Ассамблеяның маңызды тірегі
Бүгінде облыс жастары Ассамблея қызметін жан-жақты жандандыруда. Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының қатарынан көрінуде. Бүгінде Орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе, волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуде. Оған қоса, облысымыздағы «Ассамблея жастары» көптеген қайырымдылық іс-шараларға үлестерін қосып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жастармен жүргізілетін жұмысқа баса назар аударуға тиіс екендігін атап өткен.
«Əрине, бұл салада тəжірибеміз бар, соны одан əрі дамыта берген жөн. Мысалы, «Big 7» деп аталған жоба аясында еліміздегі көптеген жастар ұйымы «Жаңғыру жолы» республикалық қозғалысының айналасына топтасты. Олар өңірлердегі жастар ісі жөніндегі кеңестермен жəне ресурстық орталықтармен байланысын нығайта түсті. Бұл жұмысқа тың серпін беру керек. Осы орайда «Жаңғыру жолы» қозғалысын Ассамблеяның республикалық жастар ұйымы ретінде қайта құру мүмкіндігін қарастырған жөн» деген болатын Мемлекет басшысы.
Осы орайда жыл сайын аймақ жастары жылды қорытындылау мақсатында Достық үйінде «Saryarqa Jastary» облыстық жастар форумын өткізеді. Биылғы форумға облыстың белсенді жастары, этномәдени орталықтардың, жастар қанатының белсенділері, еріктілер қатысты.
Форумның модераторы «Ассамблея жастары» РҚБ облыстағы өкілдігінің төраға орынбасары Александр Урмашов шараны қазақ тілінде бастап, жыл сайынғы өтетін форумды жастардың рухын олардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыратын алаңы болып табылатынын айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта атқаратын жұмыстардың негізгі бағыттары белгіленіп, жаңа міндеттер қойылатынын тілге тиек етті.
– «Ассамблея жастары» ұйымының қызметі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Әрқашан жастармен байланыс жасауға ұдайы ұмтыламыз. Бұл – маңызы зор бағыт, өйткені, аймақтағы қоғамдық дипломатияның бағыты мен дамуы елдер арасындағы татулық пен интеграцияның негізгі шарты, – деді Александр Урмашов.
Алғашқы сөз кезегін алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Әдепбеков жастар бастамаларының маңыздылығына және өңірде достық пен бірлікті нығайтудағы рөліне тоқталды. 2025 жылда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30-жылдық мерейтойына арналған айтулы іс-шараларда Ассамблея жастарының белсенді болатынына сенімді екенін атап өтті.
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы басшысының қоғамдық орынбасары Виталий Хмелевский жастар этносаралық келісімді нығайтуда, ұлтаралық диалогты дамытуда рухани құндылықтарды сақтайтынын жеткізді. Көпұлтты Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Жастар форумы талантты жастарды қолдауға және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды. Бүгінгі таңда достық және бірлік ұстанымымен шабыттанған жастар ұлттар арасындағы келісімді нығайту үшін жұмыс істеп, мәдени, білім беру және әлеуметтік жобаларға қатысады. Осы тақырыптарды тілге тиек етіп, бірнеше форум спикерлері баяндама жасады.
Үш күнге жалғасқан форум жұмысына қатысушылар қоғамның маңызды мәселелерін талқылады. Достық пен түсіністікті нығайтуға және жастарды ұлттар арасындағы құрмет пен Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған көптеген идеялар және ұсыныстармен алмасты.
Форумда Қазақстан халқы ассамблеясының шығармашылық ұжымдар ассоциациясының жетекшісі, Ұлттық Дельфий комитетінің президенті Құралай Түсіпекова «Мәдени кодты қалыптастыру» тақырыбында тренинг өткізді.
Жиында облыстың Жастар ресурстық орталығының директоры Аида Ысқақова сөз алып, жастар белсенділігі жайлы атап өтті.
– Жалпы, «Ассамблея жастары» ұйымы еліміздегі жалынды жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, дамуға жетелейді. Менің ойымша, әрбір жобаның жүзеге асуына, оның пайдалы болуына ерекше мән берілуі керек. Сол себепті, біз «Ассамблея жастары» белсенділерінің өзекті қызмет бағыттарын анықтаудағы ой-пікірін әрқашан ескереміз. Бастамаларымыздың барлық жастар қауымы үшін қызықты болуы жолында күшімізді аямаймыз, – деді Аида Ысқақова.
Форум жұмысы Бұқар жырау ауданында жалғасты. Қатысушылар киелі орындарды аралап, аудан жастарымен кездесті. Сондай-ақ, форумның соңғы күні Теміртау қаласындағы Қарағанды индустриалды университетіндегі жиынмен қорытындыланды. Еліміздегі жастар саясатының дамуына үлес қосқан және қоғамдық шараларға белсене қатысып, көшбасшылық қабілетін көрсете білгендер марапатталды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz