Қасым-Жомарт Тоқаев: Өткен сайлау еліміз үшін дамудың жаңа парағын ашты

— Өткен сайлау еліміз үшін дамудың жаңа парағын ашты. бұл туралы 7-ші шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясын ашқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрамы жаңғырған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі еліміз үшін символдық мәні бар екі оқиғамен түспа-тұс келеді. Біз қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне қадам бастық. Сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстан парламентаризмі ширек ғасырлық белеске жетті. Осы тарихи кезеңде сенім мандатына ие болған депутаттар ел үмітін ақтап, отанымызға адал қызмет етті деп кәміл сенемін», — деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті өткен сайлау еліміз үшін дамудың жаңа парағын ашқанын баса айтты.

«Осы маңызды оқиға мемлекеттігіміздің тұғыры биік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстан қоғамының жоғары саяси мәдениетін және азаматтық кемелдігін танытты. Барлық өңірдегі дауыс беру нәтижесі мемлекеттің стратегииялық бағытын халық жаппай қолдайтындығын байқатты. Біз болашаққа сеніммен бет алу үшін қажетті алғышарттарды бірге жасадық. Саяси ұстанымдарымыз әртүрлі болса да міндетіміз бір. Бәріміздің ортақ мақсатымыз — Қазақстанды қуатты елге айналдыру», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚазАқпарат.