабек Күлейменов, Егімбай Сембин, Зәбира Әлкеева, Өміртай Балтин, Төлеутай Қасымов сынды мұғалімнің шәкірттері өте жақсы оқып, кейіннен аудан, облыс көлемінде жоғары деңгейдегі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. 1930 жылы Ақсу-Аюлыға жас мұғалім Жұматай Құтжанов қоныстанды. Ақмола педагогикалық училищесінде бірге оқыған екеуі бірге қызмет істеп, аудан жастарына білім беруге бар күштерін салады. Жұмекең кейіннен мектеп директоры, оқу бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Шет ауданының Құрметті азаматы. Осы тұста атамызбен білім саласында үзеңгілес еңбек еткен Хасен Сәрінжіпов ағамыз туралы айта кетпеске болмайды. Ағамыз ауданның оқу-ағарту саласындағы алғашқы қарлығаштардың бірі болды. 1937 жылы оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Мектеп директоры, ауатком төрағасының орынбасары болып көп жыл еңбек етті. Төменгі Қайрақты орта мектебінде зейнеткерлікке шыққанша қызмет атқарды. Қазір осы мектеп Хасен Сәрінжіпов атымен аталады. 1936 жылы Еңбек  Қызыл Ту орденімен марапатталған. Хасен  Сәрінжіпов Білім және Ғылым Министрі болған Аслан Сәрінжіповтің үлкен әкесі деп атамыз әңгіме барысында айтты.

Атамыз соғыс кезінде аудандық оқу бөлімінде инспектор қызметін атқарды. 1943-1946 жылдары аудандық соғыс комиссариатының мобилизациялық әскери басқармасында жауапты қызметте болып, броньмен әскер қатарына алудан босатылады. 1946-1948 жылдары оқу ісінің меңгерушісі болса, 1948 жылдан бастауыш сыныптарға сабақ берді. Бастауыш сынып мұғалімдерінің оқу ісін басқарды. Осы кезден бастап бастауыш мектеп атамыздың өмірінің негізіне айналады. Алдынан мыңдаған шәкірт ұшырды. Олардың арасында қоғам қайраткері Қ.Медиев, академик ғалымдар Б.Рақышев, Ж.Ақылбаев, қалам ұстаған қайраткерлер Р.Сүлейменов, С.Негимов, К.Жүністегі, М.Әбдуов, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері Р.Рысбеков, шаруашылық басшысы Ө.Балтин, ұстаздар Қ.Кәрібеков, Ж.Қаленов, қылқалам шебері Б.Мұстафин және тағы басқалары бар. Олардың барлығы ұстаздың мақтанышы, ел азаматтары.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Атамыз өзі асылдың сынығы болмаса, мұншалықты биіктен көріне алмас еді. Қаламгерлігі және бар. Мақалалары, жазбалары, естеліктері басылым беттеріне жиі жарияланады. Сонымен қатар «Тәбәрік» атты кітабы 2011 жылы жарыққа шықты. Бұл кітабында атамыз өзінің жүріп өткен өмір жолын жазып, қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен батырлары, ақындары мен шешендерінің ерлігін, ұрпаққа үлгі, өнеге ретінде баяндай келе, ауданның дамуына ат салысып, тер төккен азаматтарды атайды.

Анамыз Нұрғиза шешей мен атамыз Шәукей мұғалім соғыс жылдары отбасын құрып, талай қиындықтан мойымай бірге өткен. Бүгінде алтын құрсақты «Алтын алқа» иегері анамыз өмірден озды. Өмірі өнеге мен ғибратқа толы атамыз туралы айта берсем, естеліктер жеткілікті. Жарты ғасырға жуық өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған қарт ұстаздың еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, айтарлықтай құрметке бөленді. Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР еңбек сіңірген мектеп мұғалімі, «Республикаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, КСРО Халық ағарту ісінің үздігі «Еңбек ардагері» медалі, Шет ауданының Құрметті азаматы, «1941-1945 ж.ж. Германияны жеңгені үшін медалі», ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Құттықтау хаты, тағы басқалары.

2015 жылы атамыздың 100 жасқа толған мерейтойына  Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және вице-министрі Е.Иманғалиев ауданымызға  арнайы келді. Осы кездесуде Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым вице-премьері Б.Сапарбаевтың құттықтауын оқып, дәстүрімізге сай ақсақалға жағалы шапан жапты. Сондай-ақ, қарияға облыстық  білім департаментінің басшысы А.Аймағамбетов те, облыс әкімі Н.Әбдібековтің Құттықтау хаты мен Қарағанды облысының білім саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қарағанды облысына еңбегі сіңген білім қызметкері» белгісін тапсырды. Атамызға қандай құрмет көрсетілсе де, лайықты деп ойлаймын. Отбасын ұстаздық  әулет  деп айтуға болады. Өйткені, осы отбасындағы тоғыз жан ұстаздық қызмет атқарып келеді.

Биыл атамыз қаңтардың он бесінде  103 жасқа толды. Әлі де болса Алланың  берген ғұмырын жасай берсін. Ұстаздардың ұстазы, ел ағасы, қарт педагогтің  істері мен жүріп өткен жолы біздер үшін қашанда үлгі-өнеге болмақ.

 

А.ӘБІШЕВА,

Ш.Уәлиханов атындағы

орта мектептің

тарих пәні мұғалімі.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button