Ғарыш төрінен – Арқа жеріне

Кеше Астана уақыты бойынша таңғы сағат 7.14-те «Союз ТМА-20М» тасымалдаушы кемесінің экипаж мүшелері Жезқазған қаласына жақын аймақта Жерге қонды. Ғарышкерлерді қонған жерінен күтіп алуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ барды. Кейін «Сарыарқа» әуежайында аймақ басшысының бірінші орынбасары, РОСКОСМОС ғарышкерлері Алексей ОВЧИНИН, Олег СКРИПОЧКА және NASA ғарышкері Джеффри УИЛЛЬЯМС қатысқан Ресей және АҚШ ғарышкерлерін күтіп алу рәсімі өтті.

Мамандардың айтуынша, ғарыш­керлер түскен жердің ауа райы өте қолайлы болды. Дәрігерлер экипаж мүшелерінің денсаулығын тексеріп, барлығы жақсы екенін жеткізді.

Өздеріңіз білесіздер, Қарағанды өңірі тек кеншілер астанасы ғана емес, сонымен бірге, ғарышкерлермен кездесу аймағы ретінде де кеңінен танымал. Нақ осы жерде алғашқы халықаралық экипаждарды, тұңғыш ғарыш саяхатшыларын қарсы алған. Мұндай әр кездесу біз үшін үлкен оқиға. Ғарыштық қызмет саласындағы халықаралық қарым-қатынасты нығайтуға өз үлесімізді қосуға таптырмас мүмкіншілік. Құрметті ғарышкерлер, сіздер алдарыңызға қойылған мақсаттарды толығымен орындап, түрлі ғылыми зерттеулер, тәжірибелер жүргіздіңіздер. Сондықтан, Қарағанды облысының барлық тұрғындары атынан ғарышқа жасаған сапарларыңыздың сәтті аяқталуымен, жерге аман-есен қонуларыңызбен құттықтап, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеуге рұқсат етіңіздер, – деді Асылбек Дүйсебаев.

Сөз соңында аймақ басшысының бірінші орынбасары ғарышкерлердің иығына шапан жауып, қонаққа көрсетілер кәдесый жасады. Ұзақ мерзімді іссапарда тапсырма орындаған МКС-47/48 экипаж мүшелерінің ғарышта болған мерзімі – 172 тәулікті құрады.

Құрметті экипаж мүшелері, өздеріңіз байқағандай бұл күні ауа райы да жайлы болды. Соның арқасында, іздестіру-құтқару күштері сіздер мінген аппараттың әуеден түсіп келе жатқандығын он мың метр биіктіктен көріп, бақылау жасады. Тіпті, сіздермен байланыс та орнатты. Баршаларыңызды Росавиация атынан ғарыштық экспедицияларыңыздың аяқталуымен құттықтағым келеді, – деді Ресей Федерациясының көлік министрлігіне қарасты әуе көлігі агенттігі басшысының орынбасары Александр Ведерников.

Айта кету керек, бұл сапар кезінде «Союз» ғарыш кемелерінің ТМА-М сериялары өз қызметін аяқтады. Олардың орнына басқарылатын МС сериялы кемелер келді. Тағы бір айта кетерлігі, Олег СКРИПОЧКА 2010 жылы ғарыш сапарына «Союз» ғарыш кемесінің алғашқы болып басқарылған ТМА-М сериясымен аттанған еді. Арада алты жылдан кейін осы сериялы ақырғы кеменің бортинженері болды.

Ғарышкерлер халықаралық ғарыш айлағында болған мерзімде ғылыми-қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелер бағдарламасын орындап, айлақтың жұмыс істеп тұруын қадағалады және жүк тасымалдаушы кемелер жеткізген жабдықтарды орналастырды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.