Жаңалықтар

«Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты…»

Егеменді еліміздегі халық игілігі жолында тиімді қызметтерін абыроймен атқарып жүрген мамандық иелерінің қатарынан дәрігерлергекөз салсақ, ақ халатын киіп алып, сырқаттанған адам өмірін сақтап қалу үшін араша түсіп жатады. Ұстаздар болса, көз алдындағы партада тапжылмай отырған оқушысын білім нәрімен сусындатып, оларға бар білгенін жеткізуге тырысып бағады. Шахтадағы кеншілер жер астынан көмір кенін қазып алса, мұнайшыларымыз теңіз түбінен мұнайды сүзіп алып, ел экономикасының дамуына зор үлестерін қосып келеді. Жіпке тізгендей тізбектей берсек, мамандықтың әр түрін осылайша сипаттап бере аламыз. Осы орайда, әскери қызметшілердің Отан алдындағы қызметінің орны бөлек. Олардың күнделікті тыныс-тіршілігі еш тоқтауды қаламайды. Әскери киім киген сарбаз бір күннің ішінде немен айналысады?!

Ендеше, соған да бір тоқталайықшы…Қазақстан Республикасы Конституциясының  36-шы бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» – деп, жазылған. Осы Ата заңның қағидалары аясында егеменді еліміздің ер азаматтары әскер қатарына шақырылып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарын толықтырады. Отан алдындағы өздерінің азаматтық борыштарын өтеуге келген сарбаздары қатары алдымен әскери өмірге бейімделіп, жауынгерлік даярлықтың түрлі әскери әдістерін орындауды үйренеді. Отан алдындағы қызметке адал болуға салтанатты түрде Әскери ант қабылдап, әскери міндетті орындауға кірісіп кетеді.

Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев:

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты-

Қырандай күшті қанатты.

Мен жастарға сенемін!….» – депжырлағандай, елі сенген сарбаз

өмірі бозарып атқан таңдағы ұйқыдан тұру кезіндегі қарбаластан басталады.

Әскери киімдерін киіп үлгерген сарбаз ертеңгі жаттығуға дайын болуы тиіс.

   Келесі кезекте таңғы асты ішіп болған соң, жеке құрам таңертеңгілік таралымға сапқа тұрғызылады. Таралымнан соң сарбаздар  әр топқа бөлініп, жауынгерлік даярлықты пысықтау мақсатында теориялық сабақтарға жіберіледі. Жеке құрамға мемлекеттік-құқықтық дайындығы, тактикалық дайындық және арнайы дайындық түрлерінен топ жетекшілері мен оның көмекшілері сабақ береді.

   Жауынгерлік даярлық дәрістері аяқталған соң, сарбаздар түскі асқа жіберіледі. Түстен кейін бөлімше командирлерінің басшылығымен жеке құрам өзіндік дайындық жұмыстарын өткізеді.  

   Сағат 19 00де жеке құрам кешкі асқа жіберіледі. Сарбаздар асханасынан тамақтанып шыққан соң, сарбаздар ертеңгі күнге дайындық жұмыстарымен айналысады. Атап айтар болсақ, жеке құрамның тазалығын сақтау мақсатында сарбаздар өз бетінше жуынады, күнделікті әскери киімнің тазалығын қарайды, аяқ киімдерін тазалайды және тағы да басқа сарбаздың тазалығын сақтаудағы жұмыстарды атқарады.

   Кешкі сағат 21 00де жеке құрам теледидар алдында жиналып, әлем және ел ішіндегі жаңалықтарды көріп тыңдайды.

   Жеке құрам сағат 21 30-да сап түзеп, саптық алаңда кешкі серуенге шығады. Мұнда сарбаздар әскери-патриоттық саптық әндерін орындайды.

   Әскери бөлім кезекшісінің басшылығымен сағат 22 00-де жеке құрамға тізім бойынша кешкі тексеріс жүргізіледі. Күн тәртібіне сәйкес, келесі кезекпен жеке құрам аяқ-қолдарын жуып, түнгі ұйқыға жатады.

   Бұдан бөлек сарбаздар жатақанасында тазалықты сақтау мақсатында күнделікті тазалық кестесіне сәйкес, белгіленген уақытпен жеке құрам тазалық  жасайды. Сондай-ақ, әскери қызметтік міндетті орындау үшін тәуліктік наряд кестесімен жеке құрам күн сайын тәуліктік нарядқа түседі. Сарбаздардың басты міндеті – әскери бөлімге қарасты барлық әскери мекемелер мен нысандарды қырағы күзету.

Жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, жеке құрам белгіленген тәртіпте және бекітілген уақытпен атыс қаруынан ату жаттығуларын өткізіп тұрады.

   Қазақ халқының тарихындағы бабалардан қалған асыл сөздерді зер салсақ, ер жігіт, ер азаматқа қатысты өте көп сын-сипатты ұшырастыруға болады. Мәселен, батырлар жырында еркектің бейнесі «еңсегей бойлы, терең ойлы, өткір көзді, қыр мұрынды, қияқ мұртты, кең иықты, апай төсті, өткір тісті, жуан білекті, қапсағай денелі, бура санды, кең жауырынды, от ауызды, орақ тілді, темірдей саусақты, жау жүректі, сергек ойлы, ширақ қимылды, кескін сөзді, кесек бітімді, қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, көк бөрідей қайсар, қабыландай сұсты, бұландай сүйекті, нардай төзімді, ар алдында ақ, сауысқандай сақ…» деп сипатталады. Расымен де, сарбаз өмірінде шыңдалған әрбір әскери қызметші нағыз ел қорғайтын азамат болып шығатыны рас.

   Қазіргі таңда сарбаздардың әлеуметтік жағдайларына да айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Қолданыстағы әскери техникалар мен қару-жарақтар замануи соңғы үлгіде жасалып, іске қосылуда….

Олай болса, қазақ жігіттері батыр бабамыз батыр да ақын Махамбет Өтемісұлы айтқан «ерлердің ісін» жалғап, «еркек тоқты – құрбандық» деген аталы сөзді жадында сақтағаны абзал.

   «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ, – деп ер қайратыңа мін-дағы өрге бас» – деген еді, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Елдік те, ерлік сияқты сын сағатта танылады. Отаныңды қорғап, еліңнің тыныштығы үшін еңбек етсең, одан асқан бақыт жоқ. Тыныштығы тұрақты елге береке келеді. Сондықтан да, ел тыныштығын қорғап, кірпік қақпай қырағы күзетте тұрған сарбаздарымызды мақтан етіп, олардың Отан алдындағы мінсіз қызметіне лайықты баға беруге тиіспіз! Тәуелсіз Қазақстан халқының тыныштығы мен елдің аумақтық тұтастығын сақтап тұрған сарбаздарымыз барда, егеменді ел армиясының мәртебесі арта беретіндігі сөзсіз!

Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button