Бас тақырып

Аспаны ашық азат ел

ТӘУЕЛСІЗДІК! Қасиетін бұл сөздің адам адам болғалы, қауым қауым болғалы ұғып келеді барша адамзат баласы. Басы азат болмаса, адамның да құны жоқ, қоғамның да құны жоқ. Мемлекеттер тәуелді етіп бір-бірін, жер бетінде дәуір өтті қаншама, әлділері әлсізін қой торыдай жауыр етті қаншама?! Сол ұлы жіңгір шайқаста дүмділері боданынан айырылмауға тырысса, өзгелері бодандықтың бұғауын бырт-бырт үзер даяр тұрған ұрысқа. Үй тәуелсіз болмаса, жабығынан жел соғады ұрыншақ, ел тәуелсіз болмаса, ел емес, ол – қуыршақ.

Соны білген ата қазақ баласы көк найзасы көк тіреп, алдаспанын өткірлеп, арғымағын кісінеткен ақ боз үйдің тұсынан. Алысқанын жарға ұрған, аңдысқанын ақылы асып арнадан, айдалада қалдырған. Соның бәрі – қорғап қырат-қолатын, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» қайрат ету болатын.

Бұдан пәлен мың жыл бұрын, тайпасының жетелеген шылбырын, талай қауым елдік үшін күресті, ұлты үшін иықтарын тіресті… Бірақ, соның көбісі көксегенін көре алмай, тоз-тоз болып жойылды. Арасында солардың түркі туын көтерген қазағымның қауымы да бар еді. Алла алқап, әруақ жебеген сол қазақ мыңжылдықтар шайқасынан аман қап, осы күнге бет алған; отаудай қап Отаннан, сүйемдей қап жотаңнан… Өйткені, әлі де жоқ болатын толыққанды бостандық. Екі ғасыр намысын кеп «қасыған», жер таласын өткізді ол басынан, мейманасы тасыған патшаңның да ауыз тиді «асынан», одан соң да жетпіс жыл қасіреті көп шашынан «қызылдың» да қырғынынан жасыған…

Әйткенмен, өткеніне – салауат, жеткеніне – қанағат. Ең бастысы – бүтін шығып тарих атты диірменнен, қазақ жұртын сақтап қалды бұл қазақ! Тәубе, тәубе жасыған жұрт қайралды, айту үшін тағы да бір байламды – тарихтың доңғалағы айналды. Мың тоғыз жүз тоқсан бірдің таңында, дүние жүзі құлақ түрді дабылға – құлап түсті, патшасымен қосқанда, төрт ғасырға жуық түрме-қабырға.

Ата-бабам мыңдаған жыл аңсаған, сенің тайғақ жолыңда ақылманы әл берген, батырлары жан берген, Тәуелсіздік таңы неткен тәтті едің?! Ақ түйенің қарны жарылған ақ таңда, бүкіл халық бөркін атты аспанға. Сол бөріктер әлі жерге түскен жоқ, кетті самғап ғарышқа, қуаты оның зымыранды самғатқан қозғалтқыштан әлдеқайда үстем боп. Мыңдаған жыл төгілген өтеміндей ата-баба қанының Тәуелсіздік алшаң басты төрімде, сол төрімді көркейтер ұлы тарих ұсынды көш бастайтын ерімді. Оның аты – Назарбаев Нұрсұлтан, нұрлы жолға бастаған тек елімді. Кеше-кеше арыстары Алаштың, тәуелсіздік жолында құрбаны боп кеткенінде таластың, ел мен жердің шекарасын шегендер сенген сынды сипаты нұр осы Ерге.

Елбасымен бірлесіп елім өзін жер жүзіне танытты, шекарасын шегендеп, берекесін бекемдеп, біріктірді көк байрақтың түбіне баурайында мекендеген бар ұлтты. Тәубә, тәубә бәрі игі, жалаулатам жарып тұрған әр үйді, жарымаған әлі алда жариды. Ең бастысы – картасында әлемнің – Қазақстанды Елбасы деп ұғынып, Елбасыны Қазақстан деп таниды.

Азаттыққа отыз жыл! Бостандыққа отыз жыл! Тарих үшін бір қаққан ол кірпігі. Қас қағым сол уақытта бүтінделді жұртымның сан жыртығы. Кемел ел боп шығамыз-ау бір күні. Өйткені, ел ағалары бағдар жасап бүгінге, бағыт жасап ертеңге, тырысуда ел тонының етегін келте қылмай тігуге. Ашылған иық жабылар, ашыққан қарын тойынар. Ең бастысы – бостандық. Сол маңызды, сол биік. Қалғандары ол да орнына қойылар. Азат елдің ашық болар аспаны, бодан елдің жасық болар жастары. Алмағайып заманда азаттыққа қолы жеткен қазағым да ырысы мол ел екен, құтты болсын дейміз оған мерекең. Нығайтайық енді оны мидың күші, маңдайлардың терімен. Тудың түсі, тәуелсіздік мөрімен, болашаққа деген берік сеніммен!

Ілияс МҰҚАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button