Қарымды қаламгерге құрмет
Қарымды қаламгер, журналист Төлеубай Ермекбаев – 63 жаста. Журналистика ардагерін туған күнімен облыстық «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда мен еңбек жолы басталған облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымы құттықтады. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов ардагерге «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін тапсырды.
Медиахолдинг директоры Қайрат Әбілда өз сөзінде өңір журналистикасына сіңірген еңбегін айрықша атап өтіп, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті Төлеубай Мансұрұлы, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбек жолыңыз, азаматтық тұғырыңыз қашан да жас журналисттерге үлгі. Репортаждарыңыз өрелі оқырманның әлі есінде. Облыстық газет тарихында ең жас бас редактор болып қалдыңыз. Жас болсаңыз да, сол уақытта газетте еңбек еткен қаламы қарымды, мүйізі қарағайдай жақсы ағаларымыз сізді төрге шығарып, қара шаңырақтың тізгінін сеніп тапсырды. Бейнетіңіздің зейнетін көріңіз! Әрқашан тілекшіміз! – деді.
Холдинг басшысы құттықтауынан кейін туған күн иесінің иығына шапан жауып, құттықтау хатын табыстады.
Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Жәнібек Садықанов Төлеубай Ермекбаевтың кеудесіне «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін тақты.
– Бұл марапатқа әбден лайықсыз! Баспасөз саласына сіңірген еңбегіңіз мол. Жас журналистер өзіңізден үлгі алады! – деді Жәнібек Садықанов.
Жиын соңында туған күн иесі медиахолдинг директоры мен редакция ұжымына алғысын білдірді.
– Халыққа шама-шарқым жеткенше қызмет етемін. Қызмет жолында жақсы-жайсаңдармен, ағалармен бірге жүрдім. Олар маған үйретуден жалықпады. Солардың тәрбиесінің арқасында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алдым. Қашан да «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымына тілектеспін! Газеттің әр санын қалт жібермей оқып отырамын. Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін! – деді Төлеубай Ермекбаев.
Айта кетейік, Төлеубай Ермекбаев 1961 жылдың 10 қазанында Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1984 жылы М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдаған. Еңбек жолын 1986 жылы облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінде басталды. 1988-1989 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің аймақтағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. 1989-1991 жылдар аралығында облыстық «Қарағанды жастары» газетінің тізгінін ұстаған. Жауапты қызметте жүріп шәкірт те тәрбиеледі. Ал, 1991-1995 жылдары облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінде бөлім меңгерушісінен жауапты хатшыға дейін көтерілді. Білімі мен тәжірибесі түгел журналист Арқа баспасөзінің қара шаңырағына бас редактор болып тағайындалған. Осы күнде облыс әкімдігінде елге қызметін жалғастырып жүр. Бірнеше кітаптары жарық көріп, шығармалары ұжымдық жинақтарға енді.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz