Жаңалықтар

“Қасіретті қаңтар”: бірінші сабақ

Ұлт қауіпсіздігіндегі ұрымтал тұстан жасалған соққы ұлттың жаны неде екенін көрсетті. Жау бұрынғыдай жар астында емес екен. Соның салдарынан Алматы Отырардың кебін киюге шақ қалды. Оған әлем – куә. Бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздіктерге ұластырған кім? Мақсат не еді? Кейбір Ресей ғалымдары, мәселен, Вассерман бұл жағдайды «Қазақстаннан екінші Украина жасауға ұмтылыс» дейді. Қытайға келсек, Қазақстанға төнген қауіпті сыртқы күштерден көреді. Сырт елдің кей зерттеушілері бұның астарында террористердің барына да күмәнданады. АҚШ «Қазақстанда не болып, не қойып жатқанына далмыз» деп иығын қиқаң еткізсе, Еуроодақ елдері диалог құруға, келіссөздер жасауға үндеп, әлекке түсті. БҰҰ тұтқынға алынғандарды босатуды сұрап жатыр. Үкімет қайта жасақталды. Мемлекетке опасыздық жасағандар тергеуде…

…Қазақстан үшін жыл күрделі ахуалмен басталды. Қаңтар қанды сабақтар берді. Соның бірі – құқық қорғау мен әскерге қатысты…

РЕФОРМА – РЕФОРМА ҮШІН ЕМЕС

Соңғы 11 күнде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқына 4 рет үндеу жолдады. Соңғысы – Парламент Мәжілісінің отырысындағы баяндамасы. Ресми түрде баяндама аталғанымен, ішкі түйсігіміз Үндеу деп ұқты. Дәл осы отырыста Қазақстандағы ахуалға баға берілді. Жаңа Үкіметке Жаңа Қазақстанның болашағы үшін атқарылуы тиіс міндеттер қойылды. Ол экономикалық-әлеуметтік дамумен қатар, ел қауіпсіздігін де қамтыды. Өйткені, «Қасіретті қаңтардың» сабақтарында осал тұстар бой көрсеткені мәлім. Президент осы ауыр күндерде ел қорғауда жан пида еткен құқық қорғау, күштік құрылым қызметкерлеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру қажеттігін атады.

«Қарулы Күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсатқа – кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендікті барынша тиімді қорғауға жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Мұны мемлекетіміздің негізгі мүдделері талап етеді. Бұл міндетті шешу үшін келесі басымдықтарға назар аудару қажет.

Біріншіден, құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде біршама ілгеріледік. Бірақ, жаппай террористік шабуылдарға қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтарымен жабдықтауға шұғыл кірісуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.

КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАР НЕДЕН ҚАПЫ ҚАЛДЫ?

Демек, құқық қорғау және әскерде шешімін күткен мәселелер бар. Полиция генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызыловтың айтуынша, Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңында құқық қорғау қызметкерлерінің құқықтары шектеулі. Қазіргі уақыт заңды жетілдіруді талап етеді.

«Кешегі халық ұйымдастырған бейбіт жиналыстың соңы жаппай тәртіпсіздікке айналып, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізге қатер төнді. Онда жан пейілімен қорғап, Қазақстан халқына нағыз қызмет ететін полиция қызметкерлерінің ерлігі мен жанқиярлық іс-әрекеттерінің куәсі болдық. Өкініштісі, бейбіт заманда полиция қызметкерлерінің қызмет бабында қайтыс болу жағдайлары тағы орын алды.

Неге өзін қорғай алмады? Заң осал ма? Әлде дайындық төмен бе?

Шет елдердің тәжірибесі дейміз. Көрші РФ «Полиция туралы» ФЗ 24-бабында «Қаруланған полиция қызметкерінің жеке қауіпсіздік кепілдіктері» деген құқықтық норма бар. Онда заңда көзделген жағдайлар туындайтын болса, полиция қызметкері атыс қаруын қолдануға құқылы. Біздің «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы мұндай кепілдіктерді бермейді»,– дейді генерал.

Бұл да Президент атаған мәселе. Демек, генерал мырзаның айтқандары – полицейлердің құқықтық қорғалуында, билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті күшейтуде негізге алынатын бірден-бір жайт. Генералдың сөзіне жүгінсек, АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросындағы оқу орталығы да халықаралық деңгейде маман дайындап келеді. Орталықтағы атыс дайындығын өткізетін арнайы тир, спорттық алаңдары, оқу сыныптары – барлығы халықаралық стандарттарға сəйкестендірілгенін атайды. Айталық, оқу орталығындағы атыс дайындығын өткізетін алаңдардың бірнеше түрі бар. Арнайы құралдармен жабдықталған бұл атыс алаңдарының бірі жабық түрде, бірі жерасты, енді бірі ашық, тағы бірі ауа райының түрлі жағдайларына сай. Яғни, қару қолданудың əдіс-тəсілін жетік меңгеруіне толық мүмкіндік жасалған. 20 апталық оқу курстарында 3 мыңнан 5 мыңға дейін оқ-жарақтарын алып, ату дағдыларын үйренеді. «Ал, бізде 4 жыл оқитын курсанттың қызметтік қаруды атуға дағдылануына «Макаров» тапан шасымен – 513, ал «Калашников» автоматымен небәрі 243 оқ беріледі…

3 ай мен 6 айлық алғашқы кәсіби дайындығында қанша оқ-дәрі жұмсалатыны белгілі. Бұдан шығатын қорытынды жалғыз-ақ. Ол – полиция қызметкері тиісті кәсіби біліктілік иеленбейді», – дейді Мирлан Қызылов.

ПОЛИЦИЯНЫҢ КӘСІБИ ДАҒДЫСЫН ЖЕТІЛДІРУГЕ КЕДЕРГІ НЕ?

Генерал полицияның учаскелік инспектор мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, ашу және жолын кесумен айналысатын жедел уәкілдерді дайындау мерзімінің қысқартылуына қарсы. Мұндай жосықсыз қысқартулар кешегі дүрбелеңде сондай әзірліктен өткен курсанттардың жоқтығын көрсеткенін айтады.

«Еліміздің ІІО полиция жүйесінің негізгі бөлігін құрайтын әкімшілік полиция қызметі – қызметкерлерінің кәсіби дағдыларының деңгейі – барлық ІІО жүйесінің жағымды немесе жағымсыз бейнесін анықтайтын бірінші көрсеткіш.

Халықпен ашық жұмыс істейтін полицияның учаскелік инспектор мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, ашу және жолын кесумен айналысатын жедел уәкілдерімізді дайындау мерзімі неге қысқартылды?

Бұл – да ІІО кадрлық әлуетін әлсіретуге бағытталған, мемлекеттік дәрежеде ойластырылмай жасалған нағыз дұшпандық әрекет. Оның жауабын кім береді?

Бұл – біреулердің арам пиғылдары. «Заңгер» дипломын тауар ретінде сататын ЖОО бітірушілерін жұмысқа алудағы жат «ниет». Мемлекеттің ең маңызды бағыты – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандарды оқытуда мемлекет бюджетін үнемдеу керек деген солақай реформаторлардың «туындысы». Бұл мамандар ІІО бейіндік бағытында дайындалмаған, қызметке төзімі жоқ мамандар.

Генералдың пікірінше, бакалавриат 2019 жылы қысқартылмағанда, кешегі мемлекеттік төңкеріс кезінде Қостанай – 1000, Алматы – 1000 және Ақтөбе – 1000 кәсіби шыңдалған, төзімділікке үйретілген, батыл курсантын қояр еді алғы шепке. «Өкінішке қарай, ведомстволық білімді жаңғыртудың нәтижесі осындай. ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің 2000 жауынгері келгенін білеміз. Ал, сақадай сай қылып жау жүрек 1000 курсантты дайындасақ, олардан кем түспейтіндігіміз мәлім еді», – дейді Мирлан Қызылов.

ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ САРБАЗДАРЫ ҚАЙДА?

Президент Ұлттық Ұланды сан мен сапа жағынан күшейтуді арнайы айтқаны мәлім. Бұл орайда не істелуі тиіс? Деректер жыл сайын Ұлттық Ұланнан 13 мың сарбаздың әскери міндетін өтейтіндігін көрсетеді. Одан кейін бұл сарбаздардың 1 пайызы ғана ішкі істер ұйымымен өмірін байланыстырады екен. IIM Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы, полиция полковнигі, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Биекенов осы мәселенің шешімін табуы тиістігін жеткізді.

«Полиция қызметін кадрлармен қамтамасыз етуге қатысты тағы бір өзекті жайтты айта кетейін. IIM Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы Ішкі істер органдарының құрамдарын талдап, қорытындысы бойынша резервтегі әскери міндеттерін атқаратын Ұлттық Ұлан сарбаздарын ішкі істер органдарының қызметтеріне үміткер есебінде қарастыру жайы дұрыс шешімін таппай келеді. Неге десеңіз, әр жыл сайын Ұлттық Ұланнан 13 мың сарбаз әскери міндеттерін өтейді. Осы сарбаздар қоғамдық тәртіптің, тергеу изоляторлары мен конвойлық жұмыстың қыр-сырын әскер сапында жүріп меңгереді, былайша айтқанда дайын тұрған болашақ полиция қызметкерлері. Алайда, 800 сарбаз ғана Ішкі істер органдарына ұсыныс алады. Оның ішінен 1 пайызы ғана ішкі істер органдарына қызметке қабылданады», – деді академия бастығы.

Қалған бұрынғы сарбаз ел ішінде өзге жұмысқа жегілген. Бұл арнайы дайындықтан өткендер ел басына күн туғанда әлеует емес пе?! Әлеует! Академия басшысы айтқанының жаны бар, демек.

ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ

Қаңтардың қаралы күндері құқық пен қауіпсіздік саласына өзгеше көзқарас қажеттігін осылайша еске салды. Президент бұл бағытта 9 тапсырма берді. Оның барлығы да құқық қорғау органдары мен әскерге, күштік құрылымды жетілдіруді көздейді. Бұдан соң заңнамалық өзгерістерден бастап, құқық қорғау мен әскердің әлеуетін арттыратын шаралар қабылдануы тиіс. Соған сенгіміз келеді.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button