Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барды

Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезінде екі аптаның ішінде салынған елордадағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барды.

Медициналық мекеменің жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінді. Медициналық нысанды «BI Group» компаниялар тобы салды.

Аурухана ғимараты тез құрастырылатын құрылыс технологиясын пайдалана отырып, модульдік блоктардан тұрғызылды. 200 орынға есептелген аурухана медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Президентке індетке қарсы күрестегі медициналық көмектің проблемалары мен оны жетілдіру жолдары туралы баяндады. Мемлекет басшысы науқастарды емдеуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған емдеу бөлімшелері мен палаталарды аралап көрді.

«BI Group» құрылыс холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрылыс жұмыстарының барысы мен аурухананың ерекшеліктері туралы айтты.

Мемлекет басшысы аталған аурухананың мұндай типтегі еліміздегі алғашқы медициналық мекеме екенін атап өтіп, ғимаратты салған құрылысшыларға ризашылығын білдірді.

Қазақстан Президенті дәрігерлермен әңгімелесу барысында отандастарымыздың денсаулығын сақтау үшін қажырлы еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.

– Сіздер пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрсіздер. Сіздерге ризашылығымыз шексіз. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатырсыздар. Өкінішке қарай, Алматыда дәрігерлерімізді індеттен қорғай алмадық. Қазір қалыптасқан Төтенше жағдайды жою үшін күресудеміз. Сондықтан абай болғандарыңыз жөн, ең алдымен, өз денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті азаматтарымыздың денсаулығын сақтау мемлекеттің алдындағы басты міндет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі дағдарыстан денсаулығы мықты ұлт қана аман-есен шығады.

– Кешенді шаралар қабылдау керек. Біз посткеңестік кеңістікте қажетті шараларды ең алғашқылардың бірі болып қабылдадық. Азаматтарымызға карантин режимін сақтаудың оңай емес екенін түсінемін. Бірақ бұдан басқа жол жоқ. Қалай болғанда да осы айдың аяғына дейін карантин режимін сақтаймыз. Арғы жағын тағы да қарастырамыз. Мүмкін, мәселені реттеудің жаңа әдістері табылар. Өйткені халық біртіндеп үйлерінен шығуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономиканы қолдаудың маңыздылығы жайында да айтты.

– Экономикалық даму, шағын және орта бизнес туралы да ойлану керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айырылып қалмауы қажет. Бұл жөнінде келесі аптадағы телевизиялық үндеуімде егжей-тегжейлі айтамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен әңгімелесу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін реформалау мәселесіне тоқталды.

– Әрбір дағдарыстың өз сабағы болады. Оны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Әрине, оның белгілі бір себептері бар. Оны сіздер жақсы білесіздер. Біз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастырып жатырмыз. Қажетті реформалар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтіледі, – деді Мемлекет басшысы.

Медицина қызметкерлері қолдау көрсеткені үшін мемлекет пен Президентке алғыс айтты. Сондай-ақ олар дәрігер-инфекционистердің еңбек ақыларын арттыру мәселесін көтерді.

– Біз қазір бюджеттің барлық қаражатын шоғырландырып жатырмыз. Сіздер Қазақстанның осыған дейін қалыптасқан дәстүрлі нарығының құлдырағанын түсінуге тиіссіздер. Бюджетке түсуге тиісті қаржының негізгі бөлігін толық ала алмай отырмыз. Дегенмен осындай күрделі қаржылық қиындықтарға қарамастан, сіздердің өтініштеріңізді қараусыз қалдырмаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 www.akorda.kz