Жаңалықтар

ҚАСІРЕТ әкелген құжаттар

«Халық жауы» деген арсыз анықтауыш алғаш қолданылған құжат қабылданғалы ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның «жарасы» жазылатын түрі жоқ, анда-санда жүректі сыздататыны бар

ӘР НӘРСЕНІҢ ҰШЫНДЫРЫП ТҰРАТЫН «ҰЙЫТҚЫСЫ» БОЛАДЫ

ВКП(б) Орталық Комитетінің 1928 жылғы маусым Пленумында И.Сталин «Таптық күрес келешекте күшейе түседі» деп қадап айтты. Көп кешікпей, 1930 жылы 1 ақпанда одақтық Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «Ұйымдастыру аймақтарында ауыл шаруашылығын жаппай социалистік қайта құруды нығайту және кулактармен күресті күшейту жөніндегі шаралар туралы» қаулы қабылдап, әлгі сөзді заңдастырып берді.

Осыдан кейін-ақ жосыған «жорық» басталды…

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН «ХАЛЫҚ ЖАУЫ»

Өңмеңдеген өкімет кулактарға қырғидай тиді. Бір жылдың ішінде «кулак» деген қарғы тағылған 381 мыңнан астам ауқатты шаруаның отбасы торғайдай тоз-тозы шығып, «ит жеккенге» жер аударылды, 100 мыңнан астам адам сотталып, абақтыда азап шекті.

«Жазалау машинасының механизмі» қан қақсатқан құжаттармен одан әрі жетілдіріле түсті. 1932 жылы тамызда Орталық Атқару Комитеті И.Сталин өзі жазған «Социалистік меншікті нығайту туралы» Заңды мақұлдады. Әрине, мәселе ол Заңды И.Сталиннің «өзі жазғанында» емес, естіген адамның есін шығаратын, денесін дірілдетіп, жанын түршіктіретін «Халық жауы» деген суық сөз тұңғыш рет осы Заңда қолданылды.

Тарихтағы ең бір қанқұйлы құжат болып табылатын осы Заңға сәйкес, аяғын аңдамай сәл шалыс басқан немесе қылығымен күдік келтірген барлық адам «халық жауы» деп есептелді. Айталық, астығы алынған алқаптан қалған-құтқан дәнді теріп жүрген жетім бала қапыда қолға түссе, «халық жауы» ретінде кемі он жылды «арқалап» кете барған. Адам тағдырын тәлкекке айналдырған бұл Заң қолданылған алғашқы жылы-ақ 300 мыңға жуық адам сотталған. Оның әр жүзінің бесеуі (5%) ату жазасына кесілген, жартысынан астамы (55%) кемі он жылдан кесімді мерзім алған.

Сол кездегі сұрқия саясаттың сырын ашатын құжаттың бірі – Жоғарғы Соттың 1932 жылы 26 желтоқсанда жазған «Колхоздар мен колхозшыларды кулактардың күш көрсетуі мен жәбірлеуінен қорғау жөніндегі жұмыстарды күшейту туралы» деген нұсқаулық қатынас хаты. Онда былай делінген: «в целях решительной борбы с вылазками кулацко-капиталистических элементов эти «вылазки» приравнены к государственным с применением в качестве меры судебной репессии – лишением свободы на срок от 5 до 10 лет в концентрационных лагериях».

Құжаттан үзіндіні қазақшаламай бергендегі мақсат – соңғы екі сөзге оқырмандар назарын аудару. Кезінде Кеңес өкіметі сотталған «халық жауы» жазасын еңбекпен түзеу лагерінде өтегеніне елді сендіріп келгені белгілі. Сөйтсек, «концлагерьді» қырқыншы жылдардың қанды қырғынында фашистер ғана құрмаған, одан әлдеқайда бұрын, бейбіт заманда-ақ пайда болған екен.

ҚИСЫНСЫЗ ҚАТЫГЕЗДІК

Отызыншы жылдардың ортасына қарай «НКВД» атауы «ОГПУ» болып өзгеріп, қызметкерлерінің қатары көбейтілді. Сол 1934 жылдың қарашасында Ішкі істер халық комиссариатының қасынан «Айрықша кеңес» құрылып, оған атышулы «үштіктер» қарады. Қысқасы, жазалаушы органдар Компартияның өзіне пысқырып қарамайтындай дәрежеге көтерілді. «Қызыл жағалылар» талай қайраткердің «қаққанда қанын, соққанда сөлін» алды. Зиялы қауымның «бетке шыққан қаймағы» қараңғы қапаста қор болды.

Осы тұста тағы бір қанды құжаттың қабылдануына түрткі болған оқиғаны айта кеткен артық емес. Ол – Одақтың екінші астанасы саналған Петроград тұрғындары арасында аса зор беделге ие болған С.Кировтың 1934 жылы 1 желтоқсанда ойда жоқта өлтірілуі. Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы қолма-қол «Одақтас республикалардың қолданыстағы қылмыстық-процессуалдық кодекстеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулы қабылдады. Соған сәйкес, тергеу мерзімі 10 күнмен шектелді. Қылмыстық іс прокурорсыз және адвокатсыз қаралды. Сот үкімі бұзылмайтын болды. Ату жазасын берген үкім бірден орындалды. Бас бостандығынан айыру мерзімі 10-нан 25 жылға дейін ұзартылды.

1937-1938 жылдар – қуғын-сүргін әбден ширығып, шыңына шыққан кезең. Оның өрттей өршуіне «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер білек сыбана өз «үлесін» қосты. Олар «халық жауы» мен «ұлтшылды» ұстатып көзге түсу үшін зымияндық пен залымдықтың, аярлық пен арсыздықтың кез келген түріне барды. Талай жазықсыз жанның обалына қалып, қанын мойнына жүктеді. Небір жақсы мен жайсаң сатқындық пен іштарлықтың құрбаны болды. Осы екі жылда ғана Қазақстанда 103 мың адам тұтқындалып, оның 23 мыңы оққа байланды.

Бұл қуғын-сүргіннің ызғары көптеген партия, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, ақынжазушы, артист шоғырланған Қарағандыны бірінші қарыды. 1932 жылдың өзінде-ақ Ғ.Мүсірепов, М.Дәулетқалиев, Қ.Қуанышев, Е.Алтынбековке қосылып Қазақстан өлкелік партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің үстінен БК(б) ПОК-не хат жазған Қарқаралы округтік партия комитетінің хатшысы М.Ғатаулин ұсталды. Бұл хат тарихта «Бесеудің хаты» деген атпен белгілі. Сол тұста онымен бірге Н.Нұрсейітов, М.Ордабаев, Ж.Баймолдин тұтқындалды. Күзде А.Асылбеков, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, тағы басқалары ұсталып, ату жазасына кесілді.

Бұдан кейін Ә.Мақатов, Ж.Сәдуақасов, М.Тәтімов, Ж.Сұлтанбеков, X.Әміров, О.Беков, X.Жүсіпбеков, Т.Нұртазин, С.Талжанов, Р.Әлсенов, А.Асылбековтің әкесі Мүсәпір, С.Сейфулиннің әкесі Сейфулла, Х.Жетпісбаев сияқты қарттар қамауға алынып, ауыр жазаға ұшырады. Сол жылдары Федорова, Куперман, Мрачковский, Кадаленко, Шедин, Измаилов «тобы» деген «істер» ұйымдастырылып, көптеген адам нақақтан-нақақ жауапқа тартылды. Солардын ішінде Смирнов, Смертюк, Парамонов, Хенкин, Скрипкин, Көрпебаев сияқты жұмысшы гвардиясының көрнекті өкілдері де кетті. Бұлардан басқа «Қарағанды ісі», «Қарқаралы ісі» деген жалған қылмыспен сан қазақ сотталды.

Жалпы ресми дерек бойынша 1932-1951 жылдары Қарағанды облысы мен Қарлагта «үштіктің» үкімімен НКВД бес мыңға жуық адамды атты

P.S.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы дәуір дүрбелеңі – тарихта қалған «қара таңба».

Сорақылығы сол – сұмдық қуғын-сүргінде жасалған адамды азаптау мен қорлаудың барлық түрі келешек үшін керек дүниедей құжатталды.

«Өткен күнде белгі жоқ» деген бекер екен…

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button